2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қазан – Республика күнін қайтаруды ұсынып, оған "ұлттық мейрам" мәртебесін берген болатын.
Республика күні – елдегі ұлттық мейрам
Фото: istockphoto.com/ru
1,134
оқылды

"Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек. Енді бұл мейрамды күллі ел болып жаңа мазмұнда атап өтетін боламыз. Қайта жаңғырған Республика күні – бұл халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін аса маңызды тарихи қадам", – деген болатын Мемлекет басшысы.

Заңға енгізілген соңғы өзгерістерге сәйкес, Республика күні – елдегі ұлттық мейрам. Бұл мерекені қалай түсінетіні жайлы түрлі маман иелерінен сұрастырдық. 

–  Республика күні – бұл біздің мемлекетіміздің тәуелсіздігі мен дербестігіне қол жеткізген тарихи сәтті білдіретін маңызды мереке. Ел Егемендігі туралы декларация қабылданған күн – Тәуелсіздігіміздің негізі, бастамасы. Мен үшін бұл күн ел азаматтарының бірлігі мен ортақ құндылықтарға деген адалдығын көрсететін ерекше символ. Республика күнін біз тек қана мереке ретінде емес, сонымен қатар еліміздің өткені мен бүгінін және болашағын терең ұғыну мүмкіндігі деп түсінуіміз керек. Бұл күн – ұлт ретінде қалыптасып, дамуға, тәуелсіздікке қол жеткізудің жемісін көрсетеді. Әрбір мемлекет үшін республика құру – бұл үлкен тарихи шешім, ол азаматтардың құқықтарын қорғауға, еркіндігін қамтамасыз етуге және демократиялық құндылықтарды дамытуға бағытталған. Сол себепті, бұл күн біздің бірлігімізді, патриоттық рухымызды және тәуелсіздігімізді құрметтеуге негізделген.

Бұл мерекенің жастарды тәрбиелеуде маңызы зор. Ел ішінде ерекше атап өту арқылы кейінгі ұрпақтың бойында сүйіспеншілік, патриоттық сезімін оята аламыз. Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақты нығайтуға қосқан елеулі үлесі мен белсенді қоғамдық қызметі үшін бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапаттады. Тәуелсіздік алған жылдардан бері еліміздің жоғары білім, ғылым, денсаулық сақтау сияқты әлеуметтік салалары бойынша ауыз толтырып айтарлықтай жетісікке жеттік. Әр салада цифрландыруды, жасанды интеллектті дамыту қарқынды жүзеге асырылып келеді. Жоғары оқу орындары арасындағы халықаралық рейтингтерде жақсы көрсеткіштерге жеттік. Елімізде адами капиталдың дамуына аса көңіл бөлінуде. Орташа өмір сүру ұзақтығы Тәуелсіздік жылдарында алғаш рет 75 жастан асты. Бұл жетістіктерге еліміздің егемендігінің арқасында жетіп отырмыз. Бүгінде Қазақстанның әлемдік аренадағы орны ерекше. 

Республика күні – әрбір азаматқа өз Отаны үшін жауапкершілікті сезіну қажеттігін, ел болашағына ортақ үлес қосу маңызды екенін еске салатын шақ. Біз осы тарихи жолда ата-бабаларымыздың қажырлы еңбегін, күресін, арманын ұмытпай, олардың бізге қалдырған аманатына адал болуымыз қажет. Қазақ халқының жүріп өткен жолы, тәуелсіздікке жетудегі батыл қадамдары бізге болашаққа үлкен сеніммен қарауға мүмкіндік береді. Сондықтан, Республика күні – тек өткенге тағзым ғана емес, сонымен қатар болашақ ұрпақ үшін жарқын әрі әділетті қоғам құруға деген ұмтылысымыздың айқын көрінісі. Ұлық мейрам – Республика күніне орай жоғары наградалармен және Мемлекеттік сыйлықпен марапатталған әріптестерді шын жүректен құттықтаймын! Елімізді дамытуға қосқан үлестеріңіз елене берсін!, –  деді DrPH ғалым, ҚР Ғылым және жоғары білім экс-вице-министрі, Nazarbayev University ассистент профессоры Қуаныш Ерғалиев.

– Республика күні – еліміздің басты және жалғыз ұлттық мерекесі. Ұлттық мереке деп – тарихи маңызы жоғары, Қазақстанның мемлекеттігіне ерекше ықпал еткен оқиғаларды атаймыз. Ең әуелі біз өткенімізді еске алып, болашағымызды бағдарлаймыз. Бұл – халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін аса маңызды тарихи қадам, – дейді Қызылорда облысы ТЖД “Жедел құтқару жасағы” РММ Қызылорда қаласы Құтқару бөлімшесінің бас құтқарушысы Еркін Әмірханов.

– Республика күні – Қазақстанның тәуелсіздік жолындағы маңызды белесі. Бұл күні еліміздің саяси жүйесі мен мемлекеттік құрылымының негіздері қаланып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары ресми түрде танылды. Республика күні – ұлттық бірліктің, патриотизмнің және елдің келешегіне деген сенімнің символы. Сондықтан бұл мереке әрбір Қазақстан азаматы үшін үлкен маңызға ие, еліміздің өткенін, бүгінін және болашағын біріктіретін қуатты рухани күш, – дейді Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ 3-курс студенті Амина Айтбай.

– 25 қазан – бұл еліміздің ұзақ жолындағы тағы бір белес. Бұл күн, дәл бір өзеннің ағысындай, өткенімізден бастау алып, болашағымызға қарай ұмтылуымызды еске салады. Әр кезең – судың ағынындай – бізді жаңа бағыттарға алып шығып, ортақ мақсатқа жақындатып келеді. Мен үшін бұл күн өзімнің осы ағыстағы орнымды және алға жылжуымның мәнін айқындатып жаңа белестерді белгілейтін күндей қабылдаймын, – деді USTEM Foundation қорының мүшесі, басшының ассистенті Салауат Демеут.

– Еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін өзіміздің Туымыз, Елтаңбамыз, Әнұранымыз бекітілді. Осы қасиетті рәміздеріміздің мәнін – Республика күнін бүгінгі және жас ұрпақ жіті түсініп, бағалай білуі керек. Бұрынғы тарихты парақтасақ, ұғатынымыз әлі де көп. Осы ұлттық мереке күні еліміздің түкпір-түкпірінде халықты бірлікке, отансүйгіштікке шақырар мерекелік шаралар өтіп, жұрттың ауызбіршілігін оятып, бәрінің басын бір жерге тоғыстырады. Сондықтан балабақшада да мереке қарсаңында түрлі мәдени шаралар, көрмелер, концерттер арқылы ұлттық мәдениетімізді насихаттап, баланың бойына сіңіруге тырысып бағудамыз, – дейді Алматыдағы №85 бөбекжай-балабақшасының тәрбиешісі Бибігүл Нұралиева.

– Еліміздің ең басты мейрамы – Республика күні құтты болсын! Бұл – қазақтың мемлекеттілік дәстүрі қайта жаңғырған тарихи күн. Бұл – Алаш арыстарының азаттық жолындағы арпалысы ақталған күн. Ел жадында сақталу үшін жыл сайын ауқымды көлемде атап өтуін үзілмей, ұрпақтан ұрпаққа жалғасуы керек, – дейді Қызылорда облысы ТЖД “Жедел құтқару жасағы” РММ Қызылорда қаласы Құтқару бөлімшесінің бас құтқарушы-психологі.