«Атамұра» баспасынан жарық көрген “Алаң жұрт” еңбегінде автор өзінің зерттеп жүрген тарихи ақтаңдақтар мәселесін көркем тілде зерделеуге тырысқан.
Болатбек Төлепбергеннің "Алаң жұрт" кітабы жарық көрді
Фото: culture.ru
1,159
оқылды

2024 жылдың 1 қарашасында сағат 11:00-де ҚР Ұлттық кітапханасының Н.Дәулетова атындағы залында (Алматы қаласы. Абай даңғылы, 14) ҚР Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығы мен Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері, ҚР Мәдениет қайраткері, философия ғылымдарының кандидаты, «Шалқар» радиосының  бас редакторы Болатбек Төлепбергеннің кітаптары таныстырылады.

Автордың биылғы жылы жарық көрген «Алаң жұрт» (деректі хикаяттар, әңгімелер, әдеби сын) кітабының, «Ұлттық идея – ұлттық медиа тұғыры» монографиясының, «Тұрақты даму мақсаттары аясындағы журналистика және баспа ісі: дәстүр және жаңашылдық» атты халықаралық  ғылыми-тәжірибелік конференция материалдарының, «Ұлттық медиа – ұлттық қауіпсіздік» публицистикалық кітабының және «Болатбек Төлепберген: Библиографиялық көрсеткішінің» тұсаукесері болады.

«Атамұра» баспасынан жарық көрген “Алаң жұрт” еңбегінде автор  өзінің зерттеп жүрген тарихи ақтаңдақтар мәселесін көркем тілде зерделеуге тырысқан. “Алаң жұрт” деректі хикаяты 70-жылдары диссиденттік әрекетімен кеңестік жүйенің көзіне түсіп, жазықсыз күйіп кеткен жас – Азамат Жәкібаев туралы жазылған.

«Ұлттық идея – ұлттық медиа тұғыры» монографиялық еңбегінде қазақтың ұлттық идеясының қалыптасуы мен дамуы еліміздегі ұлттық медиа тұғыры әрі алғышарттарының бірі ретінде қарастырылады.

«Тұрақты даму мақсаттары аясындағы журналистика және баспа ісі: дәстүр мен жаңашылдық» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары» автордың биылғы 50 жасқа толған мерейтойына орай жазылған мақалалар топтастырылған.

«Ұлттық медиа – Ұлттық қауіпсіздік» кітабында Алаш қозғалысы hәм алашшыл басылымдардан бастап, бүгінге дейінгі ел ақпарат құралдарының жай-күйі, тыныс-тіршілігі сөз болады. Қазақ баспасөзінің тарихына барлау жасай отырып, Тәуелсіздік алған жылдардан бергі уақыттағы қоғамдық-саяси құбылыстардың масс-медиамызға әсерін публицистік тілмен саралайды.

Ал  ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасының құрастыруымен жарық көрген  «Болатбек Төлепберген: Библиографиялық көрсеткіш» жинағына автордың бүгінгі күнге дейінгі жарық көрген шығармаларының библиографиялық мәліметтері хронологиялық тәртіппен жүйеленген. Ғалымның 50 жасқа толған мерейтойына орай арнайы құрастырылған жинақтың алғы сөзін жазған – ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, Қазақстан тарихшылар қауымдастығының төрағасы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдиев.

Автордың жарық көрген бес кітабы да жалпы оқырман қауымға арналған.