Жақында Талғар қаласында бір топ азаматтың арасында төбелес болып, 16 жастағы Шерзат көз жұмды.
«Не жазығың бар еді, бөлтірігім?!»: ақын Ершат Қайболдин марқұм Шерзатқа арнаған өлеңін жариялады
Фото: facebook.com/ Ершат Қайболдин
14,860
оқылды

Ақын Ершат Қайболдин Талғардағы жантүршігерлік оқиғада кісі қолынан қаза тапқан жасөспірімге арнап өлең шығарды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Жақында Талғар қаласында бір топ азаматтың арасында төбелес болып, 16 жастағы Шерзат көз жұмды. Осы оқиға ақын Ершат Қайболдиннің қолына қалам алып, жыр жазуына себеп болды. Желі қолданушылары ақынның өлеңіне оң бағасын берді.

Төменде ақынның өлеңі берілген:

Бөлтірігім

(Шерзаттың рухына)

Арланның артындағы бөлтірікті,

Қорқаулар тістеп-талап, өлтіріпті.

Қасқырдай қандасына қас қылмайтын,

Сағындым Сақ пен Ғұнды, Ер Түрікті.

 

Дәурені жүріп тұр-ау шибөрінің,

Қиналмай бөлтіріктің қиды өмірін.

Көкбөрім көкке қарап ұлыса да,

Шешкен жоқ құл қамытын, би бөрігін.

 

Әділ патша арыстан жоқ баяғы,

Қиянатшыл құзғындар көп қой әлі.

Содан кейін қорықпай қорқаулар да,

Апанына арланның от қояды.

 

Кім түзетер заманның олқылығын?

Қайнаттың-ау сорымды, сорқұдығым!

Туа сала сен өлдің, мен тірімін…

Не жазығың бар еді, бөлтірігім?!

 

Басқа бақыт не керек, басқа ғажап?

Болдық бақа-шаянға босқа мазақ!

Отаныңды қорғайтын көкжалдарды,

Қорқауларға қор қылма, қасқа, қазақ!

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.