Ақтауда жоғалып кеткен 15 жастағы қыз аман-есен табылды. Ол 16 қазаннан бері іздестіріліп жатқан еді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Жасөспірімнің табылғаны жөнінде қалалық Полиция басқармасы мәлімдеді.
– Ақтау қаласы Полиция басқармасы криминалдық полиция қызметкерлері жасөспірімді ата-анасының арызы негізінде іздеу жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде жоғалған қыз 22 қазан күні Жаңаөзен қаласынан табылды, – делінген хабарламада.
Бұған дейін Ақтауда 15 жастағы жасөспірім таңертең колледжге кетіп, қайтып оралмағаны туралы хабарлаған болатынбыз. Іздестіру жұмыстарын полицейлер мен "LIDER.KZ" еріктілер тобы жүргізді.