Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан – баршаға және баршаға. Қазір және мәңгі» сайлауалды бағдарламасында қазақстандықтарды сапалы баспанамен қамтамасыз ету және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын кешенді жаңғырту бойынша бірқатар нақты міндет белгіледі.
Шымкентте пәтер кілті тапсырылды
215
оқылды

Президент 2029 жылға дейін республика бойынша апатты жағдайдағы 1 500 тұрғын үйді бұзып, иелеріне жаңа пәтер беруді тапсырды.

Осыған орай, қала әкімінің тапсырма­сымен Шымкент қаласының тұрғын үйлерін жаңарту бағдарламасын жүзеге асыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қазір мегаполисте 2 мыңнан астам көпқа­батты тұрғын үй бар, оның 70 пайыздан аста­мы жарты ғасырдан астам бұрын салынған және апатты жағдайдағы тұрғын үйлер. Бүгінде қалада осындай 134 тұрғын үй бар. Сүрілмес бұрын тұрғындардың толық келісімін алу керек.

Республика күні мерекесі қарсаңында Shymkent City шағынауданында қала әкімі бағдарлама шеңберінде тұрғындарға пәтер кілттерін табыс етті. Айналма өткеліндегі тұрғын үйлердің бірі сүрілуге жататын нысан­дар тізіміне енгізілген. Бұл ғимарат 60 жылдан астам уақыт бұрын салынған және заманауи қауіпсіздік пен энергия тиімділігін арттыру талаптарына сәйкес келмейді. Мұндай үйлер тұрғындардың өміріне ғана емес, айналадағы инфрақұрыл­ымға да қауіпті саналады. 

Бағдарлама шарты бойынша апатты үйлердің иелері жаңа ғимараттан көлемі мен бөлмелері бірдей пәтер алады. Сонымен қатар жаңа пәтер алдыңғысынан орташа есеппен 20 м² үлкен. Тұрғындар есептегіш­терге қосымша ақы төлемейді. Тұрғын үй заманауи талапқа сай әрленген. Бағдарламаны іске асыру азаматтарды сапалы тұрғын үймен қамтамасыз етуге, қаланың сәулеттік келбетін жасауға, экологиялық жағдайды жақсартуға, сондай-ақ инженерлік инфра­құрыл­ымды жаңғыртуға мүмкіндік береді.

Дәл осы күні шымкенттік 304 отбасы мемлекеттік бағдарлама аясында қоныстойын тойлады. Салтанатты кілт тапсыру рәсіміне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, қуаныш иелерін құттықтады. 

Ұлық мереке  қарсаңында пайдалануға берілген Бозарық шағынауданында орналасқан баспаналарды тұрғын үй кезегіндегі азаматтар Отбасы банкі арқылы  «2-10-20», «5-10-20»  бағыттары бойынша несиелік негізде рәсімдеген.  Жаңа үйге қоныстанушылар арасында ерекше қажеттіліктері бар балаларды  тәрбиелеп отырған отбасылар, толық емес және көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері  бар. 

304 пәтерлік 8 көпқабатты тұрғын үйге конкурс жүргізіліп, қазір азаматтармен сатып алу сату келісімшарты жасалуда. Бұдан бөлек, мемлекеттік бағдарлама аясында  «Отбасы банк»  АҚ арқылы 400 пәтерлік 10 көпқабатты тұрғын үйге конкурс өткізілуде. 

Айта кетейік,  Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар халқымыздың жайлы өмір сүруіне тікелей бағытталуда. Кредиттік тұрғын үйлердің қолжетімділігін арттыру және табысы аз азаматтарды ынталандыру мақсатында  жергілікті бюджет есебінен 311 отбасы қайтарымсыз негіздегі әлеуметтік көмек ретінде тұрғын үй сертификаты арқылы несиелік баспанаға қол жеткізген болатын. Жыл соңына дейін тағы 4 мыңнан астам пәтер беру жоспарланып отыр.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы