Тұлғаға айналған Тоқтағазин

Ол ылғи асығып-үсігіп жүреді. Тез-тез сөйлейді. Әйтеуір шаруасы бітпейді. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Мұратбек Тоқтағазин – осындай талантты шәкірттерімнің бірі.

Өзімнен кіші адамдар, әлбетте, ылғи жас, бала болып көрінеді. Бала демекші, осы сөз өзіме қатты ұнайды. Қазақ­тың атақты классик-жазушысы, Еңбек Ері, кеше ғана 100-ге толған торқалы тойы атап өтілген Әбе, Әбді­жәміл Нұрпейісов аға-досым кейде мені бала деп еркелететін. Иығымнан қағатын. Әбенің «бала» деген сол сөзі, енді сағынышқа айналып, жүрегімде сайрап тұр.

Бала деп еркелететін Мұратбек Тоқ­тағазин інім де 60-қа толды. «Уәке-­аға» дейді үнемі. Бала Мұратбектің зырыл­дауықтай осы күйіп-пісіп жүретін мінезіне тәнті боламын. «Ананы былай, мынаны олай істеу керек» деп шыр-пыр болып жүріп, көп шаруалар бітіреді. Табиғи мінезі өзіне жарасымды, ұстаз тұлғаға айналды.

Мұратбектің біршама курстастарын жақсы білемін. Біразымен қызметтес болдым. Олар Мұратбек өмірінің әрқилы сәттерін айтып, мақтап отыратын.

...1981 жылы Мұратбек Тоқтағазин Шығыста мектеп бітіріп, арман қала Алматыға жол тартады. Мақсат – біреу, журналист болу. Романтикаға толы асқақ тастүйін кезі.

«Үш» алдың – үмітің үзілді деген сөз. Ол «СССР тарихы» пәнінен емтихан тапсыру кезінде «3» қойылатынына қарсы болып, апелляциялық комиссияға жүгінеді. Өзінің барлық сұрақтарға өте дұрыс жауап бергеніне сенімді болады. Бала Мұратбек бірінші рет әділетсіздіктің бар екенін сезінді.

Апелляциялық комиссия төрағасы, профессор, тарих ғылымдарының докторы Уахит Шәлекенов кездеспегенде кім білсін? Жолы болмай, өкініп кетер ме еді? Бірақ комиссия «бес» қойды. Әділдік жеңді. Ол шындықтың барына сенді.

Студент бола жүріп, газет-журнал­дарда мақалалары жиі жарияланып жүр­ді. Диплом жетекшісі, атақты профессор Тауман Амандосов еді. Жақсы оқыған шәкіртті кім қолдамасын? Тау­ман Аман­досов оған аспирантураға түсуге кеңес берді.

Мұратбек арман қуып, Ақмолаға жол тартты. Облыстық «Коммунизм нұры» газетіне қызметке тұрды. Осы газетте редактордың бірінші орынбасары болған Жомарт Әбдіхалықовтың журналистік мектебінен өтті. Өндіре жазды. 

Облыстық газетте екі айда бір рет тұтас номерін алып шығатын «Өркен» қосымшасына басшылық жасады. Комсомол жастардың қоғамдық өміріне белсене араласады.

Осы бір деректер Мұратбек Тоқта­ғазин екеуміздің журналистік тағдырымыздағы сабақтастықтай көрінеді. Өйткені мен де журналистік қызметімді Алматы облыстық «Жетісу» газетінде бастап едім. 1972-1978 жылдары ай са­йын «Жас түлек» жастар бетін шығарып тұрдым. Қоғам жұмысына тартылдым. Облыстық комсомол комитетінің мүшесі болып сайландым. Съезге делегат болып қатыстым.

