Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында Парламенттің құзыреті мен қызметі қайта қаралғанын, депутаттардың рөлі едәуір күшейгенін атап өткен болатын. «Реформаларымыз «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасына негізделді. Бұл қағида – мемлекетіміздің басты тірегі» деп атап өтті Президент.
Түркістандағы оң істер
290
оқылды

Ықпалды Парламент құрудағы  маңыз­ды шешімнің бірі – Жоғары аудиторлық па­лата төрағасының Мәжіліс депутаттары алдында жылына екі рет есеп беруі енгізіл­ген­­дігі. Бұл жаңашылдық Мәжілістің мәр­тебесін арттырып қана қоймай, рес­пуб­ликалық бюджеттің сапалы орын­далуына бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді. 

Қазақстан Республикасы Паламенті Мәжі­лісінің Түркістан облысынан сай­ланған депутаты Қайрат Балабиев «Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» құру бастамасы саяси, әлеуметтік, экономикалық реформаларды жүзеге асыруда депутаттарға жауапкершілік жүктейді. Парламент есеп беретін Үкімет қалыптасуына ықпал етуге тиіс. Сол сияқ­ты Парламент те, Үкімет те, атқарушы билік те халық үніне құлақ асатын мемлекет қалыптастыруға күш салуы қажет. Сонда  Әділетті Қазақстан құрылады», – дейді.

Мәжіліс депутаты мандат иелерінің демалыс кездерінде де қарап отырмайты­нын, бекітілген кестеге сай аудандарды аралап, үміт артқан халықтың ортасында жиі болатынын айтады. Парламент үйінің өзінде халықпен жиі қоғамдық қабылдау өткізіп, сайлаушылармен кездесу кезінде көтерілген мәселелер төңірегінде депутат­тық сауалдар жолдап, оның тиімді шешілуіне барынша ықпал етеді. Тұрғын­дармен кездесу барысында Парламентте кездесіп жат­қан заңдарға ұсыныс жинап, ал қабыл­данған заң нормаларын түсіндіру шара­ларын атқарып келеді. «Шын мәнінде, депу­тат­тың бір күні бос емес. Парламент заң шығарушы орган болғандықтан, қарауға қабылданған құжаттармен жұмыс істейміз», – дейді Қайрат Рахымұлы. 

Сондай-ақ Қайрат Рахымұлы Пар­ламент мінберінде Түркістан облысында мектеп, ауызсу, жол мәселесін көтеріп, мәселенің оң шешімін табуына ықпал етті. Өңірдегі 15 аудан, 2 қалада 117 мектеп күрделі жөндеуді, ал апатты жағдайдағы 40 білім ордасы жаңадан салуды талап етеді. Осынау мәселе  бойынша депутаттық сауал жолдаудың нәтижесінде республика­лық бюджеттен облысқа 344 млрд 600 млн теңге бөлінді. Бұл қаржыға 2024-2025 жылдар аралығында 63 мектеп пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сол сияқты су да, су жүйелері де жоқ 124 елді мекенде жүз мың­нан аса адам сапалы ауызсуға зәру. Осы 124 ауылға су жеткізу үшін Үкіметке депут­аттық сауал жолдап, 2023-2025-жыл­дары 113 елді мекенге ауызсу жүргізіліп, бұдан басқа 204 ауылда ескірген су құбыр­лары жаңартылатыны жайлы жауап алған.

Мәжіліс депутаты  екі сессияда 50-ге жуық депутаттық сауал жолдапты. Мәселен, былтыр Семей орманы өртенгенде төтенше жағдайлардың алдын алуға болатын бір­қатар ұсыныс берсе, араға жыл салып жеті аймақты су басқанда  қосымша тағы ұсы­ныс енгізді. Онда салаға заманауи өрт сөн­діру техникасы, навигация, қар мен жаңбыр суын игеретін ирригациялық жүйелер мен каналдар жасау сияқты мәсе­лелер шешілуге тиіс дүниелер бар. Бұдан бөлек, отандық фармацевтика, шұлық және ет өндірісін, мақта кластерін рет­теу әрі қолдау бойынша сауал жол­данған. 

