Республика күні қарсаңында Ұлттық музейде «Шырқа, даусым» атты дәстүрлі әндер байқауы өтті. Бұл шара Музей педагогикасы және балалар шығармашылығы бөлімінің «Шаңырақ» жобасы аясында ұйымдастырылды.
Дәстүрлі әндер байқауы өтті
415
оқылды

Байқауға Астана қаласының 6-9-сынып оқушылары қатысты. Олар жанды дауыста дәстүрлі әндерді орындады. Дәлірек айтқанда, қазақтың халық әндері, Кенен Әзірбаевтың, Бәкір Тәжібаевтың, Ғарифолла Құрманғалиевтің, Алтынбек Қоразбаевтың шығармалары шырқалды. Әділқазылар алқасы мәдениет және өнер қайраткерлері, музей қызметкерлерінен құралды. 

«Қазақ халқының рухани құндылықтары ішінде мақтаныш етер бай мұрасының бірі – дәстүрлі әндер. Бүгін Ұлттық музей бірінші рет дәстүрлі ән байқауын өткізіп жатыр, бұдан кейін жыл сайын тұрақты түрде өтетін болады. Бізде талантты жастар көп, бүгін домбырамен жанды дауыста ән тыңдаймыз. Көзге түскен қабілетті балаларға әрі қарай концерттік бағдарламаларға қатысуға, музыка мектебіне түсуге, өнермен кәсіби деңгейде шұғылдану жөнінде бағыт-бағдар береміз. Яғни, бұл жас таланттарды іздейтін конкурс», – деді Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі Бекболат Байсағатов.

Байқау нәтижесінде С.Мәуленов атындағы №37 мектеп-лицейінің оқушысы Аружан Атымтай Ғ.Құрманғалиевтің «Әнші даусы» әнімен бас жүлдені жеңіп алды. №26 мектеп-гимназиясының оқушысы, Майраның әнін шырқаған Әнел Шаяхметова І орын, №56 мектеп-лицейінің оқушысы Архат Ербатыр ІІ орын иеленсе, А.Құнанбайұлы атындағы №85 мектеп-лицейінің оқушысы Алуа Сейілхан ІІІ орынға лайықты болды.