Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы
«Поэзия» номинациясы: Бұйырған бақ
135
оқылды

Бүркеншік аты: Жаннат

Бұйырған бақ

 

Қазақ қызы болу неткен бақыт ең, 

Ғұмыр кешу бір ғанибет шаттықпен.

Бабаларым сыйлау үшін бұл күнді,

Күресті ғой қалғанынша ақтық дем.

 

Атқан таңым арайлап, неткен ғажап?!

Халық көп қой, тәуліктеп шеккен азап…

Осы күнге бір Алла мен бабалардың,

Қолдауымен, шынында, жеткен қазақ.

 

Бейбіт өмір, қайғысыз, қасіретсіз,

Күн кешемін алаңсыз, тауқыметсіз.

Шүкір деймін, қазақ боп туғаныма,

Басындағы бес елі бағы шексіз.

 

Мына тыныш өмірдің себепкері,

Басыңыздан не өтіп, не кетпеді?!

«Ұрпағым!» деп, ұрандап, сұрапылда,

Жазықсыз жапа шегу керек пе еді?!

 

Арайлы ақ таңымның себепкері,

«Азаттық қой арманым» демеп пе еді?!

Өмірін азаттыққа алмастырған,

Оған дәлел - өткеннің деректері…

 

Тағдырлас үш бәйтерек - үш алыптың,

Бала жастан ерлігіне қанықпын.

Отан үшін отқа түсіп, күймеудің,

Не екенін мен солардан таныппын.

 

Оятам деп алысқан саналарын,

Халқы ешқашан ұмытпас қара нарын.

Бүгінгі бейбіт өмір арқасы ғой,

Сейфоллаұлы Сәкендей даналардың.

 

Дер кезінде бере алмай бағаларын,

Кінәсізді кім білген қараларын?!

Мына тыныш өмірде үлесі көп,

Жансүгіров Ілияс ағалардың.

 

Теңдік үшін жасаған бар амалын,

Замананың сезсе  де жараларын.

Маңдай тері, білемін, бұл - азаттық,

Бейімбет Майлин сынды даралардың.

 

Сертке адал, уәдеге бекем ғой,

Үш бәйтерек күретамыр екен ғой.

Айыпталды....

«Халық жауы» атанды,

Санасында болмаса да бөтен ой.

 

Тар заманда көп болса да талаған.

Болашаққа үмітпенен қараған.

Бір тал шашы түспесін деп, аялап,

Ана, бала жыламауын қалаған.

 

Оңайлықпен берілмеген, түлеген.

Көк байрақтың құламауын тілеген.

Сара жолды үш бәйтерек салмаса,

Қазір қалай, қайғы-мұңсыз жүрер ем?!

 

Тарихыммен аман-есен жүздесіп,

Ғасырлармен жүргенім бар тілдесіп.

Бақытсызбын деуге тіпті құқым жоқ,

Азаттықтың ақ таңында күн кешіп.

 

Ұяты бар… қырық үйден тыйылған,

Сабыры бар, тас болаттан құйылған.

Менде арман жоқ, мына жалған өмірде,

Қазақ қызы болу бағы бұйырған.