Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы
«Поэзия» номинациясы: Қара жәшік
106
оқылды

Бүркеншік аты: Әбілпейіз Көгедай

 

Өлең

(Іляс Жансүгіровтың рухына)

 

Дүниедегі ең ғажайып сәт –

ақ жаңбыр астында қалған арудың

тоңазығанда туған

қаймақ еріндерінің дірілі;

балауыз шам жарығымен серттескен

ғашықтардың күбірі;

кекілді шалқайта тараған

керімсал сәттердің

ессіз естеліктерінің сорабы.

Кенет...

кірпігің сілкініп,

осы ойлардан бола

орыныңнан мың тұрып,

күмістей қақталған

күн тыныштығын бұзып,

айрандай  ұйыған 

ай тыныштығын  бұзып

қара түн пердесін қақ тіліп

ақ қағаз  бетінде

жорғалай жөнелген

қалам сыбдырынан артық,

сөз шымырлатқан

ерін күбірінен артық

мына дүниеде

қандай бір ғажайып пен мұғжиза

болуы мүмкін бе?!

 

Ән

 

Сорғалады бір дауыс...

Нәзіктігі сол әннің

құмырсқаның беліндей.

Ибалығы сол әннің

жаңа түскен келіндей

 

ПЕРФОМАНС

(немесе көбейту мен қосу)

 

...Жүзді екіге көбейтсек

Екіжүзді шалдар шығады.

 

Отызды бірге көбейтсек

Опасыз хандар шығады.

 

Уайымды уақытқа көбейтсек

Алданған ғұмыр шығады.

 

Елбасын елге көбейтсек

Ессіздеу ұғым шығады.

 

Өлеңге сыйлықты қоссақ

Сарнаған ақын шығады.

 

Сақалға балақты қоссақ

Сарқылған ақыл шығады.

 

Билікке байлықты қоссақ

Баукеспе ұры шығады

 

Ұжданға ұрпақты қоссақ

бәрінің құны шығады...

(....................)

 

«Сырымбет»

 

«Қарындас-ай енді есен бол...»

(Ақан сері)

 

Қауызындай қызғалдақтың еріні

Қарындастың «хош бол» деген сыбыры.

...Саусағымды өртеп түсті сол мезет

Сыбызғының дірілі...

 

Абьюзер

 

Қайырыла анталап...

Қабырғам тепкіден қанталап,

Қара шаш еденге төгілді

Қос қолдап жұлды оны зәнталақ.

Осылай отыз жыл өксідім

Қорландым, үгілдім

Күл болып кеудемде күйреді -

Үмітім...

Жастығым...

Салтанат...

 

1931-1938

 

«Қол жайсаң сұрағаныңды беретін

Күрсінсең көмекке келетін

аса мейірімді Құдай».  (Бақара186)

 

Мың тоғыз жүз отыз бірінші жылы,

Мың тоғыз жүз отыз сегізінші жылы

 

...сен қайда болдың?

 

ЛИЦЕМЕРИЕ (екіжүзділік)

 

Жұмада жүздескенше,

Мешітте кездескенше...

Қош бол, Құдай...

Сау бол, шындық...

 

Оралу

 

Кірледім,

Беріштендім,

Мазалымын...

Ішінде мың күнәның жазалымын.

Сен қайда жүр екенсің кекіл қойған

Кешегі сүттен де аппақ тазалығым.

 

Атабаев

 

Жер сілкінген тәрізді

Зор қуатты жан өтті.

Жел шайқаған теректей

Көздің жасы сау етті...

 

Қайырылмайды ол,

мейілі...

қара тасты ертіп іш.

Қатты соқты қан жүрек

Қандай енді өкініш...

 

Неке жүзігі

 

Ықылым дәуірді

үңгірден шығарған

үрейден құтқарған,

күдікті сейілтіп,

адам атандырған

ана атандырған,

әке атандырған.

Бұл дөңгелек сақина

ең әуелі

айдай жарқырап

күндей шашырап

саусаққа тағылмас бұрын

серт пен сенімнің

ұят пен ұжданның

мөлдір суына

бір күмп етіп шомылып алғаны дұрыс шығар...

