Жұмабек Кенжалин! Осы бір тылсым сырлы, жұмбақ жарасым тапқан есім тек бүгінде көзі ашық, көкірегі ояу әрбір қазаққа таныс десек, өтірік емес-ау.
Әділетті ардақ тұтқан тұлға
889
оқылды

Ол – белгілі қаламгер, көрнекті көсемсөзші, қазақ басылымдарын биікке көтерген бас редактор, қазақ баспасөзінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан көшбасшы, ұлағаты жастарға өнеге, үлгілі ұстаз, білімі ілімге айналған білікті ғалым, жаңа замандағы тәуелсіздіктің ту ұстарына айналған мемлекет және қоғам қайраткері. 

Мен өзім Жұмабек атты азаматпен жалынды жастық шақтың өмір-ғұмырдың естен кетпес сонау бір тамаша кезеңінде таныстым. Содан бергі өмір-тіршіліктің қилы кезеңінде кейде жақыннан ара­ласып, кейде алыстан хабарласып, қарым-қатынасымыз үзілмегенмен, біздің достық қарым-қатынас та өте жақын жүрген кезіміз де Жұмабектей арыс азаматтың адамдық асыл қасиеттерін тап басып тани алған сәттерімізде Абай айтқан «Жас уақытта өмір гүл» дейтін жұп жазбай бірге жүрген жастық шақтық тұс. Бұл күнде сағынышты сағым жылдарға айналған сол күндердің Шәкәрімше толғаған да «Жас­тық өмір қызық оны біл» деп, «Алдамшы үміт уатқан» дейтін арман алға жетелеген, үміт биікке ұмтылдырған, қуаныш пен қызыққа толы сол жылдардың қызылды-жасылды көріністері мен кейбір көңілге сәл-пәл қаяу салған сәттері әсте естен шығар ма?! Еске алсаң болды, көз алдыңа жанды сурет болып тартыла қалады. Мен Жұмабек дос туралы естелігімді оның азамат болып қалыптасуының жастық шақ атты алғы өмір кезеңінен бастасам ба деп отырмын. 

Біз Жұмабекпен 1975 жылы жоғары оқу орнына қатар оқуға түстік. Ол жыл­дары жиырманың үстіндегі жап-жас Жұма­бек жалындап жанып тұрған, түр-тұлғасы, жүріс-тұрысы жігіттің сұлтанына сай жас жігіт болатын. Мені көр дейтіндей келбеті келісті осы бір жас азаматты алғаш көргеннен-ақ қатар оқыған қыз-жігіттер бір ауыздан Сәкен Сейфуллинге теңеп кеткен едік. Жұмабек көрікті сымбат-бітіміне сай серілік мінезі танылып, өнерпаздығы белгі беріп тұратын жігіт еді. Сондықтан да «сегіз қырлы, бір сырлы» деген қанатты сөз дәл соған арналғандай боп көрінетін. Сырт мінез келбеті мен ішкі жандүниесі жарасқан азаматтың адами болмысы қандай еді десеңізші! Адамға болсын дейтін адал ниет пен адам­гершілік пейіл оның әрбір ісінен мен мұндалап, көзге ұрып тұратын. 

Мен өз өмірімде қатар жүрген азамат­тардың ішінен Жұмабектей еңбекқор, ісіне тиянақты да тындырымды, ойға алып, бастаған әрбір жоспарлы ісін жері­не жеткізе жүзеге асыруға жан салатын іскер адамды көрген емеспін. 

Ол кездегі біздің түскен оқуымыз ҚазМУ-дың өзі емес, оның ел арасында «Рабфак» аталып кеткен дайындық бөлімі еді. Кеңес дәуірінің алғашқы кезеңінде Сәбеңдер де (Сәбит Мұқанов) сондай «Рабфакта» оқыған ғой, соған сай біз де ҚазМУ-дың дайындық бөлімін солай атап кеткенбіз. Осы «Рабфак» білім алуға құштар жастарға Кеңестік кезеңнің үлкен бір пайдалы бастамасы болды. Дайындық бөлімінен талай талантты да дарынды қыз-жігіттер тәрбиеленіп шығып, өзі таңдаған мамандықтарына жолдама алып, кейіннен білімі мен біліктілігін таныта біліп, елге қызмет еткен, еңбегін ел баға­ла­ған азаматтық тұлғаға айналды. Соның бірі де бірегейі мен білетін осы Жұмабек Кенжалин болатын.

