Ақын, драматург Мұхтар Шахановтың «Танакөз» поэмасы – ғажайып лирикалық дүние. Оның қағаз бетіне түскеніне 30 жылға таяды. Бұл уақыт арасында аталмыш шығарма көптің есінде қалып, бірқатар театрдың сахнасында әртүрлі үлгіде көрерменімен қауышып отырды.
«Танакөзбен» көңілді еді, біздің ерке бала кез...
1,423
оқылды

Жақында Ә. Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында тағы бір мәрте театр көрерменін қуантқан премьераның тұсаукесері өтті. Дос­тық пен махаббат деген ғаламат сезімді ерекше эмоция, әуезді әнмен жеткізген премьерада әдемі мақпал сезімге бөлендік. Екі күн қатарынан өткен қойылымға «Танакөз» поэмасының авторы Мұхтар Шаханов та  қатысты. 

«Үшеу едік. Қайда барсақ – қасымызда Танакөз, Танакөзбен көңілді еді біздің ерке бала кез». Мело­дра­м­а жанрындағы спектакль қазіргі қоғам шөлір­ке­ген рухани қажеттілікті осы үшеудің арасындағы «Дос» ұғымы арқылы шегелеп ұғындырып берді. Поэмамен таныс көрермен қойылымның сценарий­ден ауытқымай, еш бояусыз көрсетілгенін бірден ұқты. Қойылым мазмұны бойынша әкеден ұласқан дос­тық Мұхтар мен Мұраттың арасында өрбиді. Екеуі жастайынан егіз қозыдай қатар өседі. Екеуінің ортасында көзі танадай Танакөз де бірге бойжетеді. Мектеп бітіріп, ересек өмірге аяқ басқан екі достың көңі­лі Танакөзге түсіп, бір-бірінен жасырады. Екі жү­рек – Танакөзге ғашық. Әркімнің қолы жетпейтін шы­найы махаббат үшін ұзақ жылғы достықтан баз ке­шу мүмкін бе? Бірақ Мұрат тел өскен досының Та­накөзге ғашық екенін біліп, қаладан енді келген Зеркүлге үйленіп, отау құрады. Сезімін іште тұн­шық­­тырып, достықты биік қойған Мұраттың бұл ше­шімі Мұхтар мен Танакөз тағдырының қосылуына ық­пал ете алмады. Ал арада сезім болмаған Мұрат пен Зеркүлдің өмірі бір арнада тоғыспады. Трак­тор­дың астында қалып, екі аяғынан бірдей айырылған Мұрат­тың қайғысына шыдамай, анасы қайтыс бо­лады. Сонша қиындықтан кейін Зеркүлге деген көңі­­­­лінің болмағанын айтып, кетуін өтінеді. Ал Мұхтар жан досының мұндай трагедияға ұшыра­ға­нына бейжай қарамай үйіне келсе, Мұраттың қа­сы­нан Танакөзді көреді. Ақырында екі ғашықтың бір-біріне деген сезімі барын түсінеді. Осылайша, үшеуі тағы да ақ көбігін шашып тұрып ағатын Ақсу суын­да балаша ойнайды. Спектакль осылай тәмам­далды. 

Зал лық толы. Шынайы оқиға желісімен сахна­лан­ған қойылымнан ерекше әсер алған көрермен кө­зіне еріксіз жас алды. Театрсүйер қауымның кө­беюі, онлайн билет кассасындағы аншлагтың болуы – театр үшін жетістік. Сәтті шыққан спектакль­дің режиссері – Әли Бидахмет. Ол бұның алдында жазушы, ақын Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» пове­сін сахнаға бейімдеп, халықтың қошеметіне ие бол­ған-ды. Осы жолғы қойған «Танакөз» де жұртты өзіне асықтырды. 

– «Танакөз» поэмасы – әдебиетсүйер, әсіресе өлең­сүйер қауымға белгілі шығарма. Мұхтар ағаның еңбектерін оқушы кезден бастап сүйіп оқимын. Оның ішінде «Танакөз». Бұл поэманы сахналық үлгі­де шығару бұрыннан жоспарымда болды. Сәті биылға кеп түсіпті. «Танакөздің» ішінде нағыз адал достық бар. Шынайы махаббат бар. Жағымсыз кейіпкер жоқ. Барлығы бір-бірін құрметтеп, шын сүйе­тін адамдар. Былайша айтқанда, біреуге агрес­сиясы жоқ адамдар. Мұхтар Шаханов тек  жақсы­лық­ты көрсеткен кісі ғой. Сондықтан осы шығар­маны таңдадым. Өйткені қазір достықты сақтамай­тын, махаббаттың қадіріне жетпейтін, тіпті отбасында береке мен сыйластықты құндылық ретінде бағаламай, оны бұзып, аяққа таптап жата­ты­нына талай куә болып отырмыз. Бізде осының бар­лығына бір кереғар көзқарас, оңды жауап бол­сын деген ниетте осы қойылымды бастадық. Бұл театрды көрген халық өздеріне басқаша түсінік қалыптастырып, жақсы ойға жетелесін деген оймен сахналадық. Қойылым мазмұнын сақтап, негізгі мәтінді қара сөзбен бердік. Өйткені өлеңді оқу бір бөлек те, оны ойнату бір бөлек. Соған байланысты біз поэзия тілін театр тілі етіп өзгерттік. Оны автор­дың өзіне де айтып, актерлердің сөйлейтін кей диа­логін реттеуге ағамыздың көмегіне жүгіне оты­рып, көпшілікке ұсынып отырмыз.

Көрерменге жол тартқан күннен бастап билеттер аншлагпен өтті. Оның себебі бар. Біріншіден, тақы­рып та өзекті, автордың өзі аңыз адам, атын ел бі­ле­ді. Бір жағынан мұның маркетинг жағы да бар. Премьера автордың қатысуымен өтетінін жария­ладық. Соған да халық қызығып келген шы­ғар деп ойлаймын, – деді режиссер. 

Ал бас кейіпкер Танакөздің рөлін сомдаған – Дильназ Ертаева. Айтуынша, спектакль эмо­ция­ға толы. Көрерменге жеткізу де оңай болма­ған.

«Танакөз – өмірде болған оқиғаның кейіпкері. Поэма  кейіпкерлерінің көзі тірі болғандықтан әрі «жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, қолымыздан келгенше шынайы ойнап шығуға тырыстық. Сон­дықтан біздің жүрегімізден шықты, жүрекке жет­ті деп ойлаймын. Халықтың қошеметіне бөленген­дік­тен, жақсы қабылдады деген үміттемін. Бұл қойылымға бір айдай дайындалдық. Мұхтар ағаның «Танакөзімен» ғана емес, барлық шығармасымен де, өмірімен де танысып үлгердік. Поэмада Танакөз сұлулықтың символы, таза, тұнық кейіпкер болып көрінді. Сондай жан дүниесі таза, шешімге нық, бір сөзді қызды алып шығуға тырыстым. Өте байсалды, оның үстіне ер балалармен қатар өскен соң өзінің қаттылығы да бар шығар. Оны қалай көрсете алдым, бағасын халық беріп жатыр. Шынайы шығуы үшін өзімнің жанымнан да өмірдегі ситуацияларды алуға тырыстым. Театрда жүрген актриса болған барлық жанрға бейім болу керек. Бірақ менің жаныма мелодрама, драма жанры жақын. Сондықтан Тана­көз образын көрсету аса қиынға соқпағаны содан шығар. Меніңше, Танакөз жүрегіндегі алғашқы махаббатын сатпады. Сүйген адамы қанша жерден қиналса да, мүгедек болып қалса да оның сезімін өшіріп тастап кетпеді, – дейді Д. Ертаева. 

Бүгінгі қоғамда жібі сетінеп бара жатқан нағыз дос­тық пен пәк махаббат тақырыбын арқау еткен қойы­лымның жүгі ауыр. Бұлай деуіміздің себебі –спек­такльдің драматургиялық құрылымы кейіп­керлердің эмоционалдық жағдайымен көрінеді. Оның көрерменге жетуі үшін актерлерге артылған талап та жоғары. Түрлі жанрда сахнаға ұсынылатын «Танакөздің» мәні қай кезде де айрықша екені белгілі. Көрерменнің сарғая күтетіні де сондықтан. Ә.Мәмбетов атындағы драма  және комедия театрын­да қойылған «Танакөз» премьерасы театр қоржынындағы алғашқы мелодрама емес. Айта кетейік, премьерадан кейін М. Шахановтың қол­таңбасы қойылған сатылымдағы кітаптар келген қонақтардың қолына тиді.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