Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы
«Поэзия» номинациясы: Өртенген арал (баллада)
118
оқылды

Бүркеншік аты: Қарауыз 

 

ӨРТЕНГЕН АРАЛ

(баллада)

 

Шығарманы шеткері ауылда жүріп, ұлт үшін адал терін төккен, ғұмыры елеусіз болса да, ісі мәңгі қалған қарапайым еңбек адамдарына арнаймын.

Автор

 

Өркеш-таудан сығалап Ай табағы,

Сүт нұрымен айдын-көл найқалады.

Аягөздің аялы өзенінен,

Адамдардың тағдыры байқалады.

 

Қараша жұрт көкейден қаштырып ән,

Шарасыз қап, қанша рет «бастырылған».

Үкі-көңіл жалтақтап жан-жағына,

Үрейленер көктемнің тасқынынан.

 

«Тәңір берген сынақ дер» біреу оны,

Дауыл соқса қиратып, кілең долы.

Кір жұқпаған әйтеуір жүрегіне,

Жайқалар деп бір күні күдер бағы.

 

...Қалың орман сауырын жел ұрған шақ,

Қалың уайым қылатын сенімді алшақ.

Көлігімен қария шықты ауылға,

Шаңырағына тезірек жетуді аңсап.

 

Жол ортада күшейіп қарғын суы,

Жаңғырып бір үдеді жаздың шуы.

Жапан түзде ақсақал жалғыз қалып,

Қарағайдай сілкінді жанның ділі.

 

Тасқын солай жайылып маңайына,

Қорқыныштан тершіді самайы да.

Бір төбені бетке алып, тұрды сонда,

Кешкі іңірдің телміріп арайына.

 

Үзілмеген үміт-ай, үлбіреген,

(Көз алдында құлаған шіркін емен).

Сыңғырлаған бұлақтың елесіндей,

Сырғып өтер жан жасы күлкіменен.

 

Тұрған шақта ақсақал «әттең-айлап»,

Көмек үнін естіпті шеткері аймақ.

Ат терлетіп алыстан жігіт келді,

Құтқаруды сол кезде ептеп ойлап.

 

Күлік – асау, намысшыл жігіт – мығым,

Көрсетердей түнектен үміт нұрын.

Қарагерін қамшылап жіберді де,

Суға түсті, қарамай суықтығын.

 

Түйсікті аты ұғынып бірден оны,

Тыпыршыды, желбіреп күлде жалы.

Орағытып, ойқастап, қарғып, шұлғып,

Толқын күшін итеріп жүрген ары.

 

Жүрген ары, тістеніп, ызаланып,

Тұяқ серпіп, көз жанып, жүз аларып.

Мойыған жоқ белі мен аяғына,

Абжыландай жатса да мұз оралып.

 

Бір майданды көргендей қиыр бүгін,

Ерлігіне жігіттің сыйынды Күн.

Осындайда түсінер тірі жандар,

Өмір үшін күрестің қиындығын.

 

Қария үнсіз.. аралда мелшиеді,

Қандай бақыт, ер аты келсе ілгері!

Қол созым жер қалғанда, қарғын үдеп,

Одан әрі байқалды өршігені.

 

Орнағандай бір сұмдық, майдан түгіл,

Қияметтің қылына байланды іңір.

Ат пен өзен, сор мен бақ, өмір-өлім,

Ауыздықпен алысқан қайран ғұмыр.

 

Қайран ғұмыр,

Қайран қарт,

Қайран арман,

Жақсы өмірдің жалауы қайда қалған?

Мәні бар ма таулардың, қыраттардың,

Мәні бар ма бұлбұл құс сайрағаннан?

 

Батты, міне, Күн-дағы ұясына,

Шашыратып қызыл нұр қиясына.

Қайрат кетті, бойдағы күш кеміді,

Қалам-рухтың таусылды сиясы да.

 

Шорт кесілді сенімі шалдың да ақыр,

Тасқын иді жігіттің жанын батыл.

Қозы-үмітті қасқырша жұлқып тастап,

«Қайтесің» деп қандыкөз қарғын жатыр.

 

Аман қалар кімдер бар алаң құздан?

Жүреді адам тағдырмен заман сызған.

Кері бұрып ат басын бозбала да,

Қайта оралды жағаға амалсыздан.

 

Ұсынса да сыйлығын ғалам небір,

Үр-уақыттан керегін алар көңіл.

Шектеп асып, долы өзен көтеріліп,

Ағып кетті соңында алаулы өмір.

 

2

...Нені ойлады әлгі қарт таусыларда,

Өтінді ме, «сайра» деп әнші маңға?

Нені ойлайды адамдар туған кезде,

Нені ойлайды адамдар жан шығарда?

 

Ойлады ма бал күнін, балалығын,

Қателігін, күнәсін, шалалығын?

Ойлады ма алғаш рет жалғыздықтан,

Жайлап кеткен шақтарды даланы мұң.

 

Ойлады ма кіндігін кескен елді,

Өрекпіген, өрлеген, өскен елді?

Ару бетін алғаш рет сүйген кезді,

Ару үшін өзенді кешкен елді?

 

Ойлады ма қызыл бел қызғалдағын,

Қызыққанын, біреуді қызғанғанын?

Өтіріктің адасып орманында,

Кеудесінде мәңгілік сыз қалғанын?

 

Кім ашады бұл сырды, кім біледі?

Табылар ма жүректің шіркін емі?

Жалғыз ойдың тозаңдай салмағынан,

Жер де құлап кетуі мүмкін еді.

 

3

Көктем өтті.. жаз келді жаймашуақ,

Жаңбырдан соң жайқалып майда құрақ.

Жігіт отыр саралап өткен күнін,

Түбі шексіз шыңырау ойға құлап.

 

Сол бір қарғын,

Сол арал,

Сол бір күні,

Өшіп еді мәңгіге тағдыр үні.

Құтқаруға болар ма ед, қайта барып,

Дүниенің ашылса тар құлыбы.

 

Бұзбаса да патшаның тас қамалын,

Кегі қатты болады жас баланың.

Қара құйын мінезді таныған соң,

Қара аспан да аңдиды қас қабағын.

 

Маза бермей оқиға жаралы әлгі,

Әр күн сайын тұратын сана қарғып..

Жан азабын бір сәтке басу үшін,

Өртеп кетті жас жігіт сол аралды.