Әлеуметтік саланың әлеуетін арттырып, халықтың қолын ұзартқан нысандар қатарында дәрігерлік амбулатория, ауылдық клуб, ауылдық әкімдік, саябақ және басқа да жергілікті жұрт үшін орны бөлек, аса қажетті орындар бар.
Облыс орталығымен қоңсылас қоныстанған, жасыл желегі мол, егіншілік саласы еселеп дамып, жеміс шаруашылығы аймақтың шырайын келтіріп, шаруасын шалқытып тұрған Ескелді ауданында мереке қарсаңында екі бірдей нысан пайдалануға берілді. Атап айтқанда, руханиятқа сусап жүрген жергілікті жұртшылықтың талай жылғы тілегі қабыл болып, Жалғызағаш ауылында жаңа блокты-модульді ауылдық мәдениет клубы ашылса, алға жылжыған жылдармен бірге қанатын кеңге жайып келе жатқан Қаратал ауылында блокты-модульді ауылдық әкімдік пайдалануға берілді.
Сол сияқты тау бөктеріндегі Текелі қаласы тұрғындарының денсаулық сақтау қызметіне деген қолжетімділігі жақсара түсті. Кейінгі жылдары халқының саны тұрақтап қана қоймай, аздап болса да бұрынғы қалпына келіп қалған кеншілер шаһарында дәрігерлік амбулатория ашылды. Көксу ауданындағы ірі елді мекендердің бірі Мұқыры ауылында да күрделі жөндеуден кейін қайта іске қосылған медициналық мекеме халыққа қызмет көрсетуге кірісті.
– Мұқыры ауылында туып-өстім. Ата-анам да осында баяғыдан тұрады. Ертеректе ауылымызда медпункт болған, сосын фельдшерлік-акушерлік пункт салынды, кейін 80-жылдары дәрігерлік амбулатория тұрғызылды. Дегенмен соңғы жылдары тозығы жеткен, жөндеу көрмеген денсаулық сақтау нысаны ғимаратының елге қызмет көрсетуі тым күрделеніп, қиындап кеткен болатын. Әсіресе, қысты күндері жұртшылық қатты қысылатын. Міне, сол мәселе ақыры шешімін тапты. Мереке қарсаңында жаңарып, жаңғыртылған нысан қолданысқа беріліп отыр. Қан қысымым жоғары болғандықтан, амбулаторияда есепте тұрамын. Дәрігерлеріміз білікті, есептегі емделуші ретінде дәрілерімізді тегін, уақытылы алып тұрамыз, – дейді мұқырылық тұрғын Жұмаділ Жолдыбаев.
Қазір Мұқыры ауылында 3,5 мың адам тұрады, сондықтан мұндағы медициналық нысанды жаңартып, қызмет көрсету сапасын арттырудың маңызы аса зор. Мемлекет қолдауының арқасында денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғыртумен қатар кадрлық мәселелер де ретімен шешімін табуда.
– Медициналық жоғары оқу орнын бітіргеніме бір жыл болды. Ауылға жұмыс істеуге келдім, оған еш өкінбеймін. Адамдарға шамам жеткенше сапалы дәрігерлік көмек көрсетуге тырысамын. Қайта жаңғырып, жаңартылған амбулаторияда жергілікті тұрғындар көңілінен шығатындай медициналық қызмет көрсетуге барлық жағдай жасалған, қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Ауылдастарыма дәрігерлік көмегім тиетініне қуаныштымын, – дейді жас маман, жалпы тәжірибе дәрігері Арайлым Шаханбекова.
Жоғарыда жазғанымыздай, облыста мерекеде қоныстойлары да көп болды. Өңірдегі Қаратал, Көксу, Панфилов аудандарында жалпы саны 70 отбасы жеке үйлерге ие болды. Көксу ауданындағы Жарлыөзек және Балпық би ауылдарында 17 үйдің, Қаратал ауданының орталығы Үштөбе қаласында 23 үйдің, Панфилов ауданының орталығы Жаркент қаласында екі пәтерлі 15 үйдің кілті тапсырылды.
– Көпбалалы ретінде кезекте тұрғанмын. Биыл кезегіміз келіп, үйлі болып жатырмыз. Бес балам бар, үлкені – он жаста, кішісі – бір жарым жаста. Күйеуім Кербұлақ ауданындағы цемент зауытында жұмыс істейді. Өзім бала күтімімен үйде отырмын. Балалармен пәтерден пәтерге көшіп жүру қаржылық жағынан да, моральдық жағынан қиын болып еді. Енді үйлі болып, қоныстой қуанышына жеттік. Үйіміз ұнады, кең, жарық, жылы, балаларымның несібесі ғой, – дейді жаңа қоныс иесі, Жарлыөзек ауылының тұрғыны Руқия Райым.
Болат АБАҒАН,
Жетісу облысы