Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы
«Поэзия» номинациясы: Астанада...
128
оқылды

Бүркеншік аты: Ноктюрн

 

АСТАНАДА... 

 

Астанада көшелер бар,

Көшелерде сырлар бар.

Астанада ғимараттар,

Ғимараттар тыңдарман…

 

Астанада аспан да бар,

Ал аспанда көк бұлттар.

Астанада жастық шақ бар,

Байлық та бар, жоқтық та.

 

Асығыстау көліктер бар,

Асықпайтын жолдар бар.

Көкке ұшқан бар махаббаттан,

Сағыныштан солған да.

 

Дүкендер бар сені күткіш,

Сосын күтпес уақыт бар.

Аялдама тұрағы бар,

Он шақырым бақытқа.

 

Қауышатын сағаттар бар,

Қол бұлғайтын сәттер де.

Күндей салқын адамдар бар,

Адам да бар ақ кеуде.

 

Күл боп тынған күндерің бар,

Күлімдеген сәтің де.

Мойынорамал Есіл де бар

Бәйтерек бір әтір ме?

 

Жаңбыр да бар досың сынды,

Жалғыздық та бар тағы.

Ескерткіш бар ескі күндей

Саған жүгін артады.

 

Астанада ағаштар бар,

Аппақ мамық төгетін.

Ақ мамықтай сәттерің бар,

сүйген,

күткен,

сенетін...

 

Астанада таң да, түн де.

Асықпаңдар бекерге.

Бәрін бір күн Астанаға

Аманаттап кетем мен...

 

****

"Хафиз сыйлаған екі шаһарға,

Алматыны да қосып ал дедім..."

Жүрсін

 

"Менің барлық бал қылық, нәзіктігім,

Сенің ғана алдыңда төгілерін..."

Фариза

 

Сен аспанды сүйесің,

Мен сондықтан,

Шашымның түнгі аспан түстестігіне қуанатынмын.

Жымисам жүзімді айға ұқсатып, жұрттың бәрін нұрыма суаратынмын.

 

Сен тәкаппарлықты ұнататынсың.

Ал менің

Жетіқарақшы сынды жеті меңім бар,

Сезімге әлсіз күшім сәл...

"Алмаймын" дейтін көкірегім бар –

Жиырма бір шаһар ұсынсаң...

 

Я, сонсоң,

Сен жалғыздығыңды сүйетұғынсың

Өзіңе-өзің жарасып,

Мен... Енді... Жалғыздыққа ұқсап тұрмын ба?

Қарашы!

 

Сен құстарды сүйдің,

Тұстарды сүйдің-

құштарлық сынды тамаша.

Құштарлық болып қағынған кезім

менің де көп қой санасам.

 

Сен өлеңді сүйдің, өлімді сүйдің.

Ұқсас па олар, әй, сонда?

Мен өзімді сүйгізе алар ма ем

Қара өлең менен қара өлім сынды қара шашымды жайсам да...?

 

Сен

аспанды сүйіпсің...

Түн түстес емес, теңіз түсіндей аспанды...

Мен шашымның теңіз түстес аспанға ұқсамағаны үшін жатып ап,

Құдайға өкпе жастандым....

Ал сен Оны шексіз сүйетінсің....

Мен Құдайға еліктей бастадым соны білгелі.

Аспанға қонып үлгеріп.

 

Қызғалдақ құрбыма

 

Ғажайып екенсіз Голландқа бергісіз!

Сіз кімсіз?!

...Аспан ба?

Жоқ әлде Жермісіз?!

...Менің де ғұмырым-Қызғалдақ!

Тек оны...

Қай кезде үзері белгісіз...

 

Сұлулық болса ғой

Мәңгі жас!

Мәңгі өлмес!

Қазасыз!

Сіз неткен сұлусыз! Тазасыз!

...Ғұмырлық сұлулық тек қана өлеңде!

Бәлкім, сіз де өлең жазасыз?!

 

Мүмкін сіз ұлы ақын шығарсыз?!

Пенделіктен биік тұратын шығарсыз?!

Байқатпай осынау бар ғаламды

Мейірімді ерініңізбен сүйіп тұратын шығарсыз?!

 

Сіз кімсіз?

Жаралып әкесіз, шешесіз,

Неліктен келте өмір кешесіз?!

Планета делінген мейрамxанаға қош келдіңіз!

Не ішесіз?!

 

...Шаттық па?!

Жоқ, әлде, мұң бәлкім?

Даяшы бар ма екен?!

Тыңдар кім?!

Естілік ішіңіз есепсіз,

Өмірде өзінше жынды әркім...

 

Уа, құрбым!

Голландтан мәңгі жоғаласыз да,

Ата-жұртыңызға ораласыз ба?!

Жалқыннан жалқын күн кештім мен де,

Жан құрбым бола аласыз ба?!

 

Сен жайлы

 

«Безобразное - тоже прекрасное...»

                                    (Достоевский)

        «Токо, Незачем впутывать Бога...»

