Текті тәрбиенің өзегі болған бата дәстүрі түркілердің төрі болған Түркістанда жаңғырды.
«Баталы елге бақ қонар» эстафетасы «Батагөй қария» байқауына ұласты
979
оқылды

Қазақта «Жақсы сөз – жан азығы» дейтін салмақты ұғым бар екені ақиқат. Ата-бабадан келе жатқан дәстүр сабақтастығына адал халқымыздың дүниетанымында аталы сөздің төресі – баталы сөз деп те айтылады. Хакім Абайдан қалған өсиетте «Істің нәтижесі оның қалай аяқталғанынан емес, қалай басталғанынан білінеді» деген тағылымды толғам мәңгілік мұра-мирасымыз боп қалған.

 «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы ғасырлар бойы жинақталған мәдениетіміз бен құндылықтарымызды дәріптеу, тұрғындардың отансүйгіштік санасын қалыптастыру мақсатында ұлттық дәстүрден қол үзбеген өлке ретінде Түркістан облысы партияластарымыздың арасында «Баталы елге бақ қонар» эстафетасын өткізіп, аудан, қалаларда «Батагөй қария» байқауларының өтуіне ұйытқы болды.

Ресми деректерге сәйкес, қазыналы жұрт болып айқындалған Түркістан облысында бүгінде 200 мыңға жуық адам – аға буын өкілдері санатына жатады екен. Өңіріміз бойынша 60-тан астам қарияның өмірлік белесі – жүзге жеткен және одан асып, ақылшы даналарымызға айналған. Алдыңғы буын аға ұрпақтың ізімен келе жатқан жаңа толқын жастардың үлесі облыс бойынша 650 мың адамнан асады. Өсудің, өркендеудің маңызды көрсеткіші болған осы деректерден-ақ, ежелгі Түркістан топырағы әрі көне, әрі жас, көпті көрген шежірелі, көпті берер тағылым мекені боп қала беретіні айқын.

Партияның өңірлік филиалының ұйымдастыруымен бүгін Түркістан төріндегі Конгресс холл кешеніне облысымыздың әр қиырынан жүзінен мейірімі, жүрегінен әділдігі төгіліп тұрған қазына кеуде қариялар жиналды. Өңіріміздің 17 аудан, қаласынан келген ел ағалары ордалы ой айтып, ұтқыр байлам жасай білуімен «Батагөй қария» байқауының аймақтық деңгейдегі сайыстарының жеңімпаздары сапында түйгені мол, танымы терең қариялар екенін көрсетті.

Тәрбиенің тұнық бастауындай болған дала өркениетінің алтын бесік мекені Түркістанда өткен «Батагөй қария» байқауының шешуші, облыстық деңгейдегі ақтық кезеңінің ашылуында сөз алған Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов «AMANAT» партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен өте ерекше іс-шара өтіп жатқанын айта отырып, бата беру дәстүрі құндылығы мен киесі қатар жүретін қасиетті ұғым екенін білдірді. 

«Партияның бастамасымен қолға алынған тағылымды бастама өміршең болуы қажет, жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіледі деген сенімдемін. Бата бұл ақ тілек, боямасы жоқ ақ ниет. Бата халқымызды имандылыққа ұйыстырады, ауызбіршілікке шақырады, бірлікке бастап, ынтымаққа жетелейді, жақсылыққа жігерлендіреді. Жақсы сөздің тылсым күші қуатты болады. Қуатымыз сарқылмасын!»,  деп ақ тілегін жеткізді Жеңісбек Мәуленқұлов ағамыз. 

Аға ұрпақтың тәжірибесі, өмірлік жолы – кейінгі буынға үлгі-өнеге екенін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев мәлімдеді. Еңбегі елеулі, елге сыйлы, ерен ойлы, парасат-пайымы биік, данагөй қазыналарымызды ортақ ырысымызды арттырған ел ағалары деп бағалады.

«Сіздерді партиямыздың «Ардагерлерді ардақтайық», «Ұлттық мұра» жобалары аясындағы «Батагөй қария» облыстық байқауында көргеніме қуаныштымын. Қасиетті өңірімізде ата салтын ардақ тұтқан, айтар сөзін салмақтай білетін, жастарға ағалық етер өнегесі бар, аузы дуалы қарияларымыз көп деп білемін. Түлкібас ауданынан бастауын алып, кейіннен облысымыздың барлық аудан, қалаларында өткізілген «Батагөй қария» байқауы осыған куә, байқауда айтылған көптеген ақ баталы тілектер оған дәлел деп нық сеніммен айта аламын»,  деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.

Байқау шарты бойынша оған қатысушылар екі кезеңдік тапсырмаларды орындап шықты. Оның біріншісінде қариялар «Ел бірлігі – Аманаттың мұраты» тақырыбы аясында елдің береке-бірлігін арттыру, ынтымақ-татулыққа шақыру бағытындағы ақ тілектерін білдірсе, екінші кезеңде ел ағалары еркін тақырыпта тәлім-тәрбиелік мәні бар баталар топтамасының тиегін ағытты. 

Байқаудың қазылар алқасына Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов жетекшілік етті. Айта кету керек, бата сайысқа қатысқандардың ішінде Жетісай ауданынан 94 жасқа келген Қалмұрат Құлханов байқаудың ең көнекөз қариясы деп танылды. Іс-шара қатысушылары мен көрермендеріне халық әндерінен, Шәмші Қалдаяқовтың жыр мұраларынан концерттік бағдарлама да ұсынылды. Қазылар алқасының шешімімен Түлкібас ауданынан келген Жарылқап Бекжанов ағамыз І орын алса, Созақ ауданынан келген қария Өтепбай Имашов ІІ орын иегері деп танылды. ІІІ орынға Сауран ауданының ардагері Өтеген Ашенов ақсақал лайықты деп танылды. Ал  жетісайлық 94 жастағы қария Қалмұрат Құлханов пен сарыағаштық ақсақал Есенәлі Аманбаев  арнайы жүлдені иемденді. Барлық жүлдегерлерге қазақ дәстүрімен иығына шапан жабылды, естелік кәдесыйлықтармен марапатталды. Байқаудың барлық қатысушыларына естелік сыйлықтар табысталды.

Текті тәрбиенің өзегі болған бата дәстүрі түркілердің төрі болған Түркістанда осылайша жаңғырды. Бірауыз сөзімен дүйім жұртты өзіне қаратқан, сөзін тыңдатып, орнықты ойын орнатқан абыздардың мәңгілік дамыл тапқан мекені, алдағы уақытта да елдің береке-бірлігіне үздіксіз қызмет ете береді деген сенімдеміз.