Алматы облысында Республика күні мерекесінде бірқатар жаңалық болды. Баспаналы болып, қоныстойын тойлағандар саны да біраз.
Ауылда спорт кешені ашылды
232
оқылды

Сонымен бірге білім, спорт, денсаулық сақтау салаларында да жұрттың жүрегіне жылы әсер сыйлаған жақсы істер жүзеге асырылды. Солардың бірі ретінде халық саны мен алып жатқан аумағы бойынша  облыстағы ғана емес, еліміздегі ең ірі аудандардың бірі Еңбекшіқазақ ауданының Ащысай ауылындағы тұрғындар жылдар бойы күткен 50 орындық заманауи спорт кешенінің  салтанатты жағдайда ашылғанын атап өткен жөн. Жергілікті жердегі  инфрақұрылымды дамытудағы елеулі қадам болып саналатын  және ауыл  тұрғындарының спортпен шұғылдануына, белсенді демалуына жаңа мүмкіндіктер ашатын нысанның іске қосылуы қалың бұқараны қатты қуантты.

Ащысайлықтардың мереке кезіндегі қуанышын бөлісуге келгендер қатарында Алматы облысы әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов те болып, өңір жетекшілерінің лебізін жеткізді: «Еліміздің даму­ында да елеулі жаңа­лықтар бар. Сон­ың арқасында жергілікті жұрттың мұқ­таждықтарын шешуге қатысты нақты қадамдар жасалуда. Ауыл тұрғындарының, оның ішінде жастардың бос уақытын мәнді де, пайдалы етіп өткізуіне қолдау көрсетілуде. Ащысайда заманауи спорт кешенінің жұмысқа кірісуін сол бағытта қолға алынған жұмыстардың нәтиже­лерінің бірі деуге болады. Жаңа спорт кешенінің саналы ұрпақ тәрбиелеп, саламатты ұлт қалыптастыратын орта­лыққа айна­латыны сөзсіз! Соған сай алдағы кезде бұл кешеннен халқымызды әлемге танытар атақты чемпиондар шы­ғуы­на тілектеспін!» – деді облыс әкімінің орынбасары.  

Ащысайдағы спорт кешені Алматы облысы Құрылыс басқармасының тапсырысымен салыныпты. Құрылысты жүргізген бас мердігер – «СМУ Шығыс» ЖШС. Кешеннің құрылысы 2023 жылы басталып, бір жарым жыл ішінде аяқ­талып,  спорттық шараларды ұйым­дастыруға байланысты қойылатын барлық талапқа сай заманауи нысанға айналды. Жалпы ауданы 1538,6 м² болатын кешенде  бокс, күрес, волейбол, баскетбол, футбол және гандбол залдары бар.

Құрылыстың жалпы құны – 907, 2 млн теңге. Жаңа спорт кешенінің ашылуы ауылда қосымша жұмыс орнын ашып қана қоймай, жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасын да айтарлықтай жақсартуға ықпал етеді. Кешен, ауыл тұрғындары мен жастардың денсаулығын нығайтуға, денешынықтырумен айнал­ы­суға арналған  спорт түрлерімен шұғылданатын орталық ретінде халыққа қызмет көрсетеді. Сонымен қатар мұнда жастар мен ересектер арасында спортты насихаттауға арналған жарыстар, оқу-жаттығулар және басқа да іс-шаралар өткізіледі. Нақтырақ айтқанда, жаңа нысан тың бастамалар мен жарқын жобаларды жүзеге асыратын орынның бірі болары анық. 

Ащысайдағы жаңа спорт нысаны жергілікті тұрғындарды қуанышқа бөлеп қана қоймай, Алматы облысының спорт инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған маңызды қадам болып саналады. Спорт кешенінің ашылуы ауылда спорт пен белсенді өмір салтын табысқа жеткізу үшін жаңа мүмкіндік береді, бұл ауылдың болашағы үшін жасалған жарқын да нық қадам болып отыр.

Болат АБАҒАН,

Алматы облысы