Қарағанды әкімі қала тұрғындарына Четская көшесінің бойындағы жолға жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып қалғанын, өзі де бұл хабарды асыға күтіп жүргенін хабарлады.
"Енді маған ұрыспайсыздар": Қарағанды әкімі қала тұрғындарына үндеу жасады
Фото:gov.kz
284
оқылды

Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Қожықов әлеуметтік желідегі парақшасында қала тұрғындары үшін маңызды жазба жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz әкімнің Instagram-дағы парақшасына сілтеме жасап.

Қарағанды әкімі қала тұрғындарына Четская көшесінің бойындағы жолға жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып қалғанын, өзі де бұл хабарды асыға күтіп жүргенін хабарлады.

"Алақай! Достар, енді маған ұрыспайсыздар, соған өте қуаныштымын! Мен де бұл жаңалықты қатты күттім. Четская көшесіндегі күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып қалды. Өте қуаныштымын",  – деп жазды әкім.

Мейрам Қожықовтың айтуынша, бұған дейін бұл аумақта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Дүйсембеков көшесінен Бұқар жырау даңғылына дейін айналма көшеден өтетін жол ашылған.

"Жөндеу жұмыстары неге кешіктірілгенін түсіндірейін, біріншіден, жол өте ұзақ – 4,5 шақырым. Бұл бір жаз маусымы үшін өте көп. Мұндай жобаны жүзеге асыру біздің климаттық жағдайымызды ескеріп, мемлекеттік сараптаманың қорытындысы 20 айға созылады. Екіншіден, жол астындағы бастапқы зерттеу кезінде көрінбеген көптеген желіні таптық. Болашақта апат бола қалса, жаңа жол жамылғысын бұзбау үшін оларды басқа жерге көшірдік. Үшіншіден, екі жерүсті жылу компенсаторын жерастына ауыстыру көп уақытты қажет етті. Төртіншіден, жаңбыр суының жаңа жүйесін орнаттық. Бесіншіден, көше қиылыстарын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп, сыртқы жарықтандырудың жаңа желісін орнаттық",  – деді әкім.

Қожықовтың айтуынша, алдағы жылы Қарағандыда тек тротуарларды абаттандыру жұмыстары жүргізілмек.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.