2024 жылғы 1 қазанға жағдай бойынша, жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 13 707 шетел азаматы еңбек етеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Еңбек және халықты әоеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, шетел жұмыс күшін (бұдан әрі – ШЖК) тартуға рұқсаттардың арасында мынадай санаттар бар: басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 548 рұқсат (бірінші санат), құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 2 503 рұқсат (екінші санат). Тартылған ШЖК негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше олар 4 874 және 861 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 1 586 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 3 335 адам тартылды.
Қазіргі уақытта Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 1 799 жұмыс беруші бар. Оларда 390,2 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 96,6%-ы.
Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтіндер құрылыс саласында – 5 144 адам, ауыл, орман және балық шаруашылығы – 1 638 адам, әкімшілік және көмекші қызметтер – 1 439, өңдеу өнеркәсібі – 1 376 адам, тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу – 1 344 адам.
Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай – 4 600 адам, Өзбекстан – 1 698 адам, Түркия – 1 145 адам, Үндістан – 1 101 адам.
Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілейді және бөледі. 2024 жылы жалпы квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 0,23% немесе 21,5 мың бірлік мөлшерінде белгіленді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.