Америкалық мемлекеттік органдар сирек кездесетін араларды сақтау үшін жаңа деректер орталығын салуға рұқсат бермей қойған. Орталық атом энергиясын қолданатын болып жобаланған еді.
АҚШ-та АЭС-ті қолдануға неге рұқсат бермеді?
Тоттанған түкті ара Meta-ның ядролық қуатпен жұмыс істеуіне тосқауыл болуы мүмкін. Фото popsci.com сайтынан алынды. Авторлығы: Deposit Photos
1,403
оқылды

Financial Times басылымы Meta-ның ядролық қуатпен жұмыс істейтін деректер орталығын салуға рұқсат ала алмағанын жазды. Осы материалға сүйенген Aikyn.kz бұндай шешімнің себебін талдайды. 

Марк Цукерберг жаңа деректер орталығын атом қуатымен қамтамасыз етуге ірі АЭС-пен жасалған келісім іске аспайтынын мәлімдеген. Фото qz.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Alex Wong

Meta өзінің жасанды интеллект жүйесін енгізуге жаңа деректер орталығын жасауға күш салуда. Электр қуатының тапшылығын ескерген алпауыт компания қуатты атом электр стансаларынан сатып алмақшы.

Марк Цукерберг жасанды интеллект амбициялары үшін жаңа деректер орталығын электр қуатымен қамтамасыз етуге ірі АЭС операторымен жасалған келісім іске аспай қалуы мүмкін екенін компанияда өткен жабық жиында мәлімдеген. Себебі АҚШ-тың реттеуші мемлекеттік органдары экологиялық және нормативтік ережелердің бұзылғанын көрсетіп, жаңа деректер орталығын салуға рұқсат бермеген.

Financial Times басылымының айтуынша, Meta-ның ядролық қуатпен жұмыс істейтін ЖИ жүйесі үшін қажет ірі деректер орталығы салынуы тиіс жерде сирек кездесетін аралар табылған.

Amazon, Google және Microsoft сияқты технологиялық алпауыттар арасындағы атом энергиясын қолдану жарысында Meta кешігіп жатыр. Енді міне, компания ядролық жасанды интеллект деректер орталығын орналастыру жоспарын сирек кездесетін аралар бұзған.

Meta-ға атом энергиясына қолдануға тосқауыл тек араларға жанашырлық емес, атом энергиясына деген АҚШ-тың сенімсіздігі де болуы мүмкін. Иллюстрация cryptopolitan.com сайтынан алынды

Amazon, Google және Microsoft жақында атом энергиясын қолдануға бірнеше келісімдер жасаған. Өйткені технологиялық компаниялар ЖИ-ді дамытуға қажетті мол энергияны табудың әртүрлі жолдарын іздестіруде. 

Aikyn.kz бұл келісімдер туралы «Google мен Microsoft көміртек шығарындыларын азайтудан бас тартты» атты мақалада жазған болатын.

Meta-ға жаңа деректер орталығын салуға АҚШ мемлекеттік органдарының рұқсат бермеуі тек араларға ғана жанашырлық емес, атом энергиясына деген әлемдегі ең дамыған елдің сенімсіздігі де болуы мүмкін.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.