Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Франция Республикасына мемлекеттік сапары басталды. Сапар қарсаңында Францияның Le Figaro газетінде Қазақстан басшысының авторлық мақаласы жарық көрді.
Қазақстан – Францияның стратегиялық әрі сенімді серіктесі
592
оқылды

«Қазақстан – Францияның стратегиялық әрі сенімді серіктесі» деп аталатын мақалада Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздің теңгерімді сыртқы саясатына, орта держава ретіндегі рөліне тоқталды. Сонымен бірге Президент әлемдегі заманауи қақтығыстарды дипломатиялық жолмен шешудің маңызын атап өтті. 

«Бұрын-соңды болмаған геосаяси турбу­лент­тілік пен поляризация жағдайында зама­науи әлем жайлы қандай да бір болжам жасау мүм­кін емес екенін атап өту керек. Жағдайды екі үлкен планетарлық сын-қатер – жылдам өсіп келе жатқан жаһандық жылыну мен ірі мас­ш­табтағы жаппай көші-қон шиеленістіріп тұр. Бұл факторлар бір-бірін өзара күшейте оты­рып, әлем бойынша миллиондаған адам зар­дап шегетін жойқын зардаптарға алып ке­леді. Ал мұндай дағдарыс жағдайында қол­да­ныс­тағы басқару жүйелері мен халықаралық же­дел әрекет ету механизмдері айтарлықтай тиім­ді бола алмай отыр. Әсіресе, көпжақты инс­титуттардың жиі тығырыққа тірелуі алаң­датады. Айталық, Біріккен ұлттар ұйымының мы­салы осындай дағдарыстың айқын көрінісі», – деп жазды Қ.Тоқаев. Президент бұл ұйымды жаһан­дық ынтымақтастықтың барша мойындаған символы қызметін атқаратын баламасыз құры­лым ретінде бағалай отырып, оның түрлі қиын­дықтарға кездескенін атап өтті. 

Қазақстан Президенті қуатты экономикалық және саяси ықпалы бар супердержавалардың арасында халықаралық күн тәртібіндегі шешуші мәселелерге қатысты көзқарас қайшылығы бар екеніне тоқталды. «Көзқарастардың үйлеспеуі қақтығыстар ұзаққа созылатын сипатқа ие аймақтарда мейлінше өткір тұр, ал дау-дамайды шешу механизмдері, соның ішінде БҰҰ қауқарсыз болып отыр», – деп жазды Қ.Тоқаев.

Қазақстан басшысы өз мақаласында көпжақты әріптестік тәсілдерін қайта қарастыру қажет екенін, «геосаяси координаттар жүйесі» біршама өзгергенін атады. Сонымен бірге Қ.Тоқаев қазіргі таңда орта державалардың күн санап өсіп келе жатқан рөлін мойындау жаңа ақиқаттың шешуші аспектісі екенін айтты. «Бұл мемлекеттердің экономикалық және саяси беделі күшейіп келеді, ал олардың салмақты әрі конструктивті ұстанымдары жаһандық белгісіздік жағдайында шешуші мәнге ие. Ірі державалар компромиске келе алмайтын жағдайда дәл осы орта державалар жаһан­дық әріптестік принциптеріне адалдықтарын сақтай отырып, диалог жасау мүмкіндігін қолдау арқылы ара­ғайын рөлін жиі атқарып жүр. 

Қазақстан да көп жылдардан бері теңгерімді сыртқы саясат жүргізіп, әлем­дік дипломатияны алға жылжытуға қатысып келеді. Орта державалардың жаңа статусы біздің елге дәл осы маңыз­ды миссияны жүзеге асырудың үлкен жауапкершілігін жүктейді», – деп жазды Қазақстан Президенті. 

Сонымен қатар мақалада заманауи сын-қатер өршіп, қақтығыстар көбейген кезде Қазақстан бітімгерлік процес­терді және өркениетаралық диалогты қолдайтыны айтылған. Атап айтқанда, Әзербайжан мен Армения арасында бейбіт келісім жасау туралы келіссөздер өткізу үшін алаң ұсына отырып, Қазақстан аталған екі мемлекеттің өзара қарым-қатынасында жаңа парақ ашу ниетін қолдады. Одан бұрын Астана Сирия мәселесі бойынша келіссөздер өткізуге атсалысты. Сонымен қатар Иранның ядролық бағдарламасына қатысты көпжақты келіссөздер үшін алаң ұсынды. Қазақстан Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілері съезін ұдайы өткізіп келеді. Өз кезегінде бұл шара конфессияаралық диалогты өрбітуге қызмет ететін бірегей платформаға айналды. Бұл қадамдар – Қазақстан мен Францияға ортақ ынтымақтастық, теңдік пен бейбітшілік сүйгіштік тәрізді құнды­лықтардың көрінісі. 

Мақалада Қазақстанның демократиялық жүйені нығайтуға, «жасыл» энергетика, цифрлы технология мен логистиканы дамытуға бағытталған қадамдарына тоқтала келе Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық климат мәселесі де өзекті екенін атап өтті. «Қоршаған ортаны қорғау саласында біз жаһандық климат мәселесіне бейжай қарамаймыз әрі келешек ұрпақ пен ғаламшарымыздың алдында жауакершілігімізді сезінеміз және климат бойынша Париж келісімін жақтаймыз. Біздің 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткіземіз деп жариялауымыз – Қазақстанның тұрақты даму мақсаттарын дәйекті жүзеге асыруының тағы бір дәлелі.

Экология және тұрақты даму мә­селесінде Астана мен Париж One Water Summit бастамасын ұсынды. Биыл желтоқсан айында Президент Эмманюэль Макронмен бірге су ресурс­тарын басқару бойынша ынтымақтас­тықта белсенділікке шақыратын форум ұйымдастыруды жоспарладық. Бұл сала БҰҰ орнықты даму бағдарламасының «Баршаға таза су мен санитария» дейтін формадағы негізгі мақсаттарының біріне қол жеткізуде шешуші мәнге ие», – деп жазды өз мақаласында Қазақстан Президенті.

Мақалада көрші-қолаңмен тату болу принципін ұстануы Азия мен Еуропаны Қазақстан және Каспий теңізі арқылы байланыстыратын «Орта дәліз» тәрізді жобаларды жүзеге асыру арқылы аймақаралық интеграцияны жетілдіруге мүмкіндік беретіні айтылған. Әрі мұндай жобалар сауда-саттықты ғана емес, жалпы ынтымақтастық рухында аймақаралық байланыстарды күшейте түседі. Өз кезегінде мұндай қадамдар Еуропаның, соның ішінде Францияның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сонымен бірге мақалада екі елдің сирек кездесетін металл өндірісін дамытуға, қалпына келтірілетін қуат көздерін жетілдіруге, бейбіт атом саласындағы ынтымақтастықты арттыруға мүдделі екені де атап өтілді.