Республикалық маңызы бар “Қызылорда-Жезқазған” тасжолын қайта жаңғырту жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр.
«Қызылорда-Жезқазған» автожолы: “Сапа керуені” жол сапасын тексерді
Фото: Нұрболат Нұржаубай
1,474
оқылды

Жолшылар жыл аяғына дейін жол құрылысы қарқын алған үш учаскеде толықтай асфальттау жұмыстары аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілетінін мәлімдеді. Бұл жайында ҚР Көлік министрлігінің ұйымдастыруымен Автомобиль жолдары комитеті, “Жол активтері сапасының ұлттық орталығы” РМК мен “Қазавтожол” компаниясы бірлесіп өткізген “Сапа керуені” баспасөз турында белгілі болды.

Мемлекет басшысының тікелей бақылауымен 2022 жылы тасжолға қатысты түйткілдің түйіні тарқатылды. Соның нәтижесінде алғаш болып күре жолдың Сыр өңіріне қарасты бөлігіне жөндеу жұмыстары бастау алғаны белгілі. Қазіргі таңда жол салушылар Сыр аумағында  қызу жұмыстың көрігін қыздырып жатыр. Жолшылар автожолды межелі уақытында сапалы жүргізіп, пайдалануға беруге ниетті.

Мамандардың пікіріне сәйкес, Қызылорда мен Ұлытау өңірінің арасын жалғайтын 450 шақырым жолдың бүгінде 192 шақырымы қайта жаңғыртудан өткізіліп жатыр. Нақты кезеңде 3 учаскеде үш қабат асфальт жабындысы толық төселіпті.

“Қазіргі уақытта күре жолдың Қызылорда облысына қарасты біршама бөлігінде жұмыстар толық аяқталды. Бүгінде Қызылорда бағытындағы 90 шақырым жол ашылып, жол белгілерін орнату мен таңбаларын сызу жұмыстары жүргізілуде. Жобаны 2025 жылы аяқтау жоспарланған. Жобаға абаттандыру, жол жиегін тегістеу жұмыстары да кіреді. Нақты уақытта жол құрылысында 700-дей адам тер төгіп жүр. Жұмысшылардың басым көбі жергілікті жерден тартылды”, - дейді ҚР Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің басқарма басшысы Нұртілек Хасенов.

Жобаның жалпы құны 72,7 млрд теңгені қүрайды екен. Құрылыс жұмыстарына 5 мердігер компания тартылған. Оның 4-еуі қытайлық болса, 1-еуі жергілікті “Қыран” мекемесі. Соған сәйкес күре жолда 5 учаске бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Жол құрылысының сапасы жоғары бақылауда тұр. Бұл тұрғыда Еуропалық даму және қайта қүру банк арқылы қаржыландырылған жобаны жүргізіп жатқан мердігерлерге қойылған талап қатаң. Соның ішінде автожол құрылысының сапалы жүргізілуін “Жол активтері сапасының ұлттық орталығы” РМК мамандары ұдайы бақылауда ұстап отыр.

“Республикалық маңызы зор автожол қүрылысының сапасынан қандай да бір ақау шықса, оған мердігер компания тікелей жауапты. Соған сәйкес жолдың сапасына 5 жылға кепілдік берілген. Яғни, мердігер тарапынан осы жылдар аралығында жауапкершілік жүгі артылады. Кемшіліктерді жоюға тиісті жұмыстар дер кезінде жүргізіледі. Қазірдің өзінде жылжымалы зертхананың көмегімен жол сапасына тұрақты түрде зерделеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Соның нәтижесінде үш учаскедегі жолдың тегістігі 98 балдық жүйемен өте жақсы көрсеткіш көрсетіп отыр”, - деп түсіндірді “Жол активтері сапасының ұлттық орталығы” РМК бас директоры Болатбек Айтбаев.

Негізінен жол сапасын зерделеу орталығы арқылы биылғы жылы 1024 рет тексеру жұмысы жүргізіліпті. Нәтижесінде, жол жабындысы мен қүрылыс материалдарынан 4,2 мың сынама алынып, оның 20 пайызы талапқа сай шықпаған. Соған сәйкес, мердігер өз қаржысы есебінен 167,1 млн теңгеге қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіпті.

“Біздің мекеме тарапынан тиісті жұмыстар 2022 жылдың сәуір айында толығымен басталды. Бізге тиесілі учаске 127 мен 156 шақырым аралығын құрайды. Яғни, 29 шақырымға тең. Қазіргі таңда осы 29 шақырым жолдың үш қабатының жабындысы толығымен аяқталды. Жол жолақтарын сызу, жол белгілерін қою секілді жұмыстар толығымен жасалды. Бүгінде жолаушылар аумағындағы демалыс орындарының құрылысы жүріп жатыр. Бұл жұмыстарға “Қыран” мекемесінен 150-ден астам жұмысшы, 90 бірлік жол техникасы  жұмылдырылды. Жыл аяғына дейін өзімізге тиесілі жол бөлігін аяқтап, пайдалануға береміз деген ойдамыз”, - дейді “Қыран” мердігер мекемесінің жоба жетекшісі Өмірзақ Есентай.

Жол құрылысына халықтың да алғысы шексіз. Талай жыл жұпыны жолдың азабын тартқан жолаушылар тақтайдай тегіс жолдың игілігін көре бастағанын айтып, ризашылығын жеткізді.

“Осы жолмен жиі қатынап тұрамын. Жыл өткен сайын күре жолдың Қызылорда облысы аумағындағы бөлігінің сапасы артып келеді. Тақтайдай тегіс жолдың сапасына айтар сын-ескертпеміз жоқ. Атқарылған жүмыстарға көңіліміз толады. Жаңарған жол жолаушылар қауіпсіздігін сейілтіп қана қоймай, уақытымызды үнемдеуге де сеп болып тұр. Ендігі кезекте Ұлытау өңіріне тиесілі жол бөлігіне де қайта жаңғырту жұмыстары жедел қолға алынса деген тілегіміз бар”, - дейді көлік жүргізушісі Серік Райымбек.

Жалпы,  бір күндік “Сапа керуені” баспасөз туры аясында күре жолдың Қызылорда облысы аумағында атқарылған жұмысы лайықты бағаланды. Жолшылар жол сапасын ұдайы назарда ұстап, жыл аяғына дейін автожолдың 140 шақырымы іске қосылатынын жеткізді.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы

Фото авторы:

Нұрболат Нұржаубай