Міне, біз осы қасиетті қарашаңырақ­тың табылдырығын аттаған алғашқы күні танысып, бірден жақын жолдас болып кеттік. Сол бір күндерден бастап Жұма­бек­тің білімге құштар, еңбекқор, ізденім­паздығын жас болса да бас болуға жарар­лық азамат-тұлғалық белгі-бедерін, қан­дай бір іс-шараны болмасын ұйымдас­тыру­дағы іскер-жетекшілік қасиеттерін, туа бітті бойда бар көшбасшылыққа тән толымды адамдық болмысын тани алдық деп айтуға болады. 

Меніңше, артық айтсам кешірерсіздер, Абай айтқан, бәріміз жатқа білетін «толық адамға» яғни кемел адамға тән қасиеттер­дің Жұмабек бойында толысып келе жатқанын біз сол кезде-ақ сезінетінбіз. Бойында бар осынау қасиеттерді ол кейін­гі өмір жолында біз сияқты айналасындағы дос-жарандарына ғана емес, елін сүйген азамат ретінде ел-жұртқа түгел танытып кетті десек, артық айтқандық емес. Міне, осы тұрғыдан келгенде, Жұмабек – бүкіл адамдық қасиет-қадірі толық қалыптас­қан, өмірге адам болып келіп, өмірден адам болып өткен үлкен жүректі азамат. Ол өз өмір жолында бүкіл жандүниесімен біте қайнасқан рухани қозғаушы күштер құдіретін мүмкіндігінше пайдалануға тырысты және толығынан пайдаланды да! Сөйтіп, азаматтық парызын адал атқаруы­ның нәтижесінде адам деген ардақты атқа кір келтірмей өтті бұл пәни жалғаннан. Ол адам болам дейтін пенденің алдына Абай міндет еткен: «Алланы, адамзатты, әділетті сүю» сынды үш сүюді өзінің өмір­лік ұстанымына, өмір сүрудің бұлжымас қағидатына айналдыра білді. 

Осы тұста Жұмабектік болмысқа тән екі-үш қасиетті айта кетейін. Ол қасиет­тер­ді сол студенттік кезден қасында жү­ріп, тонның ішкі бауындай араласқан адамдар жақсы біледі. Жұмабек ойына алып, бастаған қайбір ісі болмасын, қаншалықты қиын болса да жүзеге асырмай тынбайтын азамат болатын. 

Жоғарыда айттым ғой, ҚазМУ-дағы өміріміз «дайындық курсынан» басталды деп. Сол дайындықта оқып жүрген кезде, ардақ тұтатын асыл ұстазымыз Алма Қыраубаева бізге апта сайын шығарма жазғызатын еді. Шығарманы көбіне еркін тақырыпқа жазатынбыз. Міне, осы шығарма жазған кезде біздің ішіміздегі үнемі «бес те бес» алатын осы Жұмабек болатын. Барлығы болмаса да, жазуға бейімі бар, жазғыштау үш-төрт қыз-жігіт болдық. Біздер де, әрине жаман жазбай­тынбыз. Бірақ үнемі «бестік» емес, әркез­де әртүрлі бағаға ие болып жататын едік. Ал Жұмабектің үнемі «бес» алуы өзгелер­ден асып кеткен аса бір білімдарлық кере­метігінен емес немесе әлгі жазғыш жігіт­тердің білім таяздығынан емес, бұл әрбір іске жауапкершілікпен қарайтын, ұстаз сенімінен шыға алмай қалуды өзіне ар санайтын азаматтың, атқарар міндетіне деген серттілік мінезін танытатын. Былай қарағанда, осы бір майда-шүйделеу көрі­не­тін іске қашанда уақыт тауып, тыңғы­лықты дайындалып, аса бір тиянақты­лықпен орындауға деген ұмтылысы жоғарыдағы біз айтқан оның қолға алған ісін үлкен-кіші деп бөліп-жармайтын, мүмкіндігінен төмен нәтиже көрсеткенді өзіне ар санайтын қасиеті мен ар-ұятты зор тұтқан азаматтығының айқын белгісі болса керек-ті. 

