Қай салада болмасын, жұмысшы мамандықтарының еткен еңбегі ерен. Олар мекеменің негізгі қозғаушы күші сана­лады.
Жүзден жүйріктер дара шықты
296
оқылды

Әсіресе, өндіріс саласында жұмысшыларға жүк­те­лер жауапкершілік жүгі ауыр. Сондықтан олардың көзсіз ерліктері сөзсіз жоғары құрметке лайық. Жұмысшыларын компанияның басты іргетасы деп санап, оларды үнемі ынталандырып отыратын магистралдық газ құбырының ұлттық операторы – «Интергаз Орталық Азия» акционерлік қоғамы жыл сайын Қазақстан бойынша барлық филиалдарының жұмысшылары арасында «Үздік маман» кәсіби шеберлік байқауын өткізіп отырады. Биылғы кезекті іс-шара «Тараз» магистралдық газ құбырлары басқармасы филиалының өндірістік объектілер базасында болып өтті.

Жалпы, 2006 жылдан бері дәстүрлі өткізіліп келе жатқан байқауға биыл Ал­маты, Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Қостанай, Орал, Қарағанды, Қызылорда, Шымкент және Тараз қаласынан 90-нан астам үміткер қатысып, бақ сынасты. Айта кету керек, аталған үміткерлер – өз аймақтық өндірістік фил­иалдарында алдын ала сынақтан өтіп, жүзден жүйрік шыққандар. Олар барлығы 13 мамандық: технологиялық компрессорлар машинисі, технологиялық қондырғыларды жөндеу слесарі, желілік құбыр өткізуші, газ тарату стансасының операторы, газ өндіру, ұңғымаларды зерттеу операторлары, жерасты құбырларын тоттанудан қорғау монтері, электр жабдықтарын жөндеу және қызмет көрсету электрмонтері, электр газбен дәнекерлеуші, газбен кесуші, бақылау өлшеу аспаптары және автоматика слесарі, ұңғымаларды күрделі жөндеу бұрғылаушысы, ұңғымаларды күрделі жөндеу бұрғылау­шысының көмекшісі аталымдары бойынша өздерінің білімі мен біліктіліктерін қатар таразыға салып, бақ сынасты. 

Байқаудың ашылу салтанатында «Тараз» магистралдық газ құбырлары басқармасы филиалының директоры Ғалымжан Сағын­таев сөз алып, қатысушыларға сәттілік тіледі. «Жыл сайын «Интергаз Орталық Азия» мекемесінде дәстүрлі түрде өткізілетін «Үздік маман» байқауы биыл Тараз қаласында ұйымдастырылып отыр. Бұл іс-шара, ең алдымен, мамандарымыздың біліктігін арттыруға зор ықпалын тигізеді. Сондықтан да бүгінгі байқау үздіктердің үздігін анықтайтын, тәжірибе алмасатын алаң десек те болады. Қыс айларының қаһарлы боранына, жаздың аптап ыстығына қарамастан, аянбай еңбек етіп, халықты газбен қамтамасыз етуге барынша күш-жігерін салып жүрген жұмысшы мамандары­мызға сәттілік тілеп, алғысымды айтқым келеді! Бүгінгі додада жүзден жүйріктер дара шықсын!», – деді филиал директоры. 

Өз кезегінде сөз тізгіндеген «Интергаз Орталық Азия» АҚ Қызметкерлерді басқару және еңбекақы төлеу департаментінің директоры Әлия Чегреева да ыстық лебізін білдірді. «Жыл сайын үздік маман иесін анықтау біз үшін маңызды. Себебі мұндай байқаулар жұмысшылардың жігерін жанып, жұмысқа деген ынтасын арттыра түседі. Егер биыл бағы жанбаса, келер жылы тағы да бақ сынап көруге мүмкіндіктері бар. Өз­ара достық әрі әріптестік байланысқа үндеген байқауда қатысушылар тәжірибе алмасып, жұмысты жүргізудің жаңа қыр­ларын да тани түспек. Сондықтан бұл бай­қау­дың беделі мен берері мол», – деді Әлия Жеңісқызы. 

Қазір елімізде газ тасымалдау саласы маңызды рөл атқарып тұрғаны анық. Сондай-ақ соңғы онжылдықтың бе­дерінде қарқынды даму жолында. Осыған орай «Интергаз Орталық Азия» мекемесі жұмысшылар үшін барлық қолайлы жағ­дайды жасап, жастарды оқытуға арнайы қаржы да салуда. 

Кәсіби жұмысшылардың шеберліктерін шыңдайтын байқаудың басты шарты – әр жұмысшы өз деңгейі мен сапалы жұмысын көрсетіп, тапсырманы тиянақты орындау болды. Екі күнге созылған додада үміткерлер теориялық және практикалық білімдерін, дәрігерге дейінгі шұғыл көмек көрсету бойынша қабілеттерін шыңдай білді. Сондай-ақ өндірістік алаңда жұмысшы­лардың тәжірибелік қасиеттерін анықтап, қауіпсіз тәсілдердің қолданылуын қамта­масыз ету бойынша сынға түсті. Осылайша, тартысты өткен байқаудың төрелігін әділ қазылар алқасы жария етіп, әрбір аталым бойынша жеңімпаздар марапатқа ие болды. Оларға дипломдар тапсырылып, жоғары кәсіби шеберліктері үшін жалақыларына жылдық үстемеақы белгіленді. 

Ал жалпыкомандалық есепте байқаудың басты олжасы – «Үздік маман» ауыспалы кубо­гы ең көп ұпай жинап жеңіске жеткен «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Шымкент» магистралдық газ құбырлары басқармасы филиалына табысталды. 

Иә, тіршіліктің тайқазанында қайнап, шарболаттай шыңдалған еңбек адамдарына қандай құрмет көрсетсе де жарасады. Бұл тұрғыда «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ның жұмысын ерекше бағалап өткен жөн. Додадан дара шыққандардың білігі мен шеберлігі кейінгілерге үлгі болғай.

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы