Өзбекстан ІІМ Қоғамдық қауіпсіздік департаментінің мәліметінше, квадробинг субмәдениетіне еліктейтін жастар Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің «Ұсақ бұзақылық» бабы бойынша жауапқа тартылады.
Өзбекстанда кәмелетке толған квадроберлер 15 тәулікке қамалуы мүмкін
798
оқылды

Өзбекстанда квадробинг субмәдениетімен әуестенетін кәмелетке толғандар енді 15 тәулікке дейін қамалуы мүмкін, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

Өзбекстан ІІМ Қоғамдық қауіпсіздік департаментінің мәліметінше, квадробинг субмәдениетіне еліктейтін жастар Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің «Ұсақ бұзақылық» бабы бойынша жауапқа тартылады. Атап айтқанда, оларға 3-5 базалық есептік шама аралығында (88,5 доллардан 147 долларға дейін) айыппұл салынады немесе 15 тәулікке дейін қамауға алынады.

Ведомствоның баспасөз қызметінен атап өткендей, кейінгі уақыттарда жануарлардың бетпердесін киіп, солардың іс-қимылын қайталайтын жастар көбейе бастаған.

квадроберлер
Фото: Өзбекстан ІІМ Қоғамдық қауіпсіздік департаменті

Мәселен, Ташкентте квадробинг субмәдениетімен әуестенетін екі жасөспірім итке еліктеп, адамдарға шабуыл жасаған. Тиісінше, одан балалар мен тұрғындар секем алды. Кейін құқық қорғау органдарының қызметкерлері қоғамдық тәртіпті бұзған тұрғындардың ата-анасымен сөйлесіп, оларға бала тәрбиелеу міндетін орындамағаны үшін 1,8 млн сум (шамамен 147 доллар) айыппұл салынуы мүмкін екенін ескертті.

Еске салайық, бұған дейін Өзбекстанның құқық қорғау органдары квадроберлердің ата-анасына айыппұл салынатынын ескерткен еді.

Айта кетсек, жануарға еліктеп, соның іс-қимылын қайталап, дауысын салып, олардың азығын жейтіндер квадробер деп аталады. Квадробингтің негізін қалаған – жапондық Кеничи Ито. Ол 2008 жылы төрт тағандап жүруден 18 секундта 100 метрді бағындырып, әлем назарын өзіне аударды. Кейін әлеуметтік желінің арқасында бұл субмәдениет ретінде көпке танылды.