Бүгін таңда қораға шабуылдаған иттер 10 бас қойды қырып, 7 бас қойды жаралап кеткен.
Орал: Зашағанда шаруаның бір отар қойын қаңғыбас иттер қырып кетті
189
оқылды

Бұл – Есенгелді ағайдың малына шабуылдап отырған осымен екінші жағдай. Бұған дейін шаруаның 86 бас қойын бір түнде белгісіз жыртқыш қырып кеткен болатын. Сол кезде көпшілік қасқырдан көрген, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Ал бұл жолы шаруаның қорасына ит шапқаны белгілі болды. Оқиға таңғы 8-дер шамасында болған. 

«Менің мал бағушым бар. Ол маған таңғы 8-де хабарласты. Қорадағы қойларға ит шапқан. Екі итті ұстап қамап қойдым, дереу келіңіз деді. Мен келіп, дереу полиция мен әкімдік қызметкеріне хабарладым. Қазір олар жұмыс істеп жатыр», - деді мал иесі Есенгелді Айтмұхамбетов. 

Есенгелді ағайдың 150 шақты қойы болған. Өзі Саратов облысынан көшіп келген қазақ. 

«Бала-шағамды осы малмен асырап отыр едім, енді қайда барарымды білмеймін», - деп қынжылады шаруа Есенгелді ағай. 

Бүгін таңда қораға шабуылдаған иттер 10 бас қойды қырып, 7 бас қойды жаралап кеткен.  Оқиға орнында полиция мен ветстанция өкілдері жұмыс істеп жатыр. 

«Біз келсек, малдың иесі екі итті ұстап, қоймен бірге қамап қойған екен. Біз бұл екі итті 10 күнге карантинге қамаймыз. Қазір бізге иттерді атуға рұқсат бермейді. Біз итті улай алмаймыз, ата да алмаймыз. Ит деген қалада өріп жүр. Адамдарға да зиян тигізіп отыр. Біз бәрін көріп, біліп отырмыз. Бірақ не істей аламыз? Енді бұл екі итке бақылау жасаймыз, егер құтырған ит болса 10 күн ішінде өздері өліп қалады. Егер 10 күн ішінде өлмесе, біз бұларды жансыздандырамыз. Бұлар қоғамға, адамзатқа өте қауіпті иттердің тобы. Біз бұларды кері жібермейміз», - деді Орал қалалық ветеринария станциясының директоры Ерлан Ищанов.  

Осыдан 15 күн бұрында Есенгелді ағайдың малына шабулдаған болатын. Сол кезде қалалық ветстанция өкілдері зашаған кентіндегі иттереді аулап, қамаған. 

«Біз бірінші оқиғадан кейін дәл осы шаруаның үйінің маңайынан 7 бас итті ауладық», - дейді Орал қалалық ветеринария станциясынң директоры  Ерлан Ищанов 

Айта кетейік, өлген қойларды мал моласына тастайды. Қораға дезинфекция жұмыстары жүргізілетін болады.  Біз Зашаған кентінің әкімі Аққали Әубакіровты сөзге тарттық. 

«Ит көп, оны бәріміз көріп отырмыз. Маған күніне бәлен арыз-шағым түседі. «Балама жүгірді, маған жүгірді» деп ата-аналар күнде келеді. Қаңғыбас иттер қоғамның басты проблемасы болып отыр. Мұны қоғам болып көтеріп бір жақты етуіміз керек. Мысалы, көрші Өзбекстанда көшеден қаңғыбас ит көрмейсіз. Көшелері тап-таза. Ал біздің Оралда әр бұрышта қаптаған ит. Бұл үлкенге де, кішіге де қауіп. Міне малға шауып жатыр. Ертең адамға шапса не істейміз? Мен бұл мәселені республикалық деңгейде шешу керек деп есептеймін. Өзім Зашағанның әкімі ретінде облыс басшылығына, депутаттарға бәріне жеткізіп, шама келгенше осы проблеманы көтеретін боламын, - деді Зашаған кентінің әкімі Аққлаи Әубәкіров. 

Ал мал иесіне шығын өтеле ме деген сұраққа әкім былай деді.

«Біреудің өмір бойына бағып отырған ақ адал малы ғой, балаларының нәпақасы. Иттен келген шығын өтелуі тиіс. Мен қожалық басшыларымен де сөйлесіп көремін, мүмкін мал басын өтеп береміз немесе мемлекеттен тиісті өтемақы қарастырса, соны алып беруге тырысамын. Бұл кісі көмексіз қалмайды, көмектесеміз», - деді Аққали Әубәкіров. 

Шаруаның қорада 46 бас қойы болған. Соның 10 бас қойын итттер талап өлтірген, 7 қойды жаралаған. 

«Қалған 29 қой тірі. Бірақ әр жерінен тістелеп тастаған», - дейді мал иесі Есенгелді Айтмұхамбетов.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.