Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата бюросының отырысы өтті. Онда депутаттар 7 қараша күні өтетін Сенат отырысының күн тәртібін бекітті және сенаторлардың өңірлерде ұйымдастырылатын көшпелі отырыстарына дайындық барысын талқылады.
Сот жүйесін реформалау туралы заң қаралады
190
оқылды

Алдағы бейсенбіде Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот жүйесін реформалау және процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарайды. Бұл заңға депутаттар бастамашы болды. Аталған құжат сотта қорғалу құқығын іске асырудың құқықтық кепілдіктерін күшейтуге және сот төрелігін іске асыру сапасын, судьялар корпусының кәсібилігін және олардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған тиісті заң­­­намалық тетіктерді әзірлеу арқылы сот жүйесін одан әрі же­тіл­­діруді көздейді.

Сондай-ақ биылғы маусымда қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір конституция­лық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы дербес кассациялық соттар құруды және олардың сот актілерін қарау жөнін­дегі өкілеттіктерін қарас­тырады. Осыған байланысты заң арқылы Қылмыстық-процестік кодекске, Азаматтық процестік кодекске, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске, сондай-ақ басқа да бірқатар заңдарға түзетулер енгізіледі.

Палатаның іс-шаралар жоспа­рына сәйкес се­на­тор­лар осы ап­та­да бірқатар кездесу өткізеді. Олар­дың қатарында Ақмола об­лысында өтетін құқық­бұзу­шылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ Қызылорда облысында ұйымдастырылатын аэроғарыш саласын дамытуға қатысты мәселелерге арналған көшпелі отырыстар бар.

Сонымен қатар Сенат комитеттерінің ҚР «Прокуратура туралы» Конституциялық заңын іске асыру жөніндегі отырыстары, «Еңбек адамы – ұлттық экономиканың өсуі мен ұлт өркендеуінің негізі» тақырыбына арналған парламенттік тыңдауға дайындық аясында Ақмола облысының Аршалы ауданына сапар және Қазақстандағы агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін қайта өңдеу мәселелері бойынша мемлекеттік органдар басшылығымен кездесу жоспарланған. 

Бұдан басқа Бюро отырысында Мәжілістен келіп түскен заңдар жұмыс үшін тұрақты комитеттерге бөлініп берілді.