Қазір не көп, психолог пен коуч көп. «Ақылын сататын» тренерлер мен психологқа да сұраныс артқан. Қазақ қазір өзгенің ақылына неге зәру боп қалды?
Жүсіпбек Аймауыт­ұлының жан ілімі
1,227
оқылды

Расымен де, «ақылды» «инфосығандарсыз» күніміз қараң ба? «Ең күшті қару – психо­логиялық қару» дей­ді екен. Ендеше, әл­сіз адамдардың пси­хологқа жүгінуі –  заңдылық. Бірақ біз күйзеліске түсіп, қиналған тұста, қандай псхологтың кеңесіне жүгінеміз, мәселе – осында!

«Ақылды» тренерлер туралы тегін айтып отырған жоқпыз. Жан әле­міне саяхат жасаушылар қазақ пси­хологиясының негізін қалаған Жүсіпбек Аймауыт­ұлының кіта­бын парақтап көрді ме екен? Біз бү­гін сұранысқа ие боп отырған психологияның дамуына үлес қос­қан, қазақ психологиясының не­гіз­ін қала­ған Жүсіпбектің жан ілімі­не зерт­теу жасағанды жөн көрдік.   

«Психология» («Пси­қо­ло­ғия») алғаш төте жазумен 1926 жылы Қыз­ыл­ордада басылған. Дәл сол жылы  Мәскеуде «Жан жүйесі мен өнер таңдау» деген де  кітабы  шы­ғады. Екеуі де психо­логияға негіз­деліп жазылған. 207 беттен тұра­тын бұл  кітап та төте жазумен шы­ға­ды. 

Бұл жинақты Алаш қайраткері ақталғаннан кейін, яғни тәуелсіз­дік алған тұста ғана кирилл қар­піне аудару мүмкіндігі туды. 1995 жылы араб қарпінен аударып, жарыққа шығарған – ғалым Алма Ақажа­нова. Жинақты «Рауан» баспасы дайындаған. Кітаптың алғашқы атауы – «Псиқолоғия» деп аталған. Ға­лым екі кітапты қос­ып, жинақ­тап шығарған.  

Қазақ тілінде психология пәні­нің терминдерін қалыптас­тыруда ерекше еңбек сіңірген  Жүсіп­бектің еңбегін ерекше ат­ау­ға болады. Он екі бөлімнен тұр­а­тын, оқу құралы үлгісінде жазылған бұл зерттеу – қазақ тіліндегі осы бағыттағы ал­ғаш­қы жемісті ізденіс болып саналады. 

Тән жанға бағына ма?

Аймауытұлы психология ғы­лымын терең ой, терең білім, терең пәлсәпаға соғатын пән деп береді. «Псиқалоғия, пәлсәпа мә­се­лесі қашаннан дауда, айтыс­та келе жатыр: біреулер псиқало­ғия ­мәселесін затшылдық көзінен тексер­ген. Өзге білімдер затшыл­ды­ққа табанын тіресе де, псиқа­лоғия әлі тіреп, аяғын нық басқан жоқ. Орыс тілінде затшылдық не­­гізіне сүйеніп, мектепке лай­ық­­тап жазылған псиқалоғия  кітап­­тары әлі шыққан жоқ, бар да, із­дену бар; сипалау, жорамал­дау бар. Сондықтан бұл кітапты жазғанда көп қиындыққа душар болдық, діңкеге тиді» деп жазады беташар сөзінде Алаш қайраткері. 

Әңгіме – «псиқалоғияның» жаз­ы­луында емес, оқушы үшін қалай берілгенінде. Ұғынықты, оқырман түсіне алатындай, дәл­ел­­дермен, зерттеулермен жазы­ла­ды. Иә, Жүсіпбек Аймауытұлы үшін психология тосын ғылым. Бірақ мұның қазақ ғылымына қажет екенін сезіне білді. Әрине, бірі педагогиканы, енді бірі ма­тем­ати­ка­ны, тағы бірі астраномия ғы­лым­ын зерттеген Алаш қай­раткер­лерінің жан іліміне, яғни психо­логияға бет бұрмауы мүм­кін емес еді. Олар терең ой мен пәл­сәпаға соғатын пәннің қажет екенін ұғына білді.  

