Қазақстанда археологтер 30 мың жыл бұрынғы артефактілерді тапты. Бұл артефактілер Ориньяк мәдениетіне тән құралдар саналады. Олардың жасы шамамен 31-28 мың жылды құрайды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Azattyq Rýhy жазғандай, Солтүстік Тянь-Шань тауларының етегінде археологтер Еуропада кеңінен таралған Ориньяк мәдениетіне тән өңдеу техникасымен жасалған құралдарды анықтады. Бұл мәдениет алғаш рет Испания, Франция, Бельгия және Англияда табылған. Кейінірек ұқсас артефактілер Кавказ, Таяу Шығыс және Орта Шығыста табылды.
Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы Ұзынағаш 1 және 3 тұрақтарынан табылған бұл құралдар ориньяктық нуклеус (құралдарды немесе олардың дайындамаларын қашау үшін қолданылатын ядро), доға тәрізді скребкалар және басқа да арнайы құралдардан тұрады. Зерттеулерді Ә.Марғұлан атындағы Археология институты мен Ресей Ғылым академиясының Археология институтының бірлескен тобы жүргізді.
«Бұл жаңалықтар Қазақстанның тарихына және ежелгі адамдардың тіршілік ету құралдарын зерттеуге үлкен үлес қоса алады», – дейді зерттеушілер.