«AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша тегін оқыту курстары Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданының Қандыағаш, Ембі, Жем қалалары мен Ақкемер, Сағашилі ауылдық округтерінде өтті. Барлығы 14 аптаның қорытындысы бойынша курсты 758 адам тәмамдаған.
Қаржылық сауатын арттырды
527
оқылды

Курсқа қатысушылар шот бұғатталуы, қарызды қайта құрылымдау, соттан тыс банкроттық рәсімдеу, коллекторлармен жұмыс, бизнес жоспар жазу, келісімшарт қарау секілді 20 бағытта көмек алды. Қаржы сарапшысы Айгүл Сексенованың айтуынша, несиесін төлей алмай отырған азаматтарға да қолдау көрсетіледі.

– Ауыл тұрғындары қаражатын дұрыс жоспарлауды, отбасы бюджетін қалыптастыруды, несие алу мен қайтару ережелері бойынша білім алады. Қазіргі экономикалық жағдайға байланысты кейде несие төлеу қиынға соғуы мүмкін. Біз несие төлеу мерзімін қалай ұзартуға болатыны туралы пайдалы ақпараттар ұсынамыз. Сондай-ақ ауылдарда қайтарымсыз грант алғысы келетіндер мен «Ауыл аманаты» жобасына қатысқысы келетін тұрғындар саны көп. Олардың өз қаржысын сауатты басқарып, бизнес-жоспарларын тиянақты жасауына қол ұшын береміз, – деді ол.

Курсқа қатысқан Алтыншаш Аханова қаржылай сауаттылықтың дағдыларын үйренуге мүмкіндік берген «AMANAT» партиясына ризашылығын білдірді. Ол жақсы табыс табатын адамдардың кейбірі қаражатын дұрыс жұмсамайтынын айтты. 

– Қомақты табыс табатын азаматтардың кейбірі қаражатын дұрыс жұмсамайды. Осы ретте мен тегін оқыту курсынан қаржыны инвестициялаудың жолдарын үйрендім. Мәселен, артық қаражатқа пәтер алудың тиімді жолдарын үйрендім. Курста халық үшін осындай пайдалы ақпараттар берілді, – деді ол.

«Қарызсыз қоғам» жобасының мақсаты – азаматтарға қаржылық және құқықтық көмек көрсету, халықтың қаржылық сауатын арттыру, азаматтардың банктік несиелері мен шағын несиелері бойынша проблемалық қарыздарын шешуге көмектесу. Бұл жобаға жасы 18-ден асқан, несие бойынша берешегі бар және борышкерлер тізімінде тұрған өңір тұрғындары қатыса алады.