«Мақташылардың жыры жылда қайталана бермеу үшін мақта өскенше берілетін субсидияны оны өңдеуге де бө­л­у­ді сұрадым. Мемлекеттік қолдау бол­мағандықтан жалпы өңдеу ісі оңалмай келеді. Саланы саралай келе, Үкіметке ауыл шаруашылығын дамыту жоспарын терең талдау, жүйелі зерттеулер жүргізіп, өзгертулер енгізуді Министрлік жанынан ауыл шаруашылығын дамытуды талқыл­айтын әрі жетілдіру жолдарын қарастыра­тын ғалымдар мен мамандардан, кәсіпкер­лер мен шаруалардан, сарапшылардан құралған кеңес құруды ұсындым. Сонымен қатар әкімдіктерден ауыл шаруашылы­ғының жауапкершілігін алып тастауды, ауыл шаруашылығының аумақтық инс­пекциясының құзыретін кеңейтіп, құры­л­ымдауды, ірілі-ұсақты ауыл шаруашы­лығына бағытталған кәсіпкерлікті қолдауды және бюрократиялық қысымдардан қор­ғауды және субсидиялау тәртібін жет­ілдіруді, қайта өңдеу ісін субсидиялауды да ұсынған болатынмын. Президент тапсырмасына сәйкес әр өңірдің гео­графия­лық ерекшелігіне қарай даму картасын бекітуді, ауылдарды жайылымдық жерлермен қамтамасыз етуді, тері, жүн қабылдау пункттерін ауылдық округтерде ашуды, асылтұқымды мал тұқымын будан­дастыруды жолға қоюды, таза тұқым, тыңайтқыштар, жемшөп даярлауға ғалым­дарды жұмылдыруды, мал шаруашы­лықтарына қажетті ветеринар мамандарын бекітуді, оларды мардымды жалақымен қамтасыз етуді де маңызды деп санаймын. Сондай-ақ кедендік рәсімдерді жеңілдетуді ұсынамын. Себебі салаға қатысты арыз-шағым да, талап-тілек те маусым сайын көбейеді. Президент ауыл шаруашылығын субсидиялауды 2 триллионға жеткізгенімен, көздеген жерге жетпей жатыр. Жылда өн­ім өсірушілер егінін орып алғанымен, сата алмай қиындыққа тап болады. Егер өңдеу ісі жаппай қолдау тауып жолға қойылса, еңбек зая кетпес еді», – дейді Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев. 

 Түркістан облысында күркетауық етін өңдеуде көш бастап тұрған «Ордабасы құс» ЖШС екені белгілі. Кәсіпорын жылына 10 мың тонна ет және DAMDI ET сауда белгісімен күркетауық етінен 100-ден аса өнім түрін дайындайды. Оның 70 пайызы шетелдерге экспортталады. Сондай-ақ өз өндірісінің қажеттілігіне жарайтын құрама жем де өңдейді. Өзге де кәсіпорындарға құрама жем ұсынуға да мүмкіндіктері бар. Депутат импортты алмастыру үшін құрама жемнің қатарына жүгеріні қосу керектігін айтады.  Алайда осы 100 түрлі өнім шығарып, 240 адамды жұмыспен қамтып отырған фабрика ауылшаруашылық тауарын өндірушілердің тізіміне енбей қалған. «Қазақстанда күрке­тауық өсірумен де, өнімдерін өндіру­мен айналысатындар саусақпен санарлық емес пе? Салығын төлеп, ішкі-сыртқы нарықты сапалы өніммен қамтасыз етіп отырған серіктестіктің тізімде болмауын қалай түсінуге болады? Салдарынан,  «Ордабасы құс» ЖШС мемлекеттік қол­дауға қол жеткізе алмай келеді. Ал бұл ши­кі­заттың қымбаттауына, тиісінше сырт­қы нарықта өнім бағасының арзан­дауына, ал Қазақстан нарығында шетелдік сапасыз еттің көбеюіне әкеп соғуда. «Ор­да­басы құс» ЖШС-ына қалыптасқан жағдайды негізге алып, Үкіметке ауыл­шар­уа­шылығының басты дақылы сана­латын жүгеріні пайдаланатындарды суб­сидияланатын ауыл шаруашылығы тау­арын өндірушілердің тізбесіне енгізуді сұрадым», – дейді тағы бірде мандат иесі.

Мәжіліс депутатының Үкіметтен Түр­кістан облысының газдалмаған елді мекендердегі 450 мың халықтың тұрмыстық қажеттіліктерін өтеу үшін және заңда көзделген қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау, өрт пен жарылыстың алдын алу мақсатында газ баллондарды аккредиттел­ген мекемелерде сұйық газбен толтыру; газ баллондарын тұтынушыларға жеткізу мақсатында арнайы жабдықталған автокөліктер қызметін жандандыру бой­ын­ша тиісті іс-шаралар қабылдауды; өңір­лердегі газ тапшылығын шұғыл ше­шуді, автогаз бекеттеріне тексеру тағай­ындауды; тек газбен жүретін көліктерді газбен қамтамасыз етуді қарастыру жөнінде депутаттық сауалы да бар.  

Сондай-ақ балаларды балабақшамен қамту және ваучерлік қаржыландыру механизміне көшіру бойынша пилоттық жобаның шикіліктерін реттеу үшін бұл жобаны Үкіметтен уақытша тоқтатуды сұраған. Мандат иесі Парламент қабыр­ғасында атқарылып жатқан жұмыстар бойынша өзінің жеке әлеуметтік  желі парақшасында сайлаушыларды хабардар етіп, халыққа керекті заң жобалары Мә­жі­лістің қарауына қабылданғанда, жұрт­шылықты таныстырып, өздерінің ұсын­ыс-пікірлерін білуге тырысатындығын жет­кізді.  Парламент заң шығарушы орган болғандықтан, заң жобаларын да депутаттар әзірлеуге тиіс. 

Бүгінде ықпалды Парламент қағидаты осы­лайша өз деңгейінде жүзеге асып кел­еді. Оны елмен етене араласып, халық үніне құлақ асып, есеп беріп жүрген деп­у­тат­тарды көргенде анық байқауға болады.

Назгүл НАЗАРБЕК