2025 жылдан бастап Қазақстанда онлайн микрокредит рәсімдеу кезінде қауіпсіздік талаптары күшейтілетін болды. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді.
Микрокредит рәсімдеу күшейтіледі
1,055
оқылды

Ұлттық банк басшысының айтуынша, келер жылдан бастап онлайн микрокредит рәсімдеу кезінде биометриялық сәйкестендіру мен электрондық цифрлық қолтаңбаны қатар қолдану міндетті болады. 

«Онлайн микроқарыздарды рәсімдеу кезінде 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап биометриялық сәйкестендіруді, сол сияқты электрондық цифр­лы қолтаңбаны (ЭЦҚ) да бір мезгілде міндетті түрде қолдану талабы енгізіледі. Сондай-ақ мик­ро­қаржы ұйымдары (МҚҰ) үшін клиент ақша аударғанға дейін оған банктік шоттың немесе төлем картасының тиесілігін сәйкестендіру талап етіледі», – делінген жауапта. 

Бұдан басқа банктер төлемдер мен аударым­дарды жүзеге асыру барысында клиенттің мобильді нөміріне тексеру кодын жібереді. Осылайша, клиентті үш факторлы тексеру жүзеге асырылады. Сонымен қоса, Қаржы нарығын реттеу және дамы­ту агенттігі банктерге онлайн кредиттер рәсімдеген кезде өтінім берілгеннен кейін келесі күннен кешіктірмей оны мақұлдауға кеңес берді, осылайша клиент өзіне алаяқтар мәжбүрлеп берген кредиттен бас тарта алатын «шешімді өзгерту» кезеңі енгізіледі. 

Ұлттық банк басшысы азаматтардың несие алудан өз еркімен бас тарту құқығы бар екенін еске салды. Қазір бұл мүмкіндікті шамамен 700 мың қазақстандық пайдаланды.