«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 27 нысан салынып жатыр.
Қызылорда облысында ауыл әкімдерінің форумы өтті
481
оқылды

Қызылордада «AMANAT» партиясының бастамасымен, облыс әкімдігінің қолдауымен ауыл әкімдерінің форумы өтті. 

Жиынға «AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев, Парламент Сенатының депутаты Наурызбай Байқадамов, Ұлттық экономика министрлігі Өңірлік даму департаментінің директоры Нұрлан Мақсұтов, барлық деңгейдегі әкімдер, облыстық мәслихат төрағасы мен депутаттары, басқарма, департамент және құқық қорғау органдарының басшылары қатысты. Форумда аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев ауыл әкімдерінің жұмысына қатысты нақты тапсырмалар жүктеді.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Қазақстан Президенті лауазымына кіріскеннен кейінгі ең алғашқы қол қойған Жарлығы  «Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы» болды. Ауылдарды дамыту – мемлекеттік саясаттың маңызды стратегиялық мақсаттарының бірі. Президентіміз биылғы Жолдауында «Үкімет пен әкімдер экономиканың құрылымын өзгертуге баса назар аударуға тиіс. Басты мақсат – азаматтардың табысын арттыру» деп, аса жауапты міндеттер жүктеді.  Қазір халық сайлады деп арқаны кеңге салып, қол қусыратын уақыт емес. Мемлекет басшысы «Бізге ешкім сырттан келіп, ештеңе жасап бермейтіні анық, бәрі өз қолымызда»  деген болатын. Халыққа берген уәдені орындап, Президентіміздің Әділетті қоғамды қалыптастырудағы реформалары мен саясатын өздеріңіз басқаратын аумақта жүзеге асыру қажет. Ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін «Ауыл аманаты» жобасын тиімді іске асырыңыздар. Кәсіпкерлікті дамытуда жұртшылыққа мемлекеттік қолдауларды түсіндіріп, кәсібін ұйымдастыруға көмектесу қажет. Әрбір әкім өзі басқаратын елді мекендегі жұмыссыздар санын азайту, жаңа жұмыс орындарын ашу, халықтың табыс көзін арттыру, салық базасын ұлғайту секілді негізгі міндеттерге баса назар аударуы керек. Жер телімдері мақсатына сай пайдаланылуы, заңсыз немесе пайдаланылмай жатқан жер мемлекет меншігіне қайтарылуы тиіс", – деді аймақ басшысы.

Бүгінде Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауының арқасында облыс бюджеті 744 млрд теңгеден асты. Осыдан екі жыл бұрын 364 млрд теңге болатын. Өсім 204,4 пайыз болды. Бұл қаражат аймақтағы ең өзекті деген мәселелерді шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға жұмсалып жатыр.

Облыс халқын табиғи газбен қамту деңгейі 75 пайыз, қалалар мен аудан орталықтары және 29 ауылдық елді мекен газға қосылған. Биыл газдандыру жобаларына 30 млрд  теңге қаржы бөлінді. Аталған қаржыға 306 шақырым газ желілері салынды. Бұл 20 мыңнан астам халқы бар 17 елді мекенге «көгілдір отын» қосуға мүмкіндік береді.

2022 жылдан бері ауызсумен қамтуда 16 млрд 800 млн теңгенің 55 жобасы жүзеге асып, халыққа орталықтандырылған таза су беру деңгейі 98,6 пайызға жетті. Электр энергиясымен қамтуда 2022 жылдан бері 18 млрд теңгенің 70 жобасы іске қосылды, биылдың өзінде 11 млрд теңгеге 38 жоба қолға алынды. Бұл электр желілерінің тозуын 62 пайызға төмендетеді. Аймақта 43 млрд теңгеден астам қаржыға 300 шақырымға жуық автомобиль жолдары мен көпір өткелдері жөндеуден өтіп жатыр.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 27 нысан салынып жатыр. Өткен жылы елді мекендерде 16 жаңа дәрігерлік амбулатория ел игілігіне табысталды. 

Басқосуда «AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев, Парламент Сенатының депутаты Наурызбай Байқадамов, Ұлттық экономика министрлігі Өңірлік даму департаментінің директоры Нұрлан Мақсұтов, партияның Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов сөз сөйледі.

Жиын соңында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі, ел мүддесі жолында атқарған еңбегі үшін аудан әкімдері, сала басшылары мен мамандары Президенттің Алғысхатымен марапатталды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram   арнасынан таба аласыз.