                                     (Гюго)

            «...А, ведь, Бог-это ЛЮБОВЬ!»

                                     (Толстой)

           «Я xотела просто влюбиться...»

                                       (авт.)

 

тағы тағы алдады әлем сені,-

Тағы кеше тарылды жан өлшемің...

Сені қатты құшақтап қайтқым келді

Анадай –

нәрестеге зар емшегі...

немесе

Құрбың сынды

Талай кеште талқажау болып келген,

Қалауыңды табатын... көріпкелдеу...

Ал өзіме қиындау болар, бәлкім,

дәуірлердің шамындай сөніп көрмеу…

...күн секілді көз ілмей күту, аңсау,

сен, ренжіме, қымбаттым, мен егер де

Өксігімнің шарабын жұтып алсам...

...Анда-санда...

қарайлап күнтізбеге,-

қайталап жыл атауын, ай атауын,

түс көретін күнімді күтем, ылғи, -

түсімде сені күліп оятамын.

 

Бүгін,міне,

Сенсіз тағы жағдайым мүшкіл еді,

Отырам да,

өлім жайлы ойлардан түшкіремін.

өмір десем, үнемі, сен тұрасың, -

Уа, неткен ыстық едің...

...білмейсің ғой...

Өйткені, тағы алдаған әлем сені...

Тағы кеше тарылған жан өлшемің...

 

Дауыс

 

Ол қоңырау шалды.

Жабық терезенің ар жағындағы жаңбыр дауысы.

Ол қоңырау шалды.

жабық терезенің ар жағындағы азан дауысы.

ол қоңырау шалды.

Жабық терезенің ар жағындағы торғай дауысы.

ол қоңырау шалды.

Жабық терезенің ар жағындағы

Адымдар үні.

Барлығы жадымда жүріп,

Құддыбір,

оның қоңырауымен қайта жаңғырған ескі бір сезім құсап.

Баяғы өзім құсап!

немесе, Құдайдай -

сағынған әлемді.

жаныма оралды, тағы енді.

 

Мен

Жаңбырды, азанды, торғайды, адымды тыңдайтынмын,

үнсіздік еститін ол ылғи.

Біз осылай сөйлесетінбіз.

бір тұтқа – өмірдей,

бір тұтқа – өлімдей болатын.

Бір күні

Мен оның

Апталап, айлап ашылмай қалатын есігін қақтым.-

Өлімнің шешімін таптым.

ал ол шатасып жабық терезесін ашты. -

Өмірдің шешімін тапты.

 

Күн керіліп

Әйтеуір, ай есінеп,

Жыл-жартастар барады уатылып.

Қандай жақсы-

Жас пен жаңбыр барлығын жуатыны,

Үгітілген жауапсыз сұрақтарды,

Онан сайын өлтіріп тынатыны...

Жақсы ғой, ә?

 

Сағынбаймын-

Естеліктер ескірген киімдерде.

Кенішіммен қауышқын, күйін көр де!

Мен кезінде бақыттан билеппін ғой

Жәй ғана көрсетпегем биімді елге.

Оған куә жалғыз-ақ көк көйлегім.

Бұдан басқа киімім жоқ па,ей,менің??!

-Уай, күртешем бар екен қалың, қара,

Су,су болып сарғайған,

                             Сен келсін деп,

Қолшатырсыз жүрем ғой жауында да...

 

Әй, тағы, жейдем бар ғой

Ағытылып көрмеген түймелері,

...Сенің иісің сіңсін деп кимеп едім...

А, айтпақшы,

Анау көйлек жыртыла берсін енді,

Ешкім оның білмесін билегенін...!

 

 

СЕН ӨСКЕН КӨШЕНІҢ АСПАНЫ...

 

Кешкісін

Санасын шимайлап ойнайтын,

Өлеңін өртеді...

Күлінің күлкісі жанына ұқсайды.

Ол сонсоң

күлге ұқсас бір өлең жазды да

қуанды...

Өртенбей қалар деп....

 

Жаны да күл сынды

Болмаса сағыныш бұрыннан өртер-ді.

Сен болсаң

Өртенген әлемде көтеріп

Күл болған көрпеңді,

келесің...

Келдің ғой

Жұмақтың құлыбын құшақтап уысың.

төбеңде - торғайлар дауысы...туыс үн-

Есіңде

сен өскен көшенің аспаны...-

Ондағы жалғыз құс-

Сол құстың үнінде-жалғыз сөз.

сол сөзді аударғың келетін...

Себебі

Сол бір сөз -жалғыздық пішіндес болатын-

Барлығы көретін...

Барлығы сенетін...

 

Келесің....

тағы да...

Жұмақтың құлыбын құшақтап уысың.

төбеңде - торғайлар дауысы...туыс үн...-

үнінде жалғыз сөз- жалғыздық пішіндес

Барлығы көретін...

Барлығы сенетін...

Сол сөзді аударғың келетін...