Міне, Мұратбек те қаламы жүйрік жас журналист ретінде облыстық газетте жарқ етіп көрінді. Облыстық комсомол комитетінің бюро мүшесі болды. Халық депутаттары Целиноград қалалық Кеңесіне депутат болып сайланды. Ол кезде бар болғаны 25 жаста еді. Азаматтық пен депутаттық үйлесім тапқан кезде, адамның рухы өседі, ұлтжандылығы айқын көрінеді. Күні кешегі Целиноград қаласының атауын өзгертіп, ежелгі Ақмола атауын қайтаруға белсене араласты.

Депутат Мұратбек Тоқтағазин сессияда мәселе қойып, арнайы комиссия құруды ұсынды. Санадағы сілкініс коммунистік жүйенің мығым идеологиясының қыспағына қарамастан, ұлттық рух ояна бастаған сәт еді. Әрі Целиноград ұлттық құрамы жағынан өзге ұлттың еншісінде болатын. Депутаттардың ұлттық құрамы да сол цифрды айғақтайтын. Ашығын айтсақ, депутаттардың 80 пайы­зы орыс тілділер екен.

Тілі бөлектің – ділі бөлек. Бірден түсіністік табу оңай емес. Бірақ журналист Мұратбек Тоқтағазин үшін бұл қақпақыл тұста шындық тіреуі болды. 

Депутат Мұратбек Ресейге Нижний Новгородқа іссапармен барды. Ол кезде Ресейде Нижнийді қайта Горький атына қайтару жөнінде саяси-қоғамдық науқан жүріп жатты. Экономикалық шығындардың бәрін есептей келе, ол депутаттарға шынайы цифрды жеткізді. Қала атауын өзгерткенде бюджеттен 8 миллион емес, бар болғаны 800 мың сом жұмсалатынын бұлтартпайтын айғақтармен дәлелдеді.

Өзі қызмет істейтін «Социалистік Қазақстан» газетінде «Ақмола атауы үшін айқас» атты проблемалық мақала жариялады. Қоғамдық пікір оттай шарпыды. Республиканың бас газетіне 2 000-нан астам қолдау хаттар мен пікірлер түседі. Міне, ұлттық бірегейлік осы тұста айқын көрініп еді. Халық депутаттары Целиноград облыстық Кеңесінің төрағасы А.Браун бұдан әрі шоқпен ойнауға, халық рухымен ойнауға болмайтынын түсінді.

А.Браун Алматыға, Республикалық Ономастика комиссиясына, Жоғарғы Кеңес Президиумына ұсыныс хаттар жолдауға мәжбүр болды.

Шындық жеңді, газет жеңді, журналист Мұратбек Тоқтағазин жеңді. Қалаға Ақмола атауы қайтарылды.

Тұлғаны тану үшін осы дәйектер мен дәлелдер жеткілікті болар.

Қоғам өзгерді, жаңа заман келді. Тәуелсіздік туы көтерілді.

Мемлекет астанасы Ақмолаға көшетін болды. Тоғыз жолдың торабында тұрған Ақмолаға көшу үшін «Егемен Қазақстан» газеті де дайындала бастады. Осы газеттің Бас редакторы кезім еді. Мұратбек Тоқтағазинді газеттің Ақмола облыстық тілшілер қосынының жетекшісі етіп бекіттім. Сол кездегі газеттің бірінші орынбасары Ержұман Смайыл Мұратбектің ұйымдастырушылық, адами қасиеті туралы жақсы пікірлер айтты.

«Егемен Қазақстан» газетіндегі ағалы-інілі қызметіміз басталды. Шынында да, осы тұста Мұратбектің журналистік шеберлігі мен қалам қарымын, ұйымдастырушылық қабілеті жүрегіме жақын тиді. Ақмола қаласында «Егемен Қазақстан» газеті меншікті тілшілерінің республикалық кеңесін ұйымдастыруды жоспарладық. Облыс орталығында тұратын меншікті тілшілерді болашақ астананың инфрақұрылымдарымен таныстыру қажет болатын. 

Түпкі ниет – біреу, ол газеттің редакциясын Ақмолаға көшіру.

