Құбылмалы ауа райы алдағы үш күн бойы сақталуы ықтимал.
Ақтауда қатты желден аялдама құлап, екі адам зардап шекті (видео)
Коллаж: lada.kz
217
оқылды

Ақтау қаласында қатты желден автобус аялдамасы құлап қалды. Соның салдарынан екі адам зардап шекті, - деп хабарлайды  Aikyn.kz 24-ке сілтеме жасап.

Мертіккендердің бірі – 52 жастағы әйел. Бірнеше қабырғасы сынған науқас хирургия бөлімшесіне жатқызылды. Қазір жағдайы орташа ауыр. Ал 48 жастағы ер адамның сол қолына зақым келген. Алғашқы медициналық көмек көрсетілген соң ол үйіне жіберілді. Дәрігерлер тағы бір ер адамның әскери бөлімнен келіп түскенін хабарлады. 36 жастағы жігіттің денесіне ғимарат шатырының сынығы тиген. Ақ халаттылар оның өміріне қауіп төнбегенін айтады. 

- Оң жақ қабырғаларының бірнешеуі сынған. Салыстырмалы тұрақты деп айтуға болады. Қабырға сынғаннан ауа өкпе қуысына жиналып қалған, - деді қабылдау бөлімінің меңгерушісі Қайрат Нұрәлиев.

Айта кетейік, Маңғыстау облысында күндіз 12.00 шамасында дауыл тұрып, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың қасбетін ұшырды. «Қазгидромет» филиалының мәліметінше, құбылмалы ауа райы алдағы үш тәулікке дейін сақталуы ықтимал.

- Бүгін өңірде қолайсыз ауа райы болуы мүмкін екендігі тұрғындарға ескертілді. Қазір кей жерлерде желдің жылдамдығы секундына 24 метрге тең. Алдағы тәулікте күшті жел мен жаңбыр тұрып, түнде жолдарда мұз қатуы мүмкін. Сондай-ақ қар аралас жаңбыр жаууы ықтимал, - деп нақтылады «Қазгидромет» РМК филиалының директоры Айгүл Төлеуғалиева.