Мақта зауыттары алдыңғы жылдары 1 квт пайдаланылған электр энергиясына – 27 теңге төлесе, 2024 жылдан бастап 1 квт – 37 теңге төлеп отыр.
Мәселені тез арада шешпесек, диқандардың күнкөрісі төмендеп кетуі мүмкін - Темір Қырықбаев
731
оқылды

Мәжіліс депутаты, "AMANAT" партиясының депутаты Темір Қырықбаев Түркістан облысында мақта шаруашылығымен айналысатын диқандардың жыл сайын көтеретін мәселесіне қатысты Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғаринге сауал жолдады, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Депутаттың мәліметінше, бүгінде мақта шаруашылығында 25 мың агроқұрылым бар. Онда Жетісай, Мақтаарал, Шардара, Сауран, Ордабасы, Арыс, Отырар, Бәйдібек, Келес аудандарының тұрғындары жұмыс істейді, яғни 70 мыңға жуық адам осы мақта арқылы күн көріп отыр. 

- Елімізде тоқыма және тігін өнеркәсібі дұрыс жолға қойылмағандықтан, шитті мақтаны сату бағасы экспортқа тәуелді болуда. Сол себепті, Түркістан өңірінде мақта бағасының тұрақсыздығы егемендігімізді алған жылдан бері еш шешілмей келеді. Бұл мәселе бойынша диқандар Үкімет үйіне, Парламент қабырғасына, Ауылшаруашылық министрлігіне талай рет барды, алайда мәселенің шешімі табылар емес. 

Бүгінде  биржа индексі 84,5 бірлікті құрап отыр, теңге бағасына шаққанда тоннасы 238 мың теңгені құрайды. Мақта нарығына шетелдік компаниялардың (трейдерлік) қызығушылықтарының төмендігінен, шитті мақтаны қабылдау бағасы биыл тоннасына 150-190 мың теңгеге болжамдалған. 

Мәселен, басқа мемлекеттерде өндірілген өнімнің сатылым бағасындағы шығынның айырмашылығы мемлекет есебінен төленіп отыр. Осы  тәжірибені  біздің мемлекетімізде мақта дақылын өсіріп жинаумен айналысатын шаруаларға енгізіп, мақтаға жұмсалған шығынды мақта бағасындағы айырмашылығын мемлекет есебінен төлеп отыруды қолданысқа енгізу қажет деп санаймын. 

Сонымен қатар Түркістан өңірінде мақта өңдеу зауыттары өндірістік шығындарды төмендетіп, өнімді сатып алу құнын ұлғайту бойынша Мақта өңдеу зауыттарына (ОКЭД 13 101) электр энергиясын көтерме бағада сату жөнінде өз ұсыныстарын білдіруде. Мақта зауыттары алдыңғы жылдары 1 квт пайдаланылған электр энергиясына – 27 теңге төлесе, 2024 жылдан бастап 1 квт – 37 теңге төлеп отыр. 

Көтерме бағаны пайдалану үшін орташа тәуліктік (базалық) қуаттың кемінде 1 МВт көлемін тұтыну керек. Алайда облыстағы мақта өңдеу зауыттары мұндай көлемде электр энергиясын пайдаланбағандықтан, аталған жеңілдікті пайдалану мүмкіндіктері жоқ. Сондықтан 1 МВТ шектік норманы 0,5 МВТ дейін төмендету керек шығар?!

Тағы айта кететін жайт, Түркістан облысында қауын-қарбыз, қырыққабат егіншілігімен айналысатын шаруалар осы егуге жұмсалған шығындарды өтей алмай жүр. 

Осы және мақта мәселесін тез арада шешпесек, диқандардың күнкөріс деңгейі төмендеп кетуі әбден мүмкін, ал бұл өз кезегінде жақсылыққа апармайтыны анық, - деді депутат.