2024 жылы 14 391 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 142,7 мың этникалық қазақ оралды.
"Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың 45,8%-ы Қытайдан, 39% – Өзбекстаннан, 5,9% – Моңғолиядан, 5,2% – Түрікменстаннан, 2,9% – Ресейден және 1,2% басқа елдерден. Осы жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 57,6%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 33,1%-ды және зейнеткерлер 9,3%-ды құрайды. Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 17,9%-ы жоғары білімді, 24,4%-ы орта кәсіби білімді, 54,4%-ы жалпы орта білімді, және 3,3% білім жоқ. Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды, – делінген хабарламада.
Сонымен бірге, қандастарды қоныстандыру үшін мынадай еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.
Қоныстандыру өңірлерінде 2024 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 3 033 адамды құрайды. 2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 2 477 қандас қоныс аударды.
Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады – бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (258,4 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (55,3-ден 110,7 мың теңгеге дейін) мөлшерінде.
Жыл басынан бері 2140 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 575 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.
Сонымен қатар ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында азаматтарды солтүстік өңірлерге қоныс аударуға қатысатын жұмыс берушілерді қолдау бойынша институционалдық шаралар қабылданды. Тұрғын үй сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50%-ы немесе бір отбасына 4,28 млн теңгеге дейін мөлшерінде біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз негізде енгізілді.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылда пилоттық режимде Қазақстан елшіліктері арқылы «бір терезе» қағидаты бойынша қандас мәртебесін беру тетігі іске асырылды. Пилоттық жоба шеңберінде елімізге бару, жұмыс орны, тұрғын үй беру мүмкіндіктері туралы мәселені шешуге және республика аумағына кірмей-ақ қандас мәртебесін алуға болады. Бүгінгі таңда этникалық қазақтардан жаңа форматта 19 022 өтініш қабылданды.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.