Осы жылы Көкшетау қаласындағы жоғары техникалық колледждің 300 орындық жатақханасы пайдалануға берілді.
Ақмола облысында студенттерге жатақхана кезең-кезеңімен беріліп жатыр
320
оқылды

Ақмола облысында студенттерді заманауи жатақханамен қамтамасыз ету  кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Себебі ауыл аймақтан қалаға келетін жастардың білім алуына жағдай жасау өзекті мәселе болып отыр.

«АМАNАТ» партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында Көкшетау қаласындағы студенттік жатақханалардағы орын тапшылығын шешу мақсатында осы жылы Көкшетау қаласындағы жоғары техникалық колледждің  300 орындық жатақханасы пайдалануға берілді. Колледж директорының орынбасары Бауыржан Ыбыраевтың айтуынша, студенттерді  жатақханамен қамту бүгінгі күні өзекті мәселе болып отыр. 

«Биыл 300 орындық жатақхана тапсырылды, алайда бұл мәселені әлі толығымен шешпейді. Құрылысы аяқталуға жақын келесі жатақхананы күтіп отырмыз», – дейді ол. 

Сондай-ақ, жыл басында Жоғары қазақ педагогикалық колледжінде де жаңа студенттер үйі пайдалануға беріліп, алғашқы тұрғындарын қабылдады. Егер бұрын аталмыш оқу орны бірінші және екінші курс студенттерін ғана баспанамен қамтамасыз ете алса, енді барлық студент жатқханаға қол жеткізіп отыр.  

Бюджет есебінен қазіргі таңда Көкшетау қаласындағы жоғары техникалық   және Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің студенттеріне арналған екі жатақхананың құрылысы жүргізілуде.  

Партияның сайлауалды бағдарламасының орындалуын, сондай-ақ облыстағы әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысын бақылайтын «АМАNАТ» партиясы облыстық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясы аталған құрылыс нысандарындағы жұмыс барысымен танысып қайтты. 

Жоғары техникалық қызмет көрсету колледжінің студенттеріне арналған екінші жатақхананың құрылысы аяқталуға жақын. Ішкі әрлеу және абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Мердігер компанияның айтуынша Ақан сері атындағы жоғарғы мәдениет колледжі жатақханасының құрылысы кестеден кешіксе де, жұмыстар тоқтаусыз жүріп жатыр. 

«Жатақхана құрылысын сапалы әрі уақытында аяқтау партиялық бақылау комиссиясының тікелей бақылауында болады. Кестеден ауытқымай ғимаратты уақытында тапсырғанша партиялық бақылау комиссиясының мүшелеріне әр апта сайын келіп бақылауды тапсырамын», – деді облыстық партия филиалының төрағасы Берген Беспалинов.

Айта кетсек, Көкшетауда бұдан бөлек жоғары көпсалалы азаматтық қорғаныс колледжі мен Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті өз қаражаты есебінен студенттеріне жатақхана салуды бастап кетті. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.