Түркістан қаласындағы «Ақжайық» музыкалық мектебінде Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаевтың қатысуымен маңызды жиын өтті.
Адал азамат адал еңбегімен танылады
229
оқылды

Бұл шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауына орай ұйымдастырылды. Жиынға Түркістан облыстық дін істері басқармасының басшысы Рүстем Сабыржанұлы, Түркістан облысының бас имамы Ержан Сматұлы, ҚМДБ-ның Түркістан облысы бойынша өкілдері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Кездесу барысында Жолдау аясында елімізде іске асырылатын жоспарлар талқыланды. Мәлік Отарбаев Жолдаудың халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартудағы маңыздылығын атап өтіп, мемлекеттік органдардың және дін өкілдерінің қоғамның дамуына қосатын үлесін бағалады. Жиында имамдардың әлеуметтік мәселелерді шешудегі рөлі, халықтың рухани-адамгершілік тәрбиесі мен зайырлы қоғам құрудағы міндеттері де сөз болды.

Басқосуда «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» бағдарламалық баяндамасы талқыланды. Бұл бағдарлама қоғамның әділеттілігін арттыру, адал еңбек ету арқылы табыс табу мақсатында құрастырылған. Мәлік Отарбаев халықтың игілігі үшін іске асырылатын бұл бағдарламаға белсенді қатысуға шақырды.

Шара барысында қатысушылар арасында пікір алмасу жүргізілді. Түркістан облысының бас имамы Ержан Сматұлы дін мен қоғам арасындағы байланыстың маңыздылығын атап өтті. Ол имамдардың халықтың рухани дамуына қосатын үлесі туралы сөз қозғап, дін өкілдері ретінде халықтың арасында әділеттілік пен адалдықты насихаттаудың қажеттігін жеткізді.

Жиынның қорытындысында Мәлік Отарбаев тұрғындарды мемлекет саясатын қолдауға, елдің игілігі үшін белсенді түрде қызмет етуге шақырды. «Әділетті Қазақстан» Жолдауының мақсаты – еліміздегі заң мен тәртіпті нығайту, экономикалық өсімді қамтамасыз ету және қоғамдық оптимизмді қалыптастыру.

Түркістан қаласында өткен бұл жиын әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге, қоғамның дамуындағы әрбір азаматтың рөлін анықтауға және мемлекет саясатын тиімді іске асыруға бағытталған бірегей алаң болды. Жиын қорытындысы бойынша қабылданған ұсыныстар мен шешімдер Түркістан облысының дамуына зор үлесін қосатыны сөзсіз.

Назгүл НАЗАРБЕК