Биыл 9 айда Вьетнамға барған Қазақстан азаматтарының саны 106 мыңға дейін өскен.
Қазақстан мен Вьетнам сотталған азаматтарды өзара алмасуға уағдаласты
194
оқылды

Сенаттың бүгінгі жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан мен Вьетнам Социалистік Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы» заңды мақұлдады, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Сенатор Наурызбай Байқадамовтың айтуынша, заңның мақсаты - екі мемлекет арасындағы құқықтық ынтымақтастықты нығайту және олар азаматтары саналатын мемлекетте жазасын өтеу үшін сотталған адамдардың қоғамға қайта кіруіне жәрдемдесу.

Халықаралық шарт 3 бағытты қамтиды:

  1. қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету;
  2. қылмыс жасап, шетелде жасырынып жүрген адамдарды ұстап беру;
  3. сотталған адамдарды беру.

- 2017 жылы Қазақстан мен Вьетнам арасында құқықтық көмек көрсету және ұстап беру туралы екі шарт жасалып, екі тараппен де ратификацияланған болатын.  Бүгінгі заң үшінші бағытты реттейді. Келісімшартқа 2023 жылғы 21 тамызда Ханой қаласында қол қойылған, - деді депутат.

Аталған шарт қос ел арасындағы сауда-экономикалық, кәсіпкерлік, туристік және басқа да қарым-қатынастардың даму үрдісін ескере отырып жасалған. Мысалы, биыл 9 айда Вьетнамға барған Қазақстан азаматтарының саны 106 мыңға дейін өскен.

- Келісім екі тараптың егемендігін, теңдігін және халықаралық нормаларды құрметтеу принциптеріне негізделеді. Аталған шартта «беруші тарап», «қабылдаушы тарап» және «сотталған адам» сияқты негізгі терминдердің нақты анықтамалары берілді.  Бюрократиялық кідірістерді болдырмауға және беру процесінде жеделдікті қамтамасыз ету мақсатында тиімді өзара әрекеттесу үшін жауапты орталық органдар ретінде Қазақстан жағынан – Бас прокуратура, Вьетнамнан – қоғамдық қауіпсіздік министрлігі айқындалды. Шарттың негізгі ережелері  негізінде сотталған адамды беру шарттары және ол үшін талап етілетін құжаттар тізімі реттеледі, - деді сенатор.

Екі ел арасында сотталған адамды беру мынадай шарттар бойынша іске асырылады:

  • Сотталған адам «қабылдаушы тараптың» азаматы болуы қажет;
  • Адам «қабылдаушы тараптың» да ұлттық заңнамасы бойынша қылмыс саналатын іс-әрекеттер үшін сотталған болуы керек;
  • Беру туралы сұрау салу алынған кезде сотталған адамға қатысты шығарылған үкім заңды күшіне енген және сотталған адамның жазасын өтеуге тиіс уақыт кезеңі кемінде 1 жылды құрайтын болуға тиіс;
  • Сотталған адамның жазбаша келісімі бар болған және екі тарап та беруге келіуі қажет.

«Қабылдаушы тарап» сотталған адамды алғаннан кейін «беруші тарап» шығарған үкімді өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес орындайды.