Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы
«Поэзия» номинациясы: Ертегі ғұмыр
156
оқылды

Бүркеншік аты: Sezim

 

ЕРТЕГІ ҒҰМЫР

 

Бір белгісіз күй кешіп, бір белгісіз үнге елтіп,

Бір белгісіз мұңлықтың үнсіз тыңдап мұң, дертін...

Әлсін-әлсін күрсініп, әлсін-әлсін жымиып,

Біздің қоңыр әсерге ай сығалап, түн ұйып,

Біздің әзиз жүрекке алғал арман сыйлаған,

Ертегідей тағдырға мен әлі де иланам.

Ықтиярынан айырылар кексе тартқан сор мен шер,

Балалығын балауса жоғалтпаған жан көрсем.

Қария айтқан аңызға, еніп кетер елжіреп

Ертегіге иланғыш ерке жүрек – ер жүрек!

Ал бұл қоғам болмасқа жібімейтін жанары.

Ертегіге сенбейтін ересектер қоғамы.

Ертегіге сенбейтін қоғам ба екен қажытқан?

Жазылуға келмейтін жараң ба екен қажытқан?

Кең көсіліп жаза алмай, құса болып кеттің бе?

Міне осының жауабын таба қойған жоқпын мен.

Кір шалмаған күндердің, ең кіршіксіз елесі,

Жазым болсаң боларсың.

Жаза бастым демеші!

Құлын жүрек асқардың құларына сенбейді.

Тек...

Өмірге өлгендер қайта айналып келмейді...

Өлгендер қайтып келмейді!

 

ҒАСЫР ДЕРТІ

 

Біз жоқтаймыз ғасырларды,

Бізді жоқтар ғасырлар.

Қар астында шашым қалды,

Көр астында шашым бар.

Менің шашым,

Менің жасым,

Менің жадым бар онда.

Түсім теріс жорылғасын

Теріс қарап қоғамға,

Құзғын ұшқан өр көңілдің

Мұнарынан секіргем.

Соңғы ғасыр – соңғы өмірдің

Азуынан от үрлеп,

Келген жерден қайта шығып,

Келер шақты таппадым.

Күн аялдап, ай тосылып,

Бейуаққа тоқтадым.

Барша адамға ортақ шардың,

Азуынан қан тамды.

Біз жоқтаймыз желтоқсанды,

Біз жоқтаймыз қаңтарды.

Біз жоқтаймыз ай, күн, жылды,

Бізді жоқтар ай, күн, жыл.

Әйда, ышқыртып ой құрғырды

Ерттеп мініп қайғым жүр,

Біз жоқтаймыз боздақтарды,

Біз жоқтаймыз...

...тек іштей.

Жүректерде маздап қалды

Ұрпақ кегі.

Жеңіс қой?!

Біз жоқтаймыз іштей бәрін,

Қан боп қатты қанша етік?

Еске алуға күштейді арың

Ара-тұра көрсетіп.

Ширек ғасыр, жарты ғасыр,

Бүтін ғасыр, мың ғасыр

Адам қанын, қан күнәсін,

Мойнына жүк қылмасын!..

Күн өтеді, ай өтеді,

Жыл өтеді, өтеді.

Еске алуға?

А, иә, тегі

Бір-ақ минут жетеді!

Біз жоқтаймыз ғасырларды,

Бізді жоқтар ғасырлар.

Қар астында шашым қалды,

Көр астында шашым бар.

 

АППАҚ ЖАС

 

Аппақ бұлттың көз-жасын сауып еміп

Салмағы жоқ бос сөзді мәміле ғып

Беймағұлым бағытта бас қалдырып,

Баяны ұзақ ғұмырдың мәні кеміп

Кеткендігін көп ойлап

Өткен түні

Сол ауылдың тым беймаз ақ кемпірі

Таң атқанша күбірлеп

Тәңірінің

Құлақ етін жеп жатты.

Көп талқылы

Тағдырына тәубе етті,

Налыды да

Отаны үшін оқыды тағы дұға.

Жанарынан мөлт етті аппақ тамшы

Шағылысып туған ай жарығына.

Сол ақ кемпір түсінде мызғып кетті

Ауылының бас сүйеп қорымына

Кәлимасын қайталап,

Аятульді...

Отан амандығы боп ой ақырғы.

Ақ кемпірсіз қарайған сол ауылдың

Қорымында қонақтап ай отырды...

 

Кімнің аппақ жасына сіңем енді?!.