Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында сотталушы Т.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Т.-ға ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағымен (мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамға теңестірілген адам бола тұра, өзінің қызмет бабын пайдаланумен ұштастыра отырып өзіне сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін аса ірі мөлшерде иеленіп алу) айып тағылған.
Т. №46 «Ақбөпе» бөбекжай балабақшасының есепшісі қызметін атқарып жүріп, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамға теңестірілген адам бола тұра қызмет бабын пайдаланумен ұштастырып, коммуналдық және өзге төлемдерді жасау барысында ақшаны артығымен есептеп, артық соманы өзінің шотына аударып, жалпы сомасы 15 миллион теңгеден астам ақшаны иемденіп алып, мемлекетке аса ірі мөлшерде залал келтірілген.
Сотталушының тағылған айып бойынша кінәсі іс бойынша жинақталған құжаттармен дәлелденеді.
Прокурор сотталушыға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Жәбірленуші өкілі жаза бөлігінде соттың құзырына қалдырады.
Сотталушы кінәсін мойындап, бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұрады.
Жаза тағайындау барысында сот сотталушының қылмыстық жауапкершілігін жеңілдететін мән-жайлар ретінде істеген іс-әрекетіне шынайы өкініш білдіруін, келтірген залалды толық өтеуін, асырауында жасөспірім бес баласы болуын таныды, ауырлататын мән-жайлар жоқ.
Т. ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағымен кінәлі деп танылып, оған мемлекеттік қызметте және мемлекеттік ұйымдарда лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып ҚК-нің 55-бабының 4,6-бөліктері негізінде 2 (екі) жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енбеді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.