Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте әкім Ермағанбет Бөлекпаев өңірдің ауыл шаруашылығындағы жетістіктерін айрықша атап өтті.
Қарағанды облысында биыл астық мол жиналды
352
оқылды

Аграрлық салада өнім өндіру көлемі бойынша бұл облыс қазір ел аумағында 7-орында тұр. Әу бастан индустриалды орталық саналатын өңір үшін бұл үлкен жетістік.

Биыл Қарағанды облысының диқандары 13 жылдан бері рекордтық көрсеткіштегі астық жинаған – 1,3 миллион тонна. Бұдан бөлек, картоп жиыны да өте жоғары – 409 мың тонна, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 12,4%-ға артық.

Әкім Мемлекет басшысы тапсырмасының аясында жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасының нақты жемісін атап көрсетті. Қарағанды облысында «Ауыл аманаты» жобасы аясында 4,4 миллиард теңгеге 483 шағын несие берілген. Бұл несиелердің жартысы – мал шаруашылығын дамытуға, екінші жартысы – ауыл тұрғындарының бизнес жобаларын қаржыландыруға арналған. Оның нәтижесінде ауылдық жерлерде 816 жұмыс орны ашылып, 60-тан астам ауылшаруашылық өндірістік кооперативі құрылды.

Мысалы, неміс технологиясымен бие сүті өнімдерін шығаратын Saq NS цехы қазір айына 30 тонна қымыз өндіретін болды. Ал «Мади-Агро 7» кооперативі былтырдың өзінде Qarmet кәсіпорнына 100 тонна ет жеткізген.

Ең бастысы, Қарағанды облысы қазір тек облысты ғана емес, Астананы да азы-түлікпен қамтамасыз етіп отыр.