 Екінші бір айтайын дегенім, Жұмабек­тің жас кезіндегі өнерпаздық жайынан хабарым барлығымен куәгерлігім еді. «Дайындыққа» түскеннен кейін бір-бірімізбен танысып, араласа-құраласа бастадық, кішігірім отырыстарымыз да болып қалады. Сонда бір байқағаным бізде өнерлі қыз-жігіттер жетерлік екен. Сондай кештерден өзімше бір ой түйдім де, ауылға жүріп кеттім. Біздің ауыл жақын, «ерте шықсаң, кешке жетіп баратын» жерде. Ондағы ойым – үйдегі домбырамды алып келу. Бірге оқитын, бір бөлмеде бірге тұратын тарихшы жігіт бар еді, Молот деген аты да қызық, өзі де қызық. Керемет әнші, домбырашы екен. Соны білгеннен кейін елге ерте шығып кетіп, 8 сағат ары, 8 сағат бері жүріп, үйден домбырамды алып келдім. Содан біздің бөлме думанды ортаға айналды да кетті. Сонда оған шейін домбыра тарта алмайтын Жұмабек әлгі Молотқа қайта-қайта келіп жүріп, домбыраны тез үйреніп алды. Домбыраны кім үйренбейді, сол Молоттан бірнеше жігіт домбыра үйренді. Олар әуесқой күйде қалды да, Жұмабек сол жаңа үйренген өнерін әрі қарай дамытып, кәсіби деңгейге көтеріп алып кетті. Керемет домбырашы, күйші болып қана қоймай, ән шығарумен әуестеніп, әдемі әндер шығарды. Жұмабектің сөзін де өзі жазған «Ақ-Айнұрым» атты әні сол жыл­дары «Рабфакта» оқыған қыз-жігіт­тердің гимніне айналды десек, ол – өмір шындығы. Бұл не? Бұл – біз жоғарыда айтқан өз ісіне берілгендік, бастаған істі аяқсыз қалдырмайтын, ойға алғаннын жүзеге асырмай тынбайтын алғырлық қасиет белгісі. Ойда жоқта кенеттен домбыраға беріліп, тез үйреніп алып, жай ғана домбырашы болып жүре бермей, сазгер атанып, бірнеше ән шығарғанына мен қатты таң қалдым. Мұндай қасиет кез келген адамға беріле бермейді-ау. Әй, қайдам, айналасы бір айдың ішінде музыкалық қабілетін сондай биікке кө­теріп, тәп-тәуір сазгерге айналу, меніңше екінің бірінің қолынан келмейтін шаруа.

Ал Жұмабек «Ақ-Айнұрым» әнін арна­ған Әлима ару екеуі «подкурстан-ақ» бір-біріне ғашық болып, екінші курста отау көтерді. Фильфак пен Журфак жас­тарының арасында бұлардың махаб­батындай аңызға айналған мөлдір махаб­бат, әй, бола қойған жоқ-ау. Екеуінің қыз-жігіт болып жүру сәттері, жазысқан хаттарындағы өзгелерге айтуға болатын жылы сезімнің тасқа басқан маржандай сұлу суреттері, кейінгіге үлгі-өнегі болар­лық тазалық пен адалдықтан жаралған пәк сезімі, кейде бір-бірімен кездесуге уақыт болмай қалған сәттерде, табиғаттың керемет бір еріксіз елітетін күн батардағы кешкі тұстарда «бес» пен «сегіздің» (Студенттер үйі) қарама-қарсы балконы­нан алыстан болса да, бір-біріне қарап тұрып, үнсіз сырласуы, қоштасар сәттегі қиналыстары екі факультет жастарының қызыға да тамасана әңгімелейтін тәтті тақырыптарына айналған-ды. Екі фа­куль­теттің қыз-жігіттері олардың махаб­баттарына қызыға қарап, басқа-басқа жігіттің марқасқасы Жұмабек пен оқыған қыздың озығы ару Әлиманың отауласуын тілеген тілектері бір жерден шығып жату­шы еді. Олардың жандүниесіндегі сағы­ныш та, бір-біріне деген адалдық та көрі­ніс табатын әсерлі сәттер сыры бүгінде курс­тастар кездесе қалағанда, әлі де әңгіме­ге өзек болып жатады. 

Бірінші курс аяқталған соң, Жұмабек Нарынқол ауданында студенттік құрылыс отрядында болды. Ертеңге күнге керекті қаржы жағын сәл-пәл тиянақтаған соң, сол жылы отбасын құрды. Екі факультеттің бір-бірін «Рабфактан» білетін қыз жігіт­тері факультет аралық, Студенттер үйі аралық құдалық, күйеу келтіру, қыз ұзату сынды ата салт-дәстүрлерді өзімізше жаңаландырып, әзіл-қалжың, ән-күймен сабақтастырып, Жұмабек пен Әлиманы бақыт жолына шығарып салдық. Бұл іс-шараларды ұйымдастыруға басшылық жасаған Күйеу жігіт Жұмабек жақтан кейін облыс әкімі орынбасары деңгейіне көтерілген, белгілі журналист Мейрамбек Төлепберген, ұзатылар ару Әлима жақтан мен болдым. Олар бақытты отбасына айналды. Екі ұл өсірді, келіндер түсірді, немерелер сүйді. Төрт құбыласы тең дейтіндей-ақ жанұяға айналды. Әлима Жұмабекке бақытты болам деп барды, үміті ақталды. Өзі де Жұмабекке бақ бо­лып кездесті, Жұмабек құт-береке дары­ған шаңырақтың отағасы болса, Әлима отанасы бола білді. 

Жұмабек өз өмірінде қиыншылықты көп көрді. Мен оны жақсы білемін. Біз студенттік жылдардан кейін де жақсы араластық. Мен үшінші курстан кейін Мәскеуге ауысып кеттім. Одан Жезқазған­да қызмет істедім. Сол тұста 5-6 жыл Жұ­ма­бекпен көріспей, араласа алмай қал­дық. 1984 жылдан бастап қайта табысып, отбасымызбен араласа бастадық. Міне, осы кезеңдерде мен бағалаған Жұмабек бойындағы биік қасиет – әділдік! Қандай жағдай болмасын Жұмабек тек әділетке тақ тұратын. 

Әйгілі Абай айтатын үш сүю: «Алланы сүй, адамзатты сүй, әділетті сүй хақ жолы деп». Осы Абай айтқан үш сүюдің алдыңғы екеуі Жұмабектің бүкіл болмысынан танылып тұратын-ды. Оған мысал келтіріп жатудың қажеті шамалы. Ал үшіншісін Жұмабек өз өмірінің әрбір иірімінде дәлелдеп кеткен адам. Оның мына өмірде ең бір қастерлейтін қасиеті әділдікті сүю еді. «Әділетті сүй хақ жолы деп» деген ұлағаттың Жұмабек бойында тұнып тұрғанын талай көрдім, куәсі де болдым. 

Адалдық пен әділдік ұғымдарын жанына жақын тұтқан Жұмабектің өз өмір жолында әділетсіздікке кезіккен кезі аз болған жоқ, бірақ болмысындағы парасат­тылық пен бойындағы қайрат-жігер сондай сәттерде оны мойытуға жол бере қойған жоқ. Ол небір қиын жағдайларды бастан өткеріп, «ауырдың астымен жүр­ген» сәттерде де қиындыққа төзе білді, өзін-өзі қайрай отырып, жөнсіздік пен жол­сыздыққа қарсы күресе білді.

Оның мына өмірдегі әділетсіздіктен оқу бітірерде қызыл диплом ала алмай қалғанын біреу білсе, біреу білмес. Бес жыл «беске» оқып, қоғамдық жұмысқа бел­сене араласып, өз міндетіне алған істі аса зор жауапкершілікпен атқарып, Лениндік стипендиат, қалалық мәслихат депутаты, университеттің маңдай алды сту­денті бола тұрып, мемлекеттік емти­хан­да сол кезеңдегі ең құдіретті пән «Ғылыми коммунизмнен» «үш» алып қалған жалғыз Жұмабек. Міне, тағдыр! Білімсіз болса, бір сәрі. Өзгелерден оқ бойы озық жүрген ұланның жолын кесуді ұйымдастырған қандай қасиетсіздің ісі десеңізші?! Білесіз бе, бұл азаматтық тұлға ретінде енді-енді қалыптасып келе жатқан қайраткер жас үшін өте ауыр соққы болатын. Бір минутын босқа өткізбей, оқу мен еңбекті қатар алып жүріп, бәріне үлгерген бес жылдық еңбегі далаға кеткен адамның тағдыр қиындығын өзіңіз ойлай беріңіз... 

Бірақ студент Жұмабек боркеміктік танытпады. Мойымады, қасқайып қарсы тұрды. Әділеттік іздеді, ізденді, әділдік сұрап айтысты, еш нәтиже шықпады.

Жұмабекке өзі жақсы білетін пәннен «үштік» қойылу тарихының қалай болға­нын мен кейін өзім сол факультетте ұстаз­дық етіп жүргенде зерттеп білдім. Шын­дық­тың сырын аштым. Оған кім кінәлі екенін де жақсы білемін. Бұл оқиға – «қызғаныштың қызыл итіне жем болып жүрген» жалақор, жалған достардың іс-әрекетінің «жемісі». Олардың жалған ақпараты алалауға жаны құмар куратор­дың пейіліне сай келіп, сол арқылы деканның қолдауына ие болып шыға келген. Ар жағы белгілі. Ал озат та озық үлгідегі студент әлгілердің кесірінен университетті көк дипломмен бітірді. Бұл өте ауыр тағдыр соққысы болатын. Міне, осынау ел алдында абыройын төккен үлкен соққыны Жұмабек көтере білді. Кейінгі жеткен жетістіктері арқылы әлгілердің әділетсіздігін мойындата да алды. Басқасын қойып, сол өзі «түбің түскір» үш алған ғылыми саланың жаңа­ша бағытын зерттеуге ниет етіп, ұстазымыз академик, философия ғылым­дарының докторы, профессор Раушанбек Әбсат­таровтың жетекшілігімен 2004 жылы «Бұқаралық ақпарат құралдарының қазақстандық патриотизмді қалыптас­тырудағы рөлі» деген тақырыпта диссертация қорғауы дер едік. Өзінің сан тарапты журналистика саласындағы қай­рат­керлік қызметін ғылыммен ұштастыра білген, бесаспап ұстазға айналып, Абай атындағы ҚазаҰПУ Саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер кафе­драсының профессоры қызметін атқарып, студенттерге дәріс оқу арқылы, оларға білім беріп ғана қоймай, біліктілік тәр­биесінің тағылымдарын санаға сіңіруге ұмтылуы, ілгерідегі әділетсіздікке беріл­ген басты соққы деп білеміз. 

Тағы бір атап айтар нәрсе, Жұмабек сол студент кездің өзінде-ақ бүкіл елдің алдында жүрген азамат еді. Жұмабек басшылық арнайы тағайындаған жетекші ғана емес, айналасы қадыр-қасиетін мойындай отырып, өз ортасынан шығар­ған көшбасшылық қасиетке ие тұлға-тын. Ол өз курстастарынан көмегін еш аяған емес, оларға үнемі рухани да, материалдық та көмек көрсете жүріп, керемет қолдау танытатын. Сол мінезден кейіннен тұлға­лы азамат болған кезінде де еш айныған емес.

Өзі ұйымдастырған курстастарының 30 жылдық кездесуіне арналған «Құс қайтып оралды Алматыға» атты кітапта өзі ашық жазған екен көп жайды. Сол кітапты өз баспасынан жарыққа шығарған курстасы Талғат Айтбайұлы мұны өте жақсы біледі. Сонда Жұмабек не жазыпты дейсіз ғой?! Кітапта Жұмабек жазған екі мақала бар. Оның бірі «Арман қуып, арғымақ ойнатқан» деп аталады. Екіншісі – «Әділдік туралы әуезе». Алғашқы мақа­ла дүниеден өтіп кеткен, өзінің студенттік жолдастарын еске алу іспетті. Болат, Мылтықбай, Абдолла тағы басқа достары туралы тебірене жазып, құрмет­пен еске алады. Жақсысын асырып, жаманын жасырып дегендей, солардың өзі куә болған адами қасиеттерін жарқы­рата ашып, бірге жүрген күндердегі пәни жал­ғанның қуаныштарын қарсы алған сәт­тердің қызықтарын, басқа түскен қиын­дықты жеңе білген жұбанышты сәт­терін мөлдірете жазып, тебірене жеткізеді.

Осы кітапты жазуға ат салысқан басқа курстастар өздері жайлы толғаған. Ал Жұма­бек өзінің осындай дүниеден өтіп кеткен жолдастары туралы жазды. «Өзі айта алар өз жайын» жазбай, өздері туралы айта алмайтын достарының жандүниесіне үңіліп, өткеннің елесінен кешегі мен бү­гін­гінің шындығын туғыза алды. Менің­ше, нағыз адамдық пен азаматтықтың белгісі осы болуға тиіс.

Екінші мақала «Әділдік туралы әуезе» деп аталатынын жоғарыда айттық. Не туралы? Әлгі мен сөз қылған «үштің» әлегі туралы. Осы мақалада өзінің өмірлік ұстанымдары туралы терең ой қозғайды. Назар салып, оқып көрелік: «Ал адалдық, өз ісіме деген қалтқысыз тазалық, бұл – менің өмірлік ұстанымым. Балаларыма бойтұмар етіп қалдырар қағидатым». Міне, осы сөздері арқылы Жұмабек өз бойындағы адами, азаматтық болмыстың, шымырлаған шындығын өзі ашып берген. Қайран Жүкең сол бір «үш» күшке айналған сәтті «Есеп айырысудың құралы болған емтихан» деп бағалапты. Ол кейін өзіне-өзі серт беріп, қиянатшылдар алдында өзінің кім екенін дәлелдеуге тырысты. Ерінбей еңбек етті, тер төкті. Соның бір дәлелі жоғарыда айтқан ғылыми ізденістегі күрделі еңбек. Әттең дейтін өкініш, жазылып біткен, дайын тұрған докторлық еңбекті қорғауға «тағдыр-жазмыш» мүмкіндік бермеді. 

Оқу бітірген соң, Жұмабек өзінің қызмет жолын Орталық комитеттің жолдамасымен барған «Социалистік Қазақстан» газетінен бастап, қазақ журналистикасының дамуына өлшеусіз еңбек сіңірді. Бірнеше республикалық басылымдардың бас редакторы болды. Көрнекті қоғам қайраткеріне айналды. Дана Шәкәрім: «Өмірдің өкінбейтін бар айласы, Ол айла – қиянатсыз ой тазасы. Мейрім, ынсап, әділет, адал еңбек, Таза жүрек, тату дос – сол жарасы» деп жеті қасиеттің сырын ашса, Жұмабек болмы­сына осынау қасиеттер түгел түзіліп тұр деп нық сеніммен айта аламыз. 

Жұмабек көтерілген биіктіктің бәрі – таза еңбек пен әділ жүріп, анық басқан іскерлік пен жақсылықтың жана­шыры бола білген көшеліктің арқасында жеткен жетістіктер нәтижесі. Өзін-өзі білген, өзіне-өзі сенген, өзін-өзі тәрбие­лей білген азамат осылай болуы керек деп ойлаймын.

Мен Жұмабек жайлы айтылар сөз әлі алда деп білемін. Бүгінгі жазбаға оның студенттік жылдарын, азамат ретінде қалыптасу кезеңін арқау еттім. Алла өмір берсе, Жұмабек жайлы айтарымыз тау­сыл­мақ емес. 

Бала кезінен өмірге өзгеше көзқарас­пен қарап, азамат ретінде өзіндік «МЕНІН» қалыптастыруға бүкіл өзінің саналы ғұмырын арнаған Жұмабек, бір сөзбен айтқанда, қашанда болса барлы­ғымызға, бізге де, сізге де, бүгінгі жастарға да үлгі болар бірегей Тұлға! Азаматтық Тұлғаның өмірі өнеге, ғұмыры ғибратты бола бермек!

Өмірхан ӘБДИМАНҰЛЫ,  

филология ғылымдарының докторы, профессор