Ел ағасы бірер жыл бұрын «Еңбек даңқы» орденін иеленген.
42 жыл  бойы ауыр техника жүргізген ауыл азаматы мамандығын мақтан етеді
1,539
оқылды

Рақымғали Сәрсенбаев – Құрманғазы ауданының тұрғыны. Ол 42 жылдан бері аралас жол машинасының жүргізушісі болып еңбек етіп келеді, – деп жазады Aikyn.kz.

Қазіргі уақытта Атырау – Астрахан  тасжолының 830-893 шақырымын күтіп ұстау учаскесінде ауыр көлік жүргізушісі болып еңбек етіп жүрген ақсақал мамандығын мақтан ететінін айтады.

«Мен тізгіндеген ауыр техника қыс мезгілінде жолды жауған қардан тазалап, асфальтқа инертті материалдар төгуге қолданылады.  Негізгі жұмысымыз таңғы сегізден кешкі алтыға дейін. Бірақ күн райы бұзылып жатса, түнде, таңда жұмысқа шыға береміз. Бұрын Атырау – Астрахан жолы жөндеу көрмеген уақытта жолда техника жүргізу қиындықтар тудыратын еді. Қазір қиын күндер артта қалды. Жаңа көлігім автоматтандырылған», – дейді ақсақал.

«Еңбек даңқы орденімен» наградталған ақсақал санаулы күндерден соң құрметті зейнет демалысына шыққалы отыр. Талай көліктің бұралаңы көп жолдан аман өтуіне себепкер болған ақсақал екі баланың әкесі. Ұлы өрт сөндіруші, соның ішінде бөлім командирі болып қызмет етуде. Қызы тұрмыста. 42 жылдан бері табан аудармай жол саласында еңбек етіп келген Рақымғали Сәрсенбаев болашақта немере-жиендері ізін жалғап, жол саласында қызмет етуді таңдаса қуанатынын айтты.

Баян Жанұзақова, Атырау облысы