Бұл жолы жиынға «Орыстандыру», «Қонаев дәуірі» деректі фильмдерінің авторы, журналист, документалист Әлия Әшім, «Сенімен болашақ» РҚБ негізін қалаушы, меценат, кәсіпкер Нұркен Асанов, QazBilim group компаниясының басқарма төрағасы, педагог Аятжан Ахметжан, Qalan Publishing директоры, ІТ маманы, аудармашы, автор және саяхатшы Садық Шерімбек қатысты. Қоғамға танымал азаматтарды көруге, тыңдауға жастар жиналды.
Меценат Нұркен Асанов құндылықтар жөнінде пікірін айтты. Оның айтуынша, құндылықтар – болашағымыз- дың кепілі. Өз тәжірибесінде кәсіпкер құндылықтарды үшке бөлетінін түсіндірді: ұлттық құндылықтар, адами құндылықтар және ғылыми құндылықтар.
«Сондықтан жастар, сіздер ғылыммен, біліммен айналысып жатырсыздар. Қазір бағы бардың шабатын заманы емес, талабы бардың заманы. Дүниені өзімізбен үйлестірмесек, өркениетке өзімізді жетелемесек, дүниені жақсы оқи алмасақ, тілді дамытпасақ онда біз қазақпыз деп көкірек ұрудың қажеті жоқ. Қазақ қашан қазақ болады? Бабы мен бағы үйлескен кезде. Таудай талап бармақтай баққа ешқашан құл болмайды. Екіншіден, кім болсақ та адам боп қалайық. Бүгінгі күн – қиялымызды, армандарымызды амалға айналдыратын уақыт. Ұлттық құндылықтар – Әнұранымыз, отансүйгіштігіміз, мемлекетшіл рухымыз, тарихи тәліміміз, осылай кете береді. Ұлттық құндылықтарды насихаттайтын құрал – тіл. Ал осындай ұлттық құндылықтардың жаны да, тәні де, рухы да, қаны да, энергиясы да – наным-сенімдеріміз бен салт-дәстүріміз, мәдениетіміз», – дейді ол.
Нұркен Асановтың пайымдауынша, рухани құндылықтар – бір-бірімізге бауырмалдығымыз, кішіпейілдігіміз, үлкенге – құрмет, кішіге – ізетіміз. Оны қазақ, орыс, қытай деп бөлудің қажеті жоғын айтып, бәрін ортақ дүние деп есептейтінін жеткізді.
Кәсіпкер сонымен қатар адами құндылықтардың болмысы мен кепілі – ұлттық құндылықтар екенін айтты. Ұлттық құндылықтарымызды тұғырына қондыру үшін адами құндылықтарды бойымызға сіңіруіміз керек деп санайды.
«Ғылыми құндылықтар деген не? Олар – білім, ғылым, тарих пен әдебиетіміз. Аталған үш құндылық болмайынша миссия да, өзіңді табу да бұл қоғамда қиын. Әрине, өтірікті шындай, шындықты Құдай ұрғандай айтып жүрген қоғамдамыз. Неге? Қазір қоғамда 3 типті адам бар. Біріншісі – не боларын білмей жүргендер. Мәшһүр Жүсіптің «Атайын десең аң емес, сояйын десең мал емес адамдар көп» деп айтқаны бар. Екіншісі – кез келген ортаға бейімделетін, кез келген ортада табылатын, бірақ кемеде капитаны жоқ адамдар. Үшінші, өздеріңіз секілді жексенбінің таңында ұйқыны қиып, рухымызды оятайық, өзімізді дамытайық, құндылықтарымызды дәріптейік деп жүрген принциптері бар, құндылықтарын бойына сіңірген жандар. Жоқ емес, бірақ аз», – дейді ол.
Ал Әлия Әшім әйел теңдігі тақырыбы әлі де өзекті екенін айтады. Тарихта әйелдердің терең білім алуына қарсылықтың ресми екенін мысалға ала отырып, қазақтың жанкешті қыздары туралы тың деректер келтірді.
«ХІХ ғасырдың ортасына дейін әйелдер гимназияларды тек орта білім алатын. Әйелдерге арналған оқу орындарында қолөнер, ән, би, үй шаруасын дұрыс жүргізу оқытылды. Енді қазақ қыздары қандай болды? Нәзипа Құлжанова – мектепке дейінгі тәрбиенің, педагогиканың негізін қалаған адам. Мен ол кісінің ана мен бала тәрбиесі туралы методикалық еңбегін оқып таңғалдым. Гүлсім Асфендиярова – Санжар Асфендияровтың әпкесі. Ол – Санкт-Петерборда әйелдер медициналық институтында оқыған қазақ қызы. Орта Азиядан шыққан түрлі ұлт өкілдерінің арасынан жоғары білім алған алғашқы қазақ қызы. Санжар Асфендияров «Айналамдағылар түсінбейді, «не үшін қызыңды оқытасың?» деп сұрап жатады» дейді екен. Кейіннен автобиографиясында бұл құбылыстың өзгергенін түсіндіреді. Ол қызын институтта оқытқаннан кейін өзі сияқты артынан ерген замандастарының көбейгенін жазып таңғалады екен. Гүлсім Асфендиярова Хиуа қалалық ауруханасында аудан тарихында алғаш рет кесарь тілігін жасады. Қазақ әйелдердің есімдері мектеп бағдарламасында болмаса, бұл олардың жоқ екенін білдірмейді. Оларды білуіміз керек. Қазіргі уақытта Qazaqstan ұлттық телеарнасы үшін екі циклды деректі фильм жасадық. Бірі – алғашқы дәрігерлер, екіншісі – алғашқы ағартушы әйелдер», – деді Ә.Әшім.
Жиынға келген спикерлер келгендердің сұрағына жауап беріп, көрерменмен ой алмасты. Педагог Аятжан Ахметжан қазақ тілі, ұлттық мектеп мәселесін көтеріп, бірқатар өзекті тақырыптың мазмұнын ашып берді.
«Мектеп бағдарламасындағы «Тәрбие сағаты» пәнінің рөлі бүгінде үлкен маңызға ие емес. Аптаның бір сағатында бала тәрбиелеу мүмкін емес. Яғни, бала тәрбиелейміз десек, әр сабақта оны қолға алуымыз керек. Мысалы, математика пәні мұғалімі баланы ыждаһаттылыққа, тарих пәні мұғалімі патриоттыққа, әдебиет пәні мұғалімі баланың эстетикалық өресін дамытуға тәрбиелесін. Міне, әр сабақтың өзінде тәрбие жатыр. Одан бөлек, әр жаңа оқу жылының қарсаңында баланың қазақ не орыс сыныбына баруы өзекті тақырыпқа айналады. Бұл мәселемен 5-6 жылдың шамасында айналысып жүрмін. Ата-ананың ең көп келтіретін аргументі – «баламның тілі орысша шықты». Ата-ана қазақша сөйлесе, неге баланың тілі өзге тілде шығады? Енді өз отбасында тәрбиеленіп, баласының тілі басқа тілде шыққан ұлт тәуелсіз бе? Мұндайда тәуелсіздік, тіл үшін күрескен ата-бабаның еңбегі зая кетті ме деп ойланасың», – дейді Аятжан Ахметжан.
Ал Садық Шерімбек жарты әлемді аралағаннан кейін Қазақстаннан көшкісі келгенін, десе де, өңірлерді аралаған соң ел мен жердің қадірін түсінгенін жеткізді.
Сымбат БЕГІМБАЙ