25 қазан – Республика күніне орай ұйымдастырылған «AMANAT» партиясының кубогіне арналған «AMANAT CUP» XХIІ Республикалық пікірсайыс турнирі аяқталды. Қызылорда қаласында бастау алған турнирдің ақтық сайысы тартысты өтіп, ең мықтылар анықталды.
«AMANAT CUP» пікірсайыс турнирі аяқталды
858
оқылды

«AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанаты мен Ұлттық пікірсайыс федерациясы ұйымдастырып жатқан турнирдің финалдық ойындарына Парламент Мәжілісінің депутаттары Самат Нұртаза, Болат Керімбек, Максим Рожин, журналист, «Уәде» тележобасының авторы Ерболат Мұхамеджан, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов, «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов және «Жастар Рухы» төрағасы Ақерке Искандерова, сондай-ақ жергілікті мәслихат депутаттары мен қоғам белсенділері қатысты.

Турнирдің Америкалық парламенттік фор­мат ойындарының финалында «Қор­қыт ата» фракциясы – Жакен Нұрхан, Жакен Нұркен (Алматы қаласы мен Ақтөбе облысынан құрылған команда) мен «Ақес­пе» фракциясы – Әлішбаев Мұхаммедәлі, Есенов Темірлан (Алматы қаласы) кубокты ортаға салса, Линкольн-Дуглас форматында Жәкен Нұркен мен Есенов Темірлан үздік спикерлікке таласты.

Ақтық сайыста төрешілік еткен журналист, «Уәде» тележобасының авторы Ерболат Мұхамеджанның айтуынша, зияткер, сөзге шешен жастардың пікірін ашық білдіруіне мүмкіндік беру керек дейді:

– «AMANAT CUP» бұл – пікір­сайыс үшін дұрыс дәстүр қалыптастырып келе жатқан турнир. Ерекшелігі – жыл сайын Қазақстанның әр өңірінде өтуі. Бұл әр аймақта пікірсайыстың дамуына деген серпін. Осы сынды турнир көп болуы керек, әрі қарай дамуы керек. Тек «AMANAT» партиясы ғана емес, басқа да партиялар күш жұмылдырып, ықпал етуі керек деп ойлаймын. Болашақ мықты саясаткерлерді, кадрларды қалыптастаруда пікірсайыстың маңызы зор, – деді Ерболат Мұхамеджан.

Екі күнге жалғасқан ойын нәтижесі бойынша қазақ лигасында «AMANAT CUP» кубогы мен 600 000 теңгені Алматы қаласының «Ақеспе» фракциясы (Әлімбаев Мұхаммедәлі, Есенов Темірлан), 400 000 теңгемен ІІ орынды Алматы қаласы мен Ақтөбе облысынан құралған «Қорқыт ата» фракциясы (Жәкен Нұрхан, Жәкен Нұркен), ал Алматы облысынан «Райым» фракциясы (Бейсенәлі Құбыла, Жақсылық Ботагөз) жүлделі ІІІ орын мен 200 000 теңгені қанжығаларына байлады. 

Сонымен қатар орыс лигасында кубок пен 600 000 теңгені Павлодар облысының «Қосжар» фракциясы (Жақсылык Бекхан, Итегулов Ақылжан), астаналық «Құмбазар» (Ролан Мұхитжан, Құнанбай Бердалы) 400 000 теңгемен ІІ орынды, ал жүлделі ІІІ орын мен 200 000 теңгені Қызылорда облысының «Амангелді» фракциясы (Бекжан Айзере, Төлебай Ердаулет) қанжығаларына байлады. 

Жастар қанаты әзірлеген турнирде Темірлан Есенов (қазақ лигасы), Жақсылык Бекхан (орыс лигасы) «Үздік спикер» номинациясын, «Үздік төреші» атағын қазақ лигасынан Архат Сарсенбаев пен орыс лигасынан Айжан Орынбасар иеленді.

2024 жылғы «AMANAT CUP» жеңімпазы, «Ақеспе» фракциясының спикері Темірлан Есенов турнирден алған әсерімен бөлісті:

«Биылғы «AMANAT» партиясының кубогіне арналған «AMANAT CUP» XХIІ Республикалық пікірсайыс турнирі қатысушылар арасында өте тартысты өтті. Осыған дейін өзге өңірлерде өткен турнирлерге қатысқан болатынмын. Міне, биыл кубокты иелену бұйырған екен. Жо­ғары ұйымдастырушылық деңгей мен әділ төрешілік үшін «Жастар Рухы» және Ұлттық пікірсайыс федерациясына рахметімді айтамын. Шын мықтылар сөз таластырған қызықты турнирге куә болдық. Сөзге шешен, тәуелсіз пікірі қалыптасқан жастар қатары көбейе берсін», – деді Т. Есенов.

Турнир үшінші жыл қатарынан «Жастар Рухы» серіктесі Ислам ынтымақтастығы ұйымы Жастар форумының Еуразиялық өңірлік орталығының қолдауымен өтуде.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Қазақстанның барлық аймағынан келген пікірсайысшылар Қызылорда қаласында 3 000 000 теңге көлеміндегі ақшалай жүлдеқор мен кубокқа таласты. Турнирде 120 жас­тан жиналған 60 фракция (қазақ-орыс) Британды, Америкалық және ЛД форматында ойнады .

Әсет САМАТҰЛЫ