АҚШ-та жергілікті уақыт бойынша таңғы 6:00 мен 9:00 аралығында сайлау учаскелері ашылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz 24kz арнасына сілтеме жасап.
Әртүрлі уақыт белдеуіне сәйкес кей штаттарда 11:00 мен 16:00 аралығында жұмысқа кірісті. Ал президенттік доданың нәтижесін ауытқымалы жеті штаттағы сайлаушылар шешеді. Сонымен, алпауыт елдің алдағы 4 жылда көшбасшысы кім болады? Сайлау нәтижелері қалай, қашан белгілі болады?
Әлем көз тіккен Америкадағы сайлау күні де келіп жетті. Бұған дейін 70 млн-нан астам америкалық мерзімінен бұрын дауыс берсе, бүгін халықтың басым бөлігі алдағы 4 жылдағы АҚШ-тың көшбасшысын таңдайды. Бірақ тұрғындардың көбі өз үміткеріне дауыс бергенімен, кандидат жеңіске жетпеуі мүмкін. Өйткені сайлау тағдырын жеті ауытқымалы штаттардағы сайлаушылар шешеді. Негізгі штаттарға: Пенсильвания, Солтүстік Каролина, Джорджия, Мичиган, Аризона, Висконсин және Невада жатады.
Сайлауда басым түсу үшін кандидат 538 сайлаушының кемінде 270 дауысын жинауы керек.
Бұл штаттардағы сайлау учаскелері шығыс уақыты бойынша кешкі 7-ден 10-ға дейін жабылады. Ал дауыс санау бірнеше сағаттан соң басталады. Бұл процесс тіпті бірнеше күнге созылуы мүмкін. CNN мәліметіне сәйкес науқан нәтижесі сәрсенбіден кейін ғана белгілі болады.
Әдетте дауыс саны Джорджия штатында бірінші болып жарияланады. Мұнан соң нәтижені хабарлау Солтүстік Каролинада таң ауа сағат 04:00-де белгілі болады. Ал Невадада дауыс саны бірнеше күннен кейін анықталады. Мұнан соң Пенсильвания, Мичиганда нәтиже шығады. Ақырғы штат – Висконсин. Бұл штатта сайлау учаскелерінің қызметкерлері науқанға дейін бюллетень өңдеуді бастай алмайды.
Кейінгі бірнеше күнде қос үміткер Камала Харрис пен Дональд Трамп әр дауыс маңызды саналатын негізгі ауытқымалы штаттарда халықпен кездесіп жүр. Камала Солтүстік Каролинада халықпен кездесуінде жергілікті жұртқа үйіп-төгіп уәде беріп, өзін барынша қолдауға шақырды.
– Мен президент атанған күннен бастап әрқайсыңыз назарымда боласыздар. Мен 100 млн-нан астам америкалыққа салық жеңілдіктерін ұсынамын. Азық-түлік бағасын көтеруге тыйым салып, баспана алу мүмкіндігін арттырамын, – деді Камала Харрис.
Ал Трамп болса, Невададағы кездесуде халыққа құлаққағыс қылып, қолдау көрсетуін сұрады. Осылайша, ол испан тілді тұрғындардың да басым даусына ие болуды көздеп отыр.
– Мен 50 штатта жеңіске жеттім. Ойлаңызшы, 1 емес, бақандай елу штат. Іле-шала Ақ үй басшысы болып тағайындалдым. Мұнан кейін екінші рет тағы жеңдік. Енді осы қадамды үшінші рет жасауға тура келеді. Бірақ мұны мен жалғыз емес, бәріміз бірге жасаймыз. Бұл Америка тарихындағы ең маңызды оқиға болады. Осылай болатынына кәміл сенемін, – деді Дональд Трамп.
Fivethirtyeight ұлттық сауалнама жүйесінің мәліметі бойынша Харрис Трамптан сәл озық тұр. Дегенмен, Трамп та кей штаттарда басым дауысқа ие. Ал қай үміткердің бағы жанатыны бүгінгі сайлаудан кейін белгілі болады.