«Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тұжырымдамасын ор­ын­­дау аясында өңірлерде Азаматтық Альянс Заңды тұлғалардың нысанындағы бірлестіктердің және Түркістан облысының Әділет департаментінің ұйымдастыруымен азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы «Белсенді ұзақ өмір» филиалында ашық есік күні өтті.
Заңгерлік кеңес алды
361
оқылды

Аталған іс-шарада құқықтық ақпарат беру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегі аясында Түркістан облысының Әділет департаментінің қызметкерлері, адвокаттар, заң консультанттары, нотаруистер және сот орындаушылар, ерікті заңгерлер, Азаматтық Альянс Заң­ды тұлғалардың нысанындағы бір­лестіктің өкілдері, Іскер әйелдер қауым­дастығының өкілдері тарапынан халыққа қажетті заңгерлік кеңес және ақы­сыз заңгерлік көмек көрсетіліп, заң аясында тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Жуырда дәл осы топ «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиал­ында өткен «Құқықтық көмек» жобасы­мен ұйымдастырылған іс-шара барысында да түркістандық тұрғындарға құқықтық көмек көрсетті. 

Қоғамда құқықтық мәдениетті қал­ып­тастыруда жұртшылықтың құқықтық мәселелер жөніндегі сұраныстарының шешім табуына ықпал ету маңызды екені белгілі. Осы орайда  Парламент Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошановтың бастамасымен «Құқықтық көмек» жобас­ы қолға алынып, азаматтардың заң талаптарына қатысты сұраныстарына жауап алуда заңгерлерден кәсіби көмек алуға мүмкіндік беретін алаң болып қалыптасып отыр.

Мемлекет басшысы айтқан әділдік пен заңның үстемдік құруын осындай нақты істермен қамтамасыз етуде партияның Түркістан облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесінің ұйымдас­тыруымен «Құқықтық көмек» жобасы аясында жеке сот орындаушыларға қатысты мәселелер бойынша тақырыптық қабылдау болды. Іс-шараға жеке сот орын­даушылардан бөлек, Түркістан облыстық Әділет және полиция депар­таменттерінің жауапты өкілдері де қатысты. 

Тұрмыстағы түрлі түйткілдер азамат­тар­дан сауатты құқықтық қимылдар жүр­гізуін талап етеді. Оның ішінде өз құқықтарын қорғауда түрлі инстацияға жүгіну, талап-арыздар толтыру, отбасылық қарым-қатынас пен тұрғын үй, еңбек қаты­настары салаларында заңды құқық­тары мен мүдделерінің сақталуын қамту мәселелерінде кәсіби заңгерлік көмекті талап ететін жағдаяттар көптеп кездеседі. Тұрғындардан сондай-ақ банктердегі жеке шоттарының бұғатталауы, мүлікке иелік ету құқының шектелуі, алимент өндіру, несие қарыздарын өтеу мәселелері бойынша шағымдарын жиі білдіреді.

Түркістан қаласының тұрғыны Балнұр Бекболат жолдасы мен оның қарындасына ата-анасынан мұрагерлікке қалған үйді қарындасы толығымен ағасына беремін деп келіскенін, алайда оған белгілі бір қаржы төленуі тиістігін айтады. Түркістандық тұрғын нотариустен осы мәселенің заңдылығын сұрады. Оған нотариаттық қызмет маманы үйді аға­сының атына сыйға беру шарты бо­йын­ша өткізе алатынын, мұны өзінің туған бауыры беретіндіктен белгіленген қаржының 50 пайызы төленетіні жөнінде түсіндіріп берді.

Ал бір кездері банкке берешегі болып, есеп шоттары бұғатталған, қазір банкпен толық есеп айырысқаннан соң бұғаттары ашылғанын, дегенмен тағы да несие алу кезінде қандай бір проблеманың алдынан шығып жүргенін айта келген Ақтоты Мадалиева Әділет департаменті маманына жүгінді. Шағымданушы туралы деректерді зерделей келе оның бір банктегі есепшотының ашылмай қалып кеткені анықталды. Әділет деп­артаментінің маманы осы жерде сот орындаушысымен байланысып, арыз­данушының есепшотын ашып берді. Мәселесі бір сәтте шешілген тұрғын риза­шылығын білдіріп қайтты. 

«Құқықтық көмек» жобасы аясында өт­кен қабылдауда осы тектес базынасын айтып, кеңес алуға келгендер көп болды. Қабылдаушылар әрбір азаматты мұқият тыңдап, барынша мәселесінің оңды шешімін табуына көмек берді.

Назгүл НАЗАРБЕК