Қуыршақ театрлары фестивалі мәресіне жетті

Балалық шақ – адамзат ғұмырында тәтті балалық қылықтары мен алаңсыз шақтары таспаланатын ең ғажап уақыт.

Қайта оралып келмейтін осы бір балдырған кезең кімді де болса аңсатпай қоймайды. Алайда келмеске кеткен сол бір естеліктерді көз алдыңа әкеліп, бақытты балалық шаққа сапар шектіретін бір мекен бар. Ол – театр. Әсіресе, сонау қиын-қыстау заманда киелі өнер ордасын құрып, ғасырға жуық уақыт бойы балаларға шаттық сыйлап, бойына адами құндылықтарды сіңіріп келе жатқан – Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры. 

Таяуда тың әрі терең мазмұнды қойылымдарымен көрерменінің жанына рухани азық болып, балаларға қуаныш сыйлап келген Алматы Мемлекеттік қуыр­шақ театрында Almaty Puppet Festival ІІ Халықаралық қуыршақ театрлары фестивалі өз мәресіне жетті. Фестиваль тарихында екінші мәрте Алматы қала­сын­да өткен іс-шара еліміз үшін ерекше маңызға ие Республика күніне орай ұйымдастырылған. Көрер­менін қуыршақ театры әлемінің заманауи шығарма­шылығымен таныстырып қана қоймай, халықаралық шығармашылық қарым-қатынасты нығайтуды көздеген фестиваль биыл да бірнеше аталым бойын­ша кіл мықтыларды сарапқа салды. Сонымен «Жаңа­шыл көзқарас» аталымы бойынша Башқұрт Мемлекеттік қуыршақ театрының «Шесть чувств» қойылымы (Башқұртстан, Уфа), «Үздік қуыршақ жүргізуші» аталымында Sky bird қуыршақ бірлес­тігінің «Қытай дәстүрі» қойылымы (Қытай, Гонконг) иеленді. «Шеберлігі мен адалдығы үшін» аталымы бойынша «Темпо» театрының «В саду у великана» қойылымы (Түркия, Анкара), «Үздік актерлік ансамбль» аталымында «Скарабей» көлеңкелі балалар театрының «Аленький цветочек» (Ресей, Челябинск), «Үздік режиссер» аталымы негізінде Боржоми Мемлекеттік кәсіби қуыршақ театрының «Гудули ата және кішкентай Уча» қойылымы (Гүржістан, Боржоми) марапатталды. Халықаралық қуыршақ театрлар фестивалінің Гран-при иегері ретінде Ақтөбе облыстық «Алақай» қуыршақ театрының «Щедрое дерево» қойылымы (Қазақстан, Ақтөбе) үздік деп танылды. Онымен қоса, фести­вальдің барлық қатысушысына арнайы диплом мен естелік сыйлық табысталды.

Биылғы фестивальдің ерекшелігі сол, былтырғы жылмен салыстырғанда қатысушы мемлекеттер са­ны­­ның ұлғаюы. Бұл – руханият өкілдерінің қуыр­шақ театрларының шығармашылығына ерекше ден қоюының айқын көрінісі. Халықаралық деңгейде өткен фестивальде Қытай, Польша, Болгария, Че­хия, Түркия, Грузия, Әзербайжан, Ресей, Баш­құртстан, Өзбекстан және Қазақстан республика­ларының 15 үздік театр ұжымы мен 150-ден аса қуыршақ шебері өнер көрсетті. Одан бөлек, фестиваль аясында қойылымдар көрсетілімінен тыс театр саласындағы мамандардың кәсіби деңгейін арттыру мақсатында үздік қуыршақ шеберлерінің жетекшілігімен шеберлік сағаттар мен дәрістер ұйымдастырылды. Ұйымдастырушылар фестиваль­ден әлемдік және отандық қуыршақ театрының даму тенденциялары, жаңашыл бағыттары мен заманауи ерекшеліктерін айқындайтын қойылым­дар ұсыну арқылы қала тұрғындары мен қонақ­тарының рухани құндылықтарын арттыру, Алматы қаласының халықаралық деңгейде имиджінің қалыптасуына үлес қосу сынды оң нәтижелер кү­тілетінін алға тартады.

Қазылар алқасының төрағасы, театртанушы, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры Еркін Жуасбек Қазақ­станда екінші мәрте шымылдығын түрген фестиваль әр мемлекеттің халықаралық деңгейде паш етуге лайықты деп тапқан жауһар өнерін тамашалауға мүмкіндік беретінін айтады.  

– Қуыршақ театры қазір өнер ордасы ретінде дәуірлеу кезеңін басынан өткеріп отыр. Осы күнге дейін біз әлемдегі небір қуыршақ театрларының жаңа формасын, терең ізденістерін, сондай-ақ бүгінде қуыршақ технологиясының әлдеқайда дамы­ғанын естіп жүрдік. Осынау еңбек пен жаңашылдыққа ұмтылыстың арқасында ауқымды деңгейдегі кәсіби қойылымдар дүниеге келуде. Енді, міне Халықаралық қуыршақ театрлар фести­валі осындай қойылымдарды көзбен көруге мүм­кіндік береді, – деді театртанушы Е.Жуасбек.  

Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры дирек­торының орынбасары, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Тушаев халық­аралық масштабтағы мұндай жиын өнер иелерінің бір-бірімен тәжірибе алмасып, білімін шыңдау үшін таптырмас алаң екенін негізге алды. Түрлі мазмұн­дағы оқиғаларды қойылымына арқау еткен фес­тиваль әрмен қарай өз жалғасын таппақ.

– Қуыршақ театрлары фестивалін өткізудегі басты мақсатымыз –  қуыршақ жанрындағы өнер ордаларын бір арнаға біріктіру, олардың бір-бірімен тәжірибе алмасуына мүмкіндік беру. Бүгін театр мамандары үшін үлкен мереке. Себебі әртістері­міздің өзге әріптестерімен тәжірибе алмасуы, шетел­дік театрлардың қандай деңгейде өсіп отыр­ғанын аңғару – шығармашылықтың шыңдалуына ерекше әсер етеді. Осындай іс-шаралар арқылы біз театрлардың қай бағытта дамып отырғанын көре аламыз, – деді театр директорының орынбасары Б.Тушаев.

Тарихы сонау 1935 жылдан бастау алған өнер ор­дасы – тамырын тереңге жайған республика тарихындағы тұңғыш қуыршақ театры. Қазір Алма­ты Мемлекеттік қуыршақ театры таяқ қуыршақтар, заман ағымына сай күрделі марионеткалар, сондай-ақ соңғы үлгідегі техникалық-лазерлі көркемдеу­лермен жабдықталған. Театрдың шығармашылық ұжымы кішкентай бүлдіршіндерге ғана емес, оны­мен қоса жасөспірімдер мен ересектерге арналған қойылымдар сахналауды жұмыс тәжірибесіне енгіз­ген. Әлемдік және отандық үздік әдеби және драма­тургиялық шығармалардан таңдап алынған жаңаша форматтағы «Ана жүрегі», «Ана – Жер ана», «Ромео мен Джульетта», «Макбет. Иллюзия», «Мен бір жұмбақ адаммын... Абай», «Өмір-өзен», «Шал мен теңіз», «Чемпион» қойылымдары халықаралық теа­тр фестивальдерінде жүлделі орындарды ен­шілеп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы