Бүркеншік аты: Қаба Мыңбаев
Елдік жырлары
(цикл)
Есенбісің есіл елім
(толғау)
Дәл өзіңдей бар ма бауыр?!
Сағыныштың салмағы ауыр!
Жанарымда жас мөлдіреп,
Заман салды жанға зәбір.
Көкірегін кек кернеген.
Зарға бөкті сарнаған ұл.
Қасиетті құтты мекен,
Қайран жұртым, қалды-ау ауыл.
Жат қолында жерім қалды.
Айтылмаған шерім қалды.
Тәңір тәжті тауымды алды.
Жасыл-орман бауымды алды.
Еңіреген елім қалды.
Ел қорғаған еріңді алды.
Әкем жортқан жерім қалды.
Атам жатқан төрімді алды.
Шыдар қалай құрыш жаным?!
Құт-берекем, ырыс-бағым,
Есенбісің, есіл Елім,
Амансың ба, туыстарым?!
Арқа тіреп ата жұртқа,
Арқаланып ту ұстадым
Қайран Іле сағынғанда,
Есілге кеп тыныстадым.
Жұмақ орнар жұмылғанға.
Жұдырық көп жығылғанға.
Естігейсің мұңымды Алла,
Тыңдағайсың жырымды Алла!
Жалбарынып жатам түнде,
Бас ұрмаған күнім бар ма!
Астымдағы ал тағымды,
Басымдағы бағымды алма!
АЗАТТЫҒЫМ – АСТАНА
Тәуелсіздік тірегім.
Жырға толды жүрегім,
Азаттықты айбынды,
Аңсап туған ұл едім.
Еркіндігің болмаса,
Қайран қазақ кім едің?
Қамыт қадап басыма,
Үзілгенде күдерім,
Тәңір тыңдап зарымды,
Қабыл болды тілегім.
Бостандығым оралды,
Жаңа туып, түледім.
Ақордасын айбынды,
Салу үшін ұлы елім,
Алтаудан - Арқаға,
Аттың басын тіредің.
Хан Кененің байрағын,
Қараөткелге байлаған.
Қанды кегім жүректе,
Ғасыр бойы қайнаған.
Бостандығым сен үшін
Бабам жолдан таймаған.
Алартқанда жанарын,
Жасқанбаған айналам.
Жартқаннан басқаға,
Алақанын жаймаған.
«Қалың елім қазағым»
Қаймықпаған қайманам.
Ақордаға айналды,
Алыс жатқан айдалаң.
Бақ дарыған басына,
Жаңа Астанам жайнаған,
Ерке Есілдің бойында,
Көркіне көз тоймаған.
Арман болған, Астана,
Бұйырмаған басқаға.
Болашағың байсалды,
Жарқыраған, жас қала,
Ақтабан боп шұбырып,
Зар болғамыз қосқа да,
Әмір берген кез болды,
Көк түркіге тас қала.
Тұсау салған тағдырың,
Кәріге де жасқа да.
Емегенді ел бодық,
Бұл күндері Астана,
Азаттықты аңсаған,
Қазағыма баспана.
Қасиеттім, Қымбаттым,
Қуаныштан үн қаттым.
Арман болған Астана,
Жан-жүректі жырлаттың.
Қанша ғасыр, қазағым,
Көздің жасын құрғаттың,
Аман тұрса – Астанам,
Мен қасқайып тұрмақпын
Бағасы ауыр алтынан,
Басымдағы бұл бақтың!