Республикалық кеңесіміз ойдағыдай өтті. Мұратбек қаладағы барлық мекемелердің басшыларын жақсы таниды екен. Үлкенмен үлкендей, кішімен кішідей, сыпайы, биязы, қажет жерінде талап та қоя білетін мінезін көрсетті.

Ақмола облысының әкімі Жәнібек Кәрібжановты, оның бірінші орынбасары Қуаныш Алпысбековті, Ақмола қаласының әкімі Аманжол Бөлекбаевты ертеден, Комсомолдың орталық комитетінде қызмет істеп жүрген кезімнен жақсы білетін едім. Оның үстіне, Қуаныш Алпысбековпен бірге ХІІІ шақырылған Жоғарғы Кеңестің депутаты да болғанмын.

«Егемен Қазақстан» газеті атынан Ж.Кәрібжановқа арнайы хат жазып, газет редакциясын Елордаға көшіру үшін ғимарат сұрадым. Өтінішіміз қолдау тапты. Жәнібек Кәрібжанов осы істі тікелей қадағалауды өзінің бірінші орынбасары Қуаныш Алпысбековке тапсырды. Халық депутаттары Ақмола қалалық Кеңесінің төрағасы, қала әкімі Аманжол Бөлекбаев екеуі сол кездегі Победа көшесіндегі тұрғын үйдің бірінің астындағы аумақты орынды ұсынды. Мұратбек екеуміз көріп шықтық, орталықта. Бірақ тұрғын үйдің асты ыңғайсыздау көрінді.

– Уәке-аға, Целиноград аудандық партия комитеті облыс аумағына көшіріліп жатыр. Әкім досыңызға кіріп, осы ғимаратты алып қалсаңызшы, – деді Мұратбек. 

Бұл ұсыныс көкейіме қона кетті. Ақ­паратты болу қандай жақсы. Мұратбекті алып, қайтадан облыс басшысына келдім. Қуаныш Алпысбековті көндіріп, үшеуміз Жәнібек Кәрібжанов­тың кабинетіне кірдік. Мән-жайды түсіндірдік.

– Дұрыс ұсыныс екен. Ұлттың бас газетіне бұл ғимарат таптырмайтын орын болады. Өзінің жер көлемі де аумақты. Өзің секілді дос келгенде мұны «Егемен Қазақстан» газетіне қалай қимаймыз, – деді Ж.Кәрібжанов.

Келісілген ғимаратты енді не істейміз? – деді ол орынбасарына қарап. 

Сөзге араласуға тура келді.

– Жәке, сол ғимаратты біздің тағы бір үлкен ұлттық басылымымыз – «Казах­­станская правда» газетіне берсеңіз қалай болар екен? – дедім.

– Ұлтымыздың екі бас басылымын алаламайық. Қала әкімі Аманжол Бөлекбаевқа тапсырамын, – деді Жәнібек Кәрібжанов, қолымды қысып.

Иә, осылай шешім қабылданды. Қол қойылды. Бірақ мұның бәрін рәсімдеу, талай-талай мекемелердің қолын алу сияқты толып жатқан құжаттарды реттеу сияқты іс-шаралар көп екен. Соның бәрін тынбай, зыр жүгіріп жүріп Мұратбек Тоқтағазин орындап шықты. 

...Мен 60-қа келгенде, Шерағаң, Шерхан Мұртаза: – Уәкем, 60-ты бір күнге бере тұршы, – деп еді.

– Шәке, менің алпысымды қайтесіз? Қасымызда елудегілер мен қырықтағылар толып жүр ғой.

– Әй, Уәкем-ай, 60 деген өзіңнен кейінгілермен де, өзіңнің алдыңдағылармен де тең жүре алатын «хитрый» жас қой, – деген еді. 

«Хитрый» жасың құтты болсын, Мұратбек!

Біліміңмен, ғылымыңмен, қаламыңмен, табиғи таза мінезіңмен ұзақ жаса, жақсы інім!

Уәлихан ҚАЛИЖАН,

ҚР ҰҒА академигі,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері