Мәжіліс кулуарларында Әлихан Смайылов 9 айдың қорытындысы бойынша Жоғары аудиторлық палата 9 трлн теңгеден астам соманы қамтитын 18 аудиторлық іс-шара өткізгенін айтты.
«Жыл соңына дейін бірқатар аудиторлық іс-шара өткізу жоспарлануда. Мысалы, желтоқсан айында ауыл шаруашылығын субсидиялаудың тиімділігі мәселесімен Мәжілістің жалпы отырысына келеміз. Сондай-ақ Ұлттық ұланда және оның ведомстволық бағынысты ұйымдарында аудит жүргіземіз», – деді Смайылов.
Сондай-ақ БАҚ өкілдері квазимемлекеттік секторда тексерулер басталғаны жайында сұрады.
«Ірі квазимемлекеттік компанияларға келетін болсақ, қазіргі уақытта «Қазмұнайгазда», оның ведомстволық бағынысты ұйымдары мен серіктес компанияларында мемлекеттік аудит жүргізілуде. Сондай-ақ біз «Бәйтеректе» және оның ірі ведомстволық бағынысты ұйымдарында, Қазақстан даму банкінде (ҚДБ), «Даму» қорында, «Отбасы банкінде», Аграрлық несие корпорациясында аудитті бастадық», – деді аудиторлық палата басшысы.
Оның айтуынша, тартылатын қарыздардың тиімділігі тексеріледі: бұл қарыздар қайда жіберілді, олар мақсатты түрде пайдаланылды ма және бұл қаражаттың елге тартылуының қандай әсері бар.
«Осы аудиттердің нәтижелерін келесі жылдың бірінші тоқсанында береміз. Сондай-ақ біз «Самұрық – Қазына» корпоративтік басқару бойынша басшылықтың тиісті тапсырмасына байланысты аудит жүргіземіз», – деді Смайылов.