Расымен де, «ақылды» «инфосығандарсыз» күніміз қараң ба? «Ең күшті қару – психологиялық қару» дейді екен. Ендеше, әлсіз адамдардың психологқа жүгінуі – заңдылық. Бірақ біз күйзеліске түсіп, қиналған тұста, қандай псхологтың кеңесіне жүгінеміз, мәселе – осында!
«Ақылды» тренерлер туралы тегін айтып отырған жоқпыз. Жан әлеміне саяхат жасаушылар қазақ психологиясының негізін қалаған Жүсіпбек Аймауытұлының кітабын парақтап көрді ме екен? Біз бүгін сұранысқа ие боп отырған психологияның дамуына үлес қосқан, қазақ психологиясының негізін қалаған Жүсіпбектің жан іліміне зерттеу жасағанды жөн көрдік.
«Психология» («Псиқолоғия») алғаш төте жазумен 1926 жылы Қызылордада басылған. Дәл сол жылы Мәскеуде «Жан жүйесі мен өнер таңдау» деген де кітабы шығады. Екеуі де психологияға негізделіп жазылған. 207 беттен тұратын бұл кітап та төте жазумен шығады.
Бұл жинақты Алаш қайраткері ақталғаннан кейін, яғни тәуелсіздік алған тұста ғана кирилл қарпіне аудару мүмкіндігі туды. 1995 жылы араб қарпінен аударып, жарыққа шығарған – ғалым Алма Ақажанова. Жинақты «Рауан» баспасы дайындаған. Кітаптың алғашқы атауы – «Псиқолоғия» деп аталған. Ғалым екі кітапты қосып, жинақтап шығарған.
Қазақ тілінде психология пәнінің терминдерін қалыптастыруда ерекше еңбек сіңірген Жүсіпбектің еңбегін ерекше атауға болады. Он екі бөлімнен тұратын, оқу құралы үлгісінде жазылған бұл зерттеу – қазақ тіліндегі осы бағыттағы алғашқы жемісті ізденіс болып саналады.
Тән жанға бағына ма?
Аймауытұлы психология ғылымын терең ой, терең білім, терең пәлсәпаға соғатын пән деп береді. «Псиқалоғия, пәлсәпа мәселесі қашаннан дауда, айтыста келе жатыр: біреулер псиқалоғия мәселесін затшылдық көзінен тексерген. Өзге білімдер затшылдыққа табанын тіресе де, псиқалоғия әлі тіреп, аяғын нық басқан жоқ. Орыс тілінде затшылдық негізіне сүйеніп, мектепке лайықтап жазылған псиқалоғия кітаптары әлі шыққан жоқ, бар да, іздену бар; сипалау, жорамалдау бар. Сондықтан бұл кітапты жазғанда көп қиындыққа душар болдық, діңкеге тиді» деп жазады беташар сөзінде Алаш қайраткері.
Әңгіме – «псиқалоғияның» жазылуында емес, оқушы үшін қалай берілгенінде. Ұғынықты, оқырман түсіне алатындай, дәлелдермен, зерттеулермен жазылады. Иә, Жүсіпбек Аймауытұлы үшін психология тосын ғылым. Бірақ мұның қазақ ғылымына қажет екенін сезіне білді. Әрине, бірі педагогиканы, енді бірі математиканы, тағы бірі астраномия ғылымын зерттеген Алаш қайраткерлерінің жан іліміне, яғни психологияға бет бұрмауы мүмкін емес еді. Олар терең ой мен пәлсәпаға соғатын пәннің қажет екенін ұғына білді.
Жан ілімі туралы 300 беттен тұратын жинақтың бәрін таратып жаза алмаспыз. Ғалым еңбегіндегі бала психологиясы, салт-дәстүр туралы айтқандарына жеке тоқталуға болады. Бала психологиясын терең меңгеру үшін психолог болу керек екенін «Псиқалоғия» кітабынан анық аңғарасың. Аймауытұлы балаға ең бірінші әсер ететін медресе (бүгінгі тілмен айтқанда, мектеп) және тәрбиеші деп санайды. Тәрбиеші дегеніміз – мұғалім, ұстаз. Аймауытұлы айтатын тағы бір дүние – өнегелі ортадан бұзық мінезді баланың шығуы немесе нашар отбасыдан өнегелі баланың өсуі мүмкін екені. Өйткені кез келген баланы тәрбиелейтін орта дегенге саяды. Өскен орта, дос-жаран, құрбы-құрдас ықпалы басым болатынын, соларға еліктеуден мінез қалыптасатынын айтады қайраткер.
Ең қызығы, ғалым бала тәрбиесіне ұлттың салт-дәстүрі мен салт-санасының да белгілі бір мөлшерде әсері бар екенін ғылыми тұрғыда дәлелдеп береді.
Ойын-сауық, жыр-думанда өскен бала өнерге бейім болады, ал діндар елдің баласы діншіл келетінін де жоққа шығармайды.
Жүсіпбек Аймауытұлы ерекше тоқталған нәрсенің бірі – әдет. «Жаман әдеттен құтылуға, жақсы әдетті табуға құнт етсе, шара бар. Ол шара – табандылық, қажыр. Жаңа әдет қонуға не жәрдем беретін болса, сонымен пайдаланыңыз; жаңа жолға түсіретін жағдайдан шықпаңыз. Ескі әдет маңайласатын міндеттерден бойды қашық ұстаңыз. Өзіңізге өзіңіз уәде беріп, әлеумет алдында ант етіп, жаңа жолға түсуге қолдан келген құралды аямаңыз. Осы шарттар күнде орындалып отырса, жаңа әдет жамала бермек, ескі әдет жоғала бермек» екенін жазады.
Сондай-ақ «адам мінезінің, ақыл-қайратының әртүрлі болуы тәрбиенің түрлі-түрлі болуынан» екенін, «адам баласының ұрлық істеуі, өтірік айтуы, кісі тонауы, өлтіруі сықылды бұзақылықтарды жасауы, тәрбиенің жетіспегендігінен» екенін ашып айтады.
Адамның өзін тануы, өз жолын табуы қиын екенін Алаш қайраткері «Псиқолоғия» кітабында мысалға келтіреді. «Жастар тоқсан жолдың торабында, қай жолға түсерін білмей, дағдарды. Егер жазатайым теріс жолға түсіп кетсе, өмірі өкініші кетпейді» дейді.
Психология – қазақша жазылған тұңғыш кітап
Бұл туралы ғалым, профессор Айгүл Ісмақова осылай дейді. Біз ғалымнан Жүсіпбек Аймауытұлының психологиясының дәстүрмен сабақтастығы туралы сұраған едік. Профессор «Псиқалоғия» кітабының адамның жаны мен тәні туралы заманауи ілім бергенімен құнды екенін айтады.
«Жүсіпбек Аймауытұлы – адамның жаны мен тәні бірімен- бірі қандай байланыста екені; жан мен тән тазалығын қалай ұстану керектігіне дейін анықтап берген бірегей психолог ғалым. Бұл психологиялық ілім тұңғыш рет қазақша жазылғанымен құнды. Құғын-сүргінде жүрген Жүсіпбек осындай ғылыми зерттеу қалдырғанына қайран қаласың. Жан мен тән туралы ғылыми аналитиканы ғалым Абайдың сөздерімен бекітіп отыруы да ерекше: қандай ғылым болсын, оны қазақ тіліндегі асыл сөзбен бекітіп беріп отыру – біз бүгін жоғалтып алған ғылыми амал. Психология кітабының ерекшелігі: оның тұңғыш рет қазақ тілінде жазылуы; психологиялық термин – пән сөздері қазақша анықталып берілгені: қазіргі студенттер таңғалатындай. Қазақ тілі ғылым тілі екен ғой деп студенттер конспект жасауда», – дейді ғалым.
Оның айтуынша, адамның тәні мен жанына не қажет; адамдықты ұстану үшін не керек; тән мен жан туралы қазақтың негізі Ислам діні, Ұлы даладағы ақыл сөз иелері не деген; Түркі жұртының ұстанымы қандай болған? Осындай сауалдар ислами, түркілік, қазақи әдет, салт-дәстүрмен тығыз байланыста берілген: бесік жырынан басталып жазылған.
«Неге бесік жырын тыңдаған баланың тілі ерте шыққан? Ондай бала ақыл сөзге о баста зәру болған. Ол баланың логикасы да мықты болған. Неге анасының бесік жырын тыңдап өскен бала Отаншыл болған. Негізгі ұстаным: адамның малдан айрмашылығы; тән мен жан қажеттіліктерін анықтап беру; мұны әуелі отбасы, кейін мектептегі оқулықта да сақтау; білімді ғибратты етіп беру; адамның пайдалы білім алуы; мұғалім, ұстаз алдына келген оқушыға айтқан әр сөзі мен ілімі үшін жауапты екені; өмір ессіз өтпес үшін не істеу керектігіне дейін қазір бір айырылып қалған әдемі қазақ тілімен нақты жазылған», – дейді профессор.
«Психология» кітабының ерекшелігі неде?» деген сауалымызға, ғалым:
«Психологияда пән сөздері – латын терминдері шамалы сақталғанымен, 99 пайыз ғылыми дискурс қазақ тілінде қалыптасқан. Студенттерім таңғалады: қазақ тілі нақты ғылым тілі екен ғой? Неге қазір ресми құжаттар шұбатылған калькаланған тілмен жазылады? Оқыған адам түсінбейтіндей қазақ тілі неге осындай болып кеткен? Психологияда осыдан жүз жыл бұрыңғы әлемдік деңгейдегі жалпыадамзаттық ғылым, тарих пен мәдениет қамтылған: салыстырмалы түрде. Бірақ қазақтың ұлттық тәрбиесі негізге алынған. Бұл басты мәселе етілген. Жүсіпбек Аймауытұлы келешекте Тәуелсіз қазақ жеріне ие болатын өзі армандап кеткен ұрпаққа қажетті адами тәрбиені: оның жаны мен тәніне ие болатын негізді ұстанымды нақты, соқырға таяқ ұстатқандай етіп берген.
Қазіргі студенттерім «Бұл кітап туралы неге білмегенбіз, бұл құнды мұра неге мектепте оқытылмаған?» деп қайран қалады. Жүсіпбектің «Психологиясы» қазіргі қазаққа қалдырған аманаты деуге әбден болады. Адам болып қалу үшін не істеу керек? Адам жаны мен тәніне не қажет? Неге тәнін ғана күтіп сақтағандар, біржақты ессіздіктен тән қажеттіліктерімен ғана шектеліп өмір сүргенін білмей өтеді? Адамдықты ұстану үшін Тәнді Жанға неге бағындыру керек? Қалай бағындыру керек?
Қазақ неге «Арым – жанымның садағасы» деген? Осындай ақылды, асыл сөздер кітапта ретімен орынды келтірілген. Бір студентім: «Жүсіпбек Аймауытұлы «Психологиясын» мектепте оқығандар ешқашан қазіргідей коррупционер болмас еді: тек ішіп, жегенді қумас еді» деп жазды.
Студенттерім мектепте оқу керек еді деп өкінеді» , – дейді ғалым.
P.S.
Алаш ардақтысы Жүсіпбек Аймауытұлы мұның бәрін ХХ ғасыр басында жазды. Арада бір ғасыр өткенде әлеуметтік желі арқылы «ақыл сататындар» көбейді. Жұртшылыққа қалай даму керек екенін үйретіп, пәлсәпа соғатындар қайраткердің «Психология» туралы кітабын парақтап көрді ме екен?! Тіпті, «инфосығандардың» дәрісіне елітетіндер ақылы курсқа емес, «Психология» кітабына неге үңілмейді деп ойлайсың. Тіпті, бұл кітап олардың біраз ақыл-кеңесіне жарайтыны анық еді.
Гүлзина БЕКТАС