Екі ел арасындағы өзара тиімді серіктестікті одан әрі ілгерілету және ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеру үшін бізбен күш-жігер біріктіруге дайын екенін жеткізді.
Қазақстан Президентінің атына Республика күніне орай құттықтау жеделхаттары келіп жатыр
1,380
оқылды

Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына ұлттық мереке – Республика күніне орай шет мемлекеттердің басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен құттықтау хаттары келіп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин жеделхатында екі ел арасындағы қарым-қатынас стратегиялық серіктестік және одақтастық рухында табысты дамып жатқанына, сондай-ақ Мәскеу мен Астана түрлі көпжақты құрылымдар аясында белсенді байланыс орнатқанына тоқталды.

– Бірлескен күш-жігеріміз арқылы халықтарымыздың игілігі және Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту жолында екіжақты ынтымақтастықтың барлық бағытын одан әрі жандандыра түсетінімізге сенімдімін, – деп жазды Владимир Путин.

Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанның өңірлік және халықаралық деңгейде ықпалы арта түскенін атап өтіп, бұл жетістіктерге тату көрші, жан-жақты стратегиялық серіктес ретінде өз халқының шынайы қуанатынын айтты.

– Екі ел арасындағы өзара тиімді серіктестікті одан әрі ілгерілету және ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеру үшін Сізбен күш-жігер біріктіруге дайынмын, – деп жазылған ҚХР Төрағасының жеделхатында.

Америка Құрама Штаттарының президенті Джозеф Байден Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстан халқына жолдаған құттықтау жеделхатында елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік тәуелсіздік, аумақтық тұтастық сияқты Біріккен Ұлттар Ұйымының қағидаттарына негізделгеніне назар аударған.

– Аталған қағидаттарды берік ұстанған Қазақстанмен қауіпсіздік, экономика және экология мәселелерін шешу жолындағы бірлескен жұмысты жалғастыруға мүдделіміз, – деп жазды Джозеф Байден.

Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Королі III Чарльз Қазақстанмен ықпалдастықты жоғары бағалап, елдеріміз бейбітшілік, қоршаған ортаны қорғау, климаттың өзгеруі сияқты жаһандық маңызды мәселелер бойынша орнатқан тығыз байланысты жалғастыратынына сенім білдірді.

Франция президенті Эмманюэль Макрон өзінің құттықтауында екі елді көпжақты ынтымақтастық біріктіретінін айтты.

– Біз түрлі құрылымдар аясындағы байланысымызды бекітіп, серіктестігіміздің көкжиегін кеңейте түсеміз деп үміттенемін, – деп жазған Франция президенті.

Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған бауырлас халықтар арасындағы қарым-қатынас ортақ тіліміз бен тарихымыздан және мәдениетімізден қуат ала отырып, одан әрі тереңдей түсетініне кәміл сенетінін атап өткен.

– Қазақстанның түркі әлемінің бірлігіне ерекше мән беруін және Түркі мемлекеттері ұйымын нығайтудағы жетекші рөлін жоғары бағалаймыз, – делінген Түркия Президентінің жеделхатында.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев өз құттықтауында Қазақстанда ауқымды өзгерістер орын алып, мемлекет пен қоғам өмірінің барлық саласында кешенді әрі жүйелі реформалар жүргізіліп жатқанын және елдің халықаралық аренадағы абырой-беделі арта түскенін айтқан.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров тәуелсіз ел болған сәттен бастап бауырлас Қазақстан мемлекеттің іргесін нығайту, саяси және әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан даму, белсенді сыртқы саясат жүргізу ісінде айтарлықтай табысқа қол жеткізгеніне тоқталған. Сондай-ақ екі ел арасындағы ынтымақтастық одан әрі дами беретініне сенім білдірген.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон стратегиялық серіктестік пен одақтастық қағидаттарына негізделген достық пен өзара тиімді байланыстарды одан әрі нығайтуға дайын екенін мәлімдеген.

Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов түрікмен-қазақ ықпалдастығы көптеген бағытта жанданып келе жатқанына баса мән беріп, оған жоғары деңгейдегі ашық әрі достық диалог оң әсер етіп отырғанын жазған. Еліміздің ұлттық мерекесіне орай жылы лебізін Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов те жолдады.

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев жеделхатында өз елінің Қазақстанмен сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салаларда нәтижелі серіктестікті дамытуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниетті екенін жеткізді.

Сонымен қатар құттықтау жеделхаттарын Қос киенің сақшысы, Сауд Арабиясының Королі Салман бен Әбделазиз Әл Сауд, Сауд Арабиясының Тақ мұрагері, Премьер-министрі Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл Сауд, Рим Папасы Франциск, Жапония Императоры Нарухито, Марокко Королі VI Мұхаммед, Бахрейн Королі Хамад бен Иса Әл Халифа, Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ, Нидерланд Королі Виллем-Александр, Бельгия Королі Филипп, Швеция Королі Карл Густав, Испания Королі VI Фелипе, Таиланд Королі Маха Вачиралонгкорн, Германияның Федералдық президенті Франк-Вальтер Штайнмайер, Үндістан президенті Драупади Мурму, Корея Республикасының президенті Юн Сок Ёль, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Италия президенті Серджо Маттарелла, Швейцария президенті Виола Амхерд, Чехия президенті Петр Павел, Словакия президенті Петер Пеллегрини, Португалия президенті Марселу Ребелу де Соза, Иран президенті Масуд Пезешкиан, БАӘ президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян, Мысыр президенті Әбдел Фаттах Ас-Сиси, Индонезия президенті Прабово Субианто, Палестина президенті Махмуд Аббас, Сингапур президенті Тарман Шанмугаратнам, Аустрия президенті Александр Ван дер Беллен, Финляндия президенті Александр Стубб, Хорватия Президенті Зоран Миланович, Болгария президенті Румен Радев, Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Армения президенті Ваагн Хачатурян, Литва президенті Гитанас Науседа, Латвия президенті Эдгарс Ринкевичс, Эстония президенті Алар Карис, Албания президенті Байрам Бегай, Израиль президенті Ицхак Герцог, Вьетнам президенті Кыонг Лыонг, Румыния Президенті Клаус Вернер Йоханнис, Кипр Президенті Никос Христодулидис, Оңтүстік Африка Республикасының президенті Матамела Сирил Рамафоса, Сербия президенті Александр Вучич, Ирак Премьер-министрі Мұхаммед Шиа әл-Судани, БАӘ Вице-президенті, Премьер-министрі, Дубай әміршісі шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактум, БАӘ вице-президенті, Премьер-министрдің орынбасары, Президент Әкімшілігінің басшысы шейх Мансұр бен Заид Әл Нахаян, Канаданың генерал губернаторы Мэри Саймон, Еуропалық Кеңестің президенті Шарль Мишель, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының Бас хатшысы Чжан Мин, Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиев, Татарстан Раисы Рустам Минниханов және басқалары жолдады.

Құттықтау жеделхаттары әлі де келіп түсіп жатыр.