 

Ақселеу

 

Қайран, Ақселеу,
Сен қандай тылсым едің?
Сөзіңнің құдіретінен пері көшіп,
желпіген самалына жан тынатын.
Кеудеңнен көтерілген бозторғай ән
бұлттай буырқанып,
бурадай долданып,
домбыра шанағына тұнатын.
Отырған жерің он ордалы үйге,
әр қадамың Хиуа базарына тең –
шалқып жүрдің,
үріп іштің...

Ай кетіліп,
Күн еңкейер мезетте
Алтын денеңе кесек батты,
аялы көзге бұтақ тиді,
Қарашық – қазағың еді,
сол қарашығыңнан бір жас кетпеді,
ақжелең алашың
тағы табаға қуырылды.
Жүрегің езілді,
үмітің үзілді,
Тірлік жадағай тартып,
...өмір суыды.

Қайран, Ақселеу,
Сен – иленетін тері,
иілетін бас емен.
Тірлікке кеңірдегінен батып,
өз көлеңкесінен шошитын біз емен.
Жетекке жүрмедің,
Айтқанға көнбедің.

...Енді сол арда мінезің
бұла қаныңнан арқан иіріп,
асау басыңа шалма лақтырса,
Ол...

балауыз ғұмыр шамының жарығын
өз деміңмен үрлетіп
өшірмегенде қайтеді?

 

Серотонин

 

Қан дірілдеді,

Көз ілінбеді.

Қанатын қаққан ойдың

Сусылы білінбейді.

 

Жел керіледі,

Мұң ерінеді.

Сүгірдің әуезінен

Бақидың демі келді.

 

Гүлдердің өбіскені,

Арудың келіскені.

Иектің күн батқандай

Қызарды еңіс жері...

 

... Жел тынып қалды

Шөп сұлық қалды.

Өзенге түскен айдың

Өртенді сынықтары...

 

Қар мен сәби

 

Қалғып кетсем қар көремін түсімде

Мынау өрнек  ақ боранның ізі ме?

Қаңтар сайын қан көремін ұйыған

... ұстараның жүзінде.

 

Сәбилердің жерге тамған дауысын

Қашан естіп, елейміз...

Терезеден лақтырсада шыңғыртып

...ештеңе де демейміз.

 

Қаңтар сайын қар жауады қып-қызыл

...оты сөніп көп үйдің.

Адам басын алқа қылып тағардай

маңдайларын оқ теседі сәбидің.

 

Тәубә,  тәубә

«Сабыр түбі сары алтын...»

Сол сабырдың қай жерінде шыдам бар.

Біз жындандық...

саумын деген адамның

Ақылында, әй, меніңше күмән бар.

 

Желтоқсанның жаңбыры жоқ демесең

Темірі бар сіркіреген төбеңнен.

Ақ бұршақтай сөлкебаймен соққанда

Отырасың тамтық қалмай денеңнен...

 

«Парасат» пен «Отан» дейді о, тоба

Әй жазған-ай, жанға сәуле қонбай ма?

Қымбат қамқа сыртында емес

бұл сөздер

Кеуде ішінде болмай ма?

 

Қандай еңбек

Не сіңірдік ұжданға

Айтшы ағасы өзі бізде ес бар ма?

Сол «Отанның»  көрінбей ме ішінен

Отқа оранған бес бала...

 

Қара жәшік

 

Тірліктен көк талқанымыз таусылған күні

біздің де көш керуеннің сапары тоқтап,

қара нар жолға шөгер.

Бір ғұмырымыздың

айғайы мен сүреңін

соңғы нүктесіне дейін дамылсыз жазған

төртбұрыш  қара жәшік

әуеден жерге құлар.

Әсілі, бұл тағдыр кімдерге құнды

адам да қара жер ұшағы сынды...

Енді кім болғанымызды

бұдан кейін де кім болып қаларымызды,

қандай тозаққа пен жұмаққа кіретініміздің де кесімін

сол қара жәшік

сосын...қараша халық ғана айтар.