Жан ілімі туралы 300 беттен тұратын жинақтың бәрін таратып жаза алмаспыз. Ғалым еңбегін­дегі бала психологиясы, салт-дәстүр туралы айтқандарына жеке тоқта­луға болады. Бала пси­хологиясын терең меңгеру үшін психолог болу керек екенін «Псиқалоғия» кіта­бынан анық аңғарасың. Аймауыт­ұлы балаға ең бірінші әсер ететін медресе (бүгінгі тілмен айтқанда, мектеп) және тәрбиеші деп санай­ды. Тәрбиеші дегеніміз – мұғалім, ұстаз. Аймауытұлы айтатын тағы бір дүние – өнегелі ортадан бұ­зық мінезді баланың шығуы немесе нашар отбасыдан өнег­елі баланың өсуі мүмкін еке­ні. Өйткені кез кел­ген ба­ланы тәр­биелейтін орта де­генге саяды. Өскен орта, дос-жаран, құрбы-құрдас ықпалы бас­ым бола­тынын, соларға елік­теу­ден  мінез қалыптаса­тынын айтады қайрат­кер. 

Ең қызығы, ғалым  бала тәр­бие­сіне ұлттың салт-дәс­түрі мен салт-санасының да белгілі бір мөлшерде әсері бар екенін ғылы­ми тұрғыда дәлел­деп береді. 

Ой­ын-­сауық, жыр-думанда өскен бала өнерге бейім болады, ал дін­­дар елдің баласы діншіл келе­тінін де жоққа шығармайды.  

Жүсіпбек Аймауытұлы ерек­ше тоқталған нәрсенің бірі – әдет. «Жаман әдеттен құтылуға, жақсы әдетті табуға құнт етсе, шара бар. Ол шара – табандылық, қажыр. Жаңа әдет қонуға не жәрдем бере­тін болса, сонымен пайдаланыңыз; жаңа жол­ға түс­іре­тін жағдайдан шық­паңыз. Ескі әдет маңайла­сатын міндет­терден бойды қашық ұс­таңыз. Өзіңізге өзіңіз уәде беріп, әлеумет алдын­да ант етіп, жаңа жол­ға түсуге қол­дан келген құ­рал­­ды аямаңыз. Осы шарттар күнде орындалып отырса, жаңа әдет жамала бермек, ескі әдет жоғала бермек» екенін жазады. 

Сондай-ақ «адам мінезінің, ақыл-қайратының әртүрлі болуы тәрбиенің түрлі-түрлі болуынан» екенін, «адам баласының ұрлық істеуі, өтірік айтуы, кісі тонауы, өлтіруі сықылды бұзақылықтарды жасауы, тәрбиенің жетіспеген­дігінен» екенін ашып айтады.  

Адамның өзін тануы, өз жол­ын табуы қиын екенін Алаш қайрат­кері «Псиқолоғия» кіта­бын­да мысалға келтіреді. «Жастар тоқсан жолдың торабында, қай жолға түсерін білмей, дағдарды. Егер жазатайым теріс жолға түсіп кетсе, өмірі өкініші кетпейді» дейді. 

Психология – қазақша жазылған тұңғыш кітап

Бұл туралы ғалым, профессор Айгүл Ісмақова осылай дейді. Біз ғалымнан Жүсіпбек  Аймауыт­ұлының психологиясының дәс­түр­мен сабақтастығы туралы сұра­ған едік. Профессор «Псиқа­лоғия» кітабының   адамның жаны мен тәні туралы заманауи ілім бергені­мен құнды екенін айтады. 

«Жүсіпбек Аймауытұлы  – адам­ның жаны мен тәні бірімен- бірі қандай байланыста екені; жан мен тән тазалығын қалай ұстану керектігіне дейін анықтап берген бірегей психолог ғалым.  Бұл пси­хо­логиялық ілім тұңғыш рет қазақ­ша жазылғанымен  құн­ды. Құғын-сүргінде жүрген Жүсіп­бек осындай ғылыми зерт­теу қалдыр­ғанына қайран қала­сың. Жан мен тән ту­ра­лы ғылыми аналитиканы ғалым Абайдың сөздерімен бекітіп отыруы да ерекше: қандай ғылым болсын, оны қазақ тіл­ін­дегі асыл сөзбен бекітіп беріп отыру – біз бүгін жо­ғал­тып алған ғылыми амал. Пси­холо­гия кітабының ерек­ше­лігі: оның тұңғыш рет қазақ тіл­ін­де жаз­ыл­уы; психоло­гиялық тер­мин – пән сөздері қазақша ан­ық­талып берілгені: қазіргі сту­дент­­тер таңғалатындай. Қазақ тілі ғылым тілі екен ғой деп сту­дент­тер конспект жас­ау­да», – дейді ғал­ым.

Оның айтуынша, адамның тәні мен жанына не қажет; адам­дықты ұстану үшін не керек;  тән мен жан туралы қазақ­тың негізі Ислам діні, Ұлы дала­дағы ақыл сөз иелері не деген; Түркі жұрты­ның ұс­танымы қан­дай болған? Осын­дай сауалдар ислами, түр­кілік, қа­зақи әдет, салт-дәстүрмен тығыз бай­лан­ыста берілген: бесік жыры­нан басталып жаз­ыл­ған. 

«Неге бесік жырын тыңдаған баланың тілі ерте шыққан? Он­дай бала ақыл сөзге о баста зәру бол­ған. Ол баланың логикасы да мық­ты болған. Неге анасының бесік жырын тыңдап өскен бала Отаншыл болған. Негізгі ұстан­ым: адамның малдан айрмашы­лығы; тән мен жан қажеттілік­терін анық­тап беру; мұны әуелі отбасы, кейін мектептегі оқу­лықта да сақтау; біл­ім­ді ғибратты етіп беру; адам­ның пайдалы білім алуы; мұғалім, ұстаз алдына кел­ген оқушыға айт­қан әр сөзі мен ілімі үшін жауапты екені; өмір ессіз өтпес үшін не істеу ке­рек­тігіне дейін қазір бір айыр­ылып қалған әдемі қазақ тілімен нақты жазылған», –  дейді профес­сор.

«Психология» кітабының ерек­ше­лігі неде?» деген сауалы­мызға, ғалым: 

«Психологияда пән сөздері – латын терминдері шамалы сақ­тал­­ғанымен, 99 пайыз ғылыми дис­курс қазақ тілінде қалыптас­қан. Студенттерім таңғалады: қа­зақ тілі нақты ғылым тілі екен ғой? Неге қазір ресми құжаттар шұбатылған калькаланған тілмен жазылады? Оқыған адам түсін­бей­тіндей қазақ тілі неге осындай болып кеткен? Психологияда осыдан жүз жыл бұр­ыңғы әлемдік деңгейдегі  жал­пы­­адамзаттық ғылым, тарих пен мәдениет қам­тылған: салыстыр­малы түрде. Бір­ақ қазақтың ұлт­тық тәрбиесі негізге алынған. Бұл басты мәсе­ле етілген. Жүсіпбек Аймауытұлы келешекте Тәуелсіз қазақ жеріне ие болатын өзі ар­ман­дап кеткен ұрпаққа қажетті адами тәрбиені: оның жаны мен тәніне ие бола­тын негізді ұстан­ым­ды нақты, соқырға таяқ ұстат­қандай етіп берген. 

Қазіргі студенттерім «Бұл кі­­тап туралы неге білмегенбіз, бұл құн­ды мұра неге мектепте оқы­тыл­­маған?» деп қайран қалады. Жүс­іп­бектің «Психологиясы» қазіргі қазаққа қалдырған аман­аты деуге әбден болады. Адам болып қалу үшін не істеу керек? Адам жаны мен тәніне не қажет? Неге тәнін ғана күтіп сақтағандар, біржақты ессіздіктен тән қажет­тіліктерімен ғана шектеліп өмір сүргенін біл­мей өтеді? Адамдық­ты ұстану үшін Тәнді  Жанға неге бағындыру ке­рек? Қалай бағын­дыру керек? 

Қазақ неге «Арым – жаным­ның садағасы» деген? Осындай ақылды, асыл сөздер кітапта реті­мен орынды келтірілген. Бір сту­дентім: «Жүсіпбек Аймауыт­ұлы «Пси­­хологиясын» мектепте оқы­ғандар ешқашан қазіргідей кор­руп­ционер болмас еді: тек ішіп, жегенді қумас еді» деп жазды.

Сту­денттерім мектепте оқу керек еді деп өкінеді» , – дейді ғалым.

 

P.S.

Алаш ардақтысы  Жүсіпбек Аймауытұлы мұның бәрін ХХ ғасыр басында жазды. Арада бір ғасыр өткенде әлеуметтік желі арқылы «ақыл сататындар» көбейді. Жұртшылыққа қалай даму керек екенін үйретіп, пәлсәпа соғатындар қайраткердің «Психология» туралы кітабын парақ­тап көрді ме екен?! Тіпті, «инфосығандардың» дәрісіне елітетіндер ақы­лы курсқа емес, «Психология» кітабына неге үңілмейді деп ойлайсың.  Тіп­ті, бұл кітап олардың біраз ақыл-кеңесіне жарайтыны анық еді.

Гүлзина